Қостанайдағы Жеңіс саябағы – облыс орталығындағы көрікті орынның бірі. Майданда ерлік көрсеткен қостанайлық жауынгерлерге қойылған бас ескерткіш, боздақтар тізімі, Мәңгілік алау және соғыс техникаларының ашық аспан астындағы музейі қатарына жуырда соғыс жылдарындағы медбикенің мүсіні қосылды. Иығына ілген автоматы, жанында дәрі-дәрмек салынған сөмкесін артып қойған иті бар медбике жау оғынан жарадар болған жауынгерлерге жетуді ойлап, өжеттене қарап тұр. Олар соғыста талай жауынгерді ажал тырнағынан аман алып қалды. Жарадар жауынгерлерді тасып жүріп, медбикелердің өздері де оққа ұшты.
Ескерткішті орнатқан ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бек Жүсіповті бұл ой осыдан 5-6 жыл бұрын мазалаған екен.
– Денсаулығым үшін Есентукиге барғанымда медбикеге қойылған мүсін мені толқытып жіберген еді. Айтары болса қара тас та кәдімгідей жүрегіңді жылытады екен. «Мұндай ескерткіш бізде неге жоқ?» деп ойладым. Қостанайға келген соң белгілі азамат Жанділда Мақановқа ойымды айттым. Мен ауылдағы шаруа баққан, жер күткен кәсіпкермін. Ол кісі білімді, саясаттан, тарихтан, мәдениеттен хабары мол адам ғой. Ол ойланып, «өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ескерткіштің әскери медбикеге қойылғаны дұрыс деген пікірін айтты. Өкініштісі, тағдырдың ісімен өткен жылы Жанділда Қожахметұлы қайтыс болып кетті. Мен осы бастаманы аяғына дейін жеткізуді ойладым, – дейді Бек Жүсіпов.
Бек аға бұл іске өткен күзден бастап кіріседі. Алғашқыда оны жүре тыңдағандар болғанымен, іс сәтімен жүзеге асты. Өзінің ойын, бастамасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке айтқанда, ол бастаманы бірден қоштады. Бекең де ойға алған ісіне шабыттана кірісіпті. Ескерткішті Ақтөбе қаласындағы шеберлерге пластиктен құйдырып әкелді.
– Мұндайда жалғыз жүгірдім деуге болмайды, жақсылардың қолдау-көмегінсіз не істей алар едім? Архимед Бегежанұлына және игі іске жанашырлық танытып, көмегін бергендерге рахметімді айтамын, – дейді Бек аға.
Саябаққа келгендер медбике ескерткішінің алдында сәл кідірмей өте алмайды. Жүрегі мейірімге толы, қолы шипа жандардың ажалға қарсы тұрар арпалысы бүгін де жалғасып жатыр. Қазір де науқастарды құрақ ұшып күтетін медбикелер жұмысы жеңіл емес. Еңбекқорлық пен мейірімділікті бойына жиған, керек кезінде ерлікке даяр жанның тас бейнесі барша қауымның жүрегіне шуақ құяды. Ізгілік қонған жерде медбикенің де орны бар.
ҚОСТАНАЙ