• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2019

«Ауыл қамқоршысы» неге тоқтап қалды?

903 рет
көрсетілді

Қазақ поэзиясының патриархы, Қазақстаның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі ертеректе жазған өлеңдерінің бірінде «Ұмытып бара жатсаң борышыңды, арала атамекен қонысыңды. Ажары қашқан ауыл еске салар, халқыңа азаматша болысуды», деп төгілдіре жырлаған екен. Қазіргі кезде ауылдық аумақтарды жаңғырту ісіне кәсіпкерліктің басы-қасында жүрген туған топырағының төл перзенттері үлес қосып жүр.

Былтыр Ақтөбе облысын­да «Ауыл қамқоршысы» атты­ бірегей жобаны жүзе­ге асы­ру қолға алынды. «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіп­кер­лер­ палатасының өңірдегі бө­лім­шесі бастамашы болған жо­баға облыс әкімдігі де әжеп­тәуір қолдау көрсетті. Сәтімен басталған ілкімді істің алғашқы нәтижелері де көңілге қон­ғандай еді. Бұған өткен жылы өңірдегі шағын және ірі деңгейдегі бизнес өкілдерінің 2 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсағаны дәлел.

«Ауыл қамқоршысы» жо­­басын жалғастыру үшін биыл облыс аумағындағы 199 елді мекенде 344 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ауылға қаржылай қолдау көр­сететін бизнес өкілдері мен­ меценаттардың қатары 289 адамды құрайды. Яғни, ауыл қамқоршылары биыл об­лыстың елді мекендерінде құны 2 миллиард 600 миллион теңгеге тең әлеуметтік-тұрмыстық ба­ғыттағы нысандарды пай­да­лануға бе­ру көзделген. Осын­дайда бүгінде нақты істің жай-күйі қандай деген са­уал туын­дайды. Біз көкейдегі ой-пікірімізді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық бөлімшесінің төр­айымы Анар Даржановаға жеткізген едік. Ол қапелімде «Ауыл қамқоршысы» жоба­сы­на қатысты қандай жа­уап қайтарарын білмей, палата бөлімшесінің бір оты­рысында бұл мәселе қарал­ға­нын айтып берді. Әйтсе де, атамекендіктердің басқо­суын­да нақты қандай шешім қабылданғаны айтылмады. Жоғарыда айтылған ауылға қамқорлық көрсетуді көздеген 289 бизнес өкілі қайда жүр? Санамызға қонақтаған сауал­дың бір төркіні осы. Арада тағы да бірнеше күн мен апталар өтті. Осы уақыт ара­лы­ғында «Атамекеннің» ай­мақ­тағы бас өкіліне қайта-қайта сауал қоюмен болдық. Әйтеуір бірде Темір ауданында Өмірбай Жайлышев есімді ел азаматы 150 орындық балалар бақшасын салуға бел буғанын айтып берді. Анар Жаржанованың жөн сілтеуі бойынша оны Темір ауданы әкімінің орынбасары Марат Мұңайтпасов арқылы тауып алып, бастаған қадамына сәт-сапар тіледік.

Алайда Ө.Жайлышевтің мәлімдеуінше, оған бала­лар бақшасы ғимаратын тұр­ғызу үшін бөлінген жер аума­ғы тарлық етеді екен. Сон­дықтан ол бұл мәселе түбе­гейлі шешімін тапты деп айтуға болмайтынын жет­кіз­ді. Бұған жер мамандары мен­ сәулетшінің түбегейлі ше­шімі керек көрінеді. Оның үс­тіне дәл осы жер телімі тұ­сы­нан «Қазақтелекомның» жерасты байланыс желілері өте­ді. Мұның өзі кәдімгідей қолайсыздық келтіріп тұр, дейді Ө.Жайлышев.

Осы арада «Ауыл қам­қор­­шы­сы» жобасы бойын­ша оң мысал айтудың да орайы келіп тұрғандай. Яғни, қазіргі кезде өңірге белгілі кәсіпкер, «Наурыз-СИН»  ЖШС дирек­то­ры Ибрагим Сәрсенбаев «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл қам­қоршысы» әлеуметтік жо­балары шеңберінде шалғай­да­ғы Ырғыз  ауданында балалар спорт кешенін салуды қолға алыпты. Бұл үшін ол өз есебінен 20,5 миллион теңге қаражат бөлді. Әйтсе де, мұндай мысал саусақпен санап аларлықтай аз екені айқын.

Аталған жобалар жоға­рыда айтылғандай ауылдық аумақ­тар­ды қайтадан жаң­ғыртуға септігін тигізе алуы­мен құн­ды. Тұтастай ал­ғанда, облыс­та өткен жылы қолға алын­ған «Ауыл қам­қор­шысы» жо­ба­сының қар­қыны бәсеңдеп қалғаны қын­жылтпай қой­май­ды. «Еш­тен кеш жақсы» демей ме халқымыз. Туған жері алдындағы қарызы мен пары­зын ұмытпай, т­у­ған топы­рағына жанашыр бола білетін азаматтар бұл іске тағы да бет бұр­са, «Ауыл қамқоршысы» жо­басы қай­та­дан қолдау тауып кететініне ешқандай күмән жоқ.

 

АҚТӨБЕ