• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Мамыр, 2019

Құдайы нан таратқан құлыншақ

2287 рет
көрсетілді

Сағат ондарда балконнан қарағанымда көктемгі жай­машуақта аулада ойнап жүрген бірен-саран балаға көзім түсті. Сәлден соң көрші кіреберістен тәрелкесіне же­ті шел­пегін алып шыққан келін­шек­ті байқадым. Шатырлы сә­кіде сөйлесіп отыр­­­­ған екі-үш ересектеу жігітке бір­нешеуін ұс­тат­қан келіншек әлгі ойнап жүргендердің ішінен он-он бір жас шамасындағы қыз балаға тә­релкесіндегі қалған екі шел­пек­ті беріп, әлдене деп тапсыр­масын айтты да боса­ған тә­рел­­кесімен үйге қайта кіріп кетті.

Мен де іште әңгіме-дү­кен құрысып, шай үстінде отыр­ғандарға тезірек қосыла кетуім керек еді. Бірақ екі қолына екі шелпек ұстаған әлгі кішкентай қыз­дан көзімді айыра алмай қарап тұрып қалдым. Әлгі қыз­ қолындағысымен оң жақ бү­­йірдегі қарама-қарсы көп қа­батты үйдің алдына шейін ба­рып келді. Ол алаңқайда жан адам жоқ. Шелпекті қыз қасындағы бірге ойнап жүр­ген үш-төрт құрбысын күт­тіріп қойып, енді сол жақ бү­йірдегі көп қабатты үй­дің кө­ліктер самсап тұрған ас­фальт­ті алаңқайына барып, жан-жағына қарайлап жүр. Ол жақта да ешкім жоқ екенін мен көріп тұрмын. Жаңа піскен шел­пектің иісі мұрын жарды ма екен, кім білсін, қолындағы бір шелпектің шетінен шыдамай бір тістеп жеп, келесі үй алдына қарай бұрылып бара жатқан қыздың соңынан енді оны ошарыла күтіп, ортадағы ойын алаң­қайында үнсіз телміріп тұрған достары бірге ілесті. Бір-біріне параллель және қарама-қарсы орналастырылған көп қабатты төрт тұрғын үйден тұратын бұл орамның ортасы биік қабаттардың балкондарынан қарағанға алақандағыдай. Екі жапырақ құдайы нанды тарататын адам таппай әрі-сәрі болған кішкентай қызды аяғаным сонша, сілекейі шұбырып соңында жүрген қасындағы достарыңа бере бер деп айтқым келді. Өз үйім емес, оның үстіне жоғары қа­бат­тан айқайласам, дауысым таңғы тынық ауаны жарып, бүкіл ауланы жаңғыртып, танымайтын көрші-қолаңдарды үркітіп жүрермін деп бір ұял­дым. Сонда да жақындау келсе айтайын деп бөгеліңкіреп ем, әлгі қыз қасындағыларға наннан үзіп бермек тұрсын, қарайламай, автокөліктердің жолын кесіп өтіп, келесі орам­ның тротуарына түсіп кете бар­ды. Артына, жан-жағына айнала бұрылып, адам іздеп барады. Обал-ай! Иіс шығарып, жеті шелпекті пісіруін пісіріп, жұмада басқаларымыздан бұ­рын өз әйелдік ісіне пы­­сық­­тығын танытқан жас ке­лін­шекке қанша риза болсам, оның жұмсап жіберген қызына жаным сонша ашыды. Ойын баласының қанша уақыты бос­қа кетті. Екі шелпекті тарататын адам таппай ары-бері қанша әуре болды. Әне, ол қыз анааоооу, көз ұшында кішкен­тай нүктеге айналып алыстап ке­тіп барады. Қарағыштап, ай­налшықтап жүрген оның жолында әлі бір үлкен адам кезіккен жоқ. Шыдамай бағана бір тістеп алған жері кертіліп тұрған шығар. Бірақ «жеті шелпектің» тылсым қасиетін білетін кішкентай балапан қанша жеп қойғысы келсе де өзін тыйып, тәтті шелпекті өзгеге үлестіріп, «Құдайы қа­был болсын!» деген тілекті есту үшін Адам іздеп кетті. Айна­лайыным-ай!..

 

Үміт БИТЕНОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі