Елорда мен Ыстанбұл арасында қатынайтын ұшақтар күніне екі рет жолаушы тасымалдайтын болады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Азаматтық авиация комитеті Нұр-Сұлтан қаласы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатынау мүмкіндіктерін арттыру үшін түрлі шаралар қабылдауда. Биылғы маусым айынан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Нұр-Сұлтан - Ыстанбұл арасындағы әуе рейстерінің санын аптасына 5 реттен 6-ға көбейтеді. Қосымша рейстер А320 кемелері арқылы жүзеге асады», делінген таратылған ақпаратта.
Комитеттің хабарлауынша, шілде айынан бастап түркиялық Turkish Airlines компаниясы екі қала арасындағы әуе рейстерін аптасына 5 реттен 7-ге арттыруды көздеп отыр. Осының нәтижесінде аталмыш қалалар арасына қатынайтын ұшақтар аптасына 13 рет жолаушы тасымалдайды.