• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Мамыр, 2019

Сарапшылар бас қосты

853 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесі мен «Валдай» халық­ара­лық пікірталас клубы ұйымдастырған үшінші Қазақстан-Ресей сарапшылар форумы басталды. Оған Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин, «Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдар­ламалық директоры Андрей Сушенцов және өңірдегі басқа да жетекші саяси сарапшылар қатысуда.

Биыл үшінші жыл қатарынан ұйым­дастырылған форумды аш­қан Е.Қарин әлемдік геосаяси өзгеріс­тердің аясында Еуразия жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформация кезеңіне кіретінін атап өтті. Қазақстан-Ресей сарапшылары әр кезде түрлі алаңдарда бас қосып, ең өзекті мәселелерді талқылап, талдау арқылы еңсеріп келе жатқанын жеткізді. Ал биылғы іс-шара Қазақстандағы ең маңызды саяси оқиға – президенттік сайлау қарсаңында өтіп жатқанын әріп­тестерінің есіне салды.

– Осыдан үш күн бұрын сайлау науқаны басталды. Үгіт-насихат жұмыстары өте белсенді өтуде. Науқанға әртүрлі кандидаттар қа­тысуда. Оның ішінде оппозиция да бар. Сайлау алаңында ешкім де еш­кімді ығыстырмай, барлығына тең мүмкіндік, бұқаралық ақпарат құрал­дарына шығуға тең құқық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге де бірдей мүмкіндік берілді. Билік шы­ны­мен де ашық әрі бәсекелі сай­лау­дың өтуіне мүдделілік білді­руде. Бұл – Қазақстан Президенті­нің қағидатты ұстанымы. Елімізде бо­лып жатқан сайлау процесі тағы бір ауқымды процесс – билік тран­зиті­нің бөлігі саналады. Алдағы науқан­ды билік транзитінің шешуші кезеңі деу­ге болады, – деді Е.Қарин.

Президенттің кеңесшісі елде шынайы өзгерістер болып жатқанын, биліктің ашық диалогқа мүдделі екенін, саяси үдерістің белсенді жүріп жатқандығын да тілге тиек етті.

Жалпы, Қазақстан-Ресей сарапшылар форумына қатысушылар аймақ­тағы елдер өздерінің халық­ара­лық және аймақтық үдеріс­тер­дегі рөлін айқындап алуға тыры­сып жатқандарын баса айтты. Осыған байланысты өңірлік ынты­мақ­тас­тыққа ерекше маңыз берілуде.

Сонымен бірге халықаралық ахуал тұрақсыздық пен саяси және экономикалық ландшафтың дина­ми­калық өзгеруімен сипатталуда. Сол себепті де әлемнің аймақтық жә­не жетекші елдері арасындағы гео­­сая­си, экономикалық және тех­но­­ло­­гия­лық бәсекелестік артып келеді.

Сарапшылардың айтуларына қарағанда, бұл тұрғыда Қазақстан мен Ресей Еуразия экономикалық одағының маңызды стратегиялық серіктестері ғана емес, екі елдің ын­тымақтастығы Еуразиядағы өзара іс-қимылдың формасы мен маз­мұнын айқындайды.

Мәселен, «Валдай» қорының өкілі Андрей Сушенцов жаһандық геосаяси трансформация, Еуразия экономикалық одағының дамуы, Қытайдың аймақтағы сыртқы саясаты мен сауда соғыстары туралы айта келіп, біздің өңірдегі мамыражай ахуал әлемге үлгі болатынын атап өтті.

– Орталық Азия, Ресей мен Қытайдың қарым-қатынас­тарын­да бүгінге дейін қандай да бір дағда­рыс­тар тіркелген жоқ. Қарсылас ретінде де текетіресіп, бірін бірі жаға­дан алған емес. Бұл сенімге негіз­делген тұрақтылықты, өзара дос­тықты, оған қоса аймақтағы бұл­жымай орындалатын «ойын тәртібін» қарай отырып, Еуразияда дәл осындай жағдай орнайтын еді ғой деген ойға қаласың. Әрине бұған Еуропадағы қауіпсіздік шара­ларының теріс ықпалы болды. Ресей мен Еуропаның ара қатынасы шиеленіспегенде, Еуразияда дүрлі­гіс те, дүрбелең де болмас еді, – деді А.Сушенцов.

Сарапшылар екікүндік форумда Қазақстан-Ресей қатынастары мен екі елдің арасындағы медиасерік­тес­тік, Орталық Азиядағы жаңа ын­ты­мақтастық контурлары, сон­дай-ақ әлеуметтік шарттар­дың өз­геруі тәрізді өзекті мәселелер­ді тал­­қыға салады. Сонымен қатар екі ел­дің арасындағы халықаралық күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді, аймақтық саясат пен қауіпсіздік саласындағы соңғы оқиғаларды талдап, арадағы эко­номикалық және гуманитарлық байланыстарды қалыптастыру мен нығайту мәселелері бойынша пікір алмасады.