Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтуға арналған. Жәрмеңкеге 150-ден астам жұмыс беруші қатыспақ. Олардың қатарында жоғары және орта арнаулы оқу орындары, қалалық, аудандық білім басқармалары, жалпы білім беру ұйымдары мен Назарбаев зияткерлік мектептері бар.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты өлшемі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өткен болатын. Осы орайда педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің бір тетігі болып отыр, бүгінде. Сонымен қатар бұл шара ұстаз беделінің қоғамдағы рөлін көтеруге де өз септігін тигізбек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану және өнер саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша өткізілмек. Жиын барысында студенттер білім, ғылым, өнер және спорттағы жетістіктері жайлы арнайы портфолиолары көрмесін өткізіп, тұсаукесер жасайды.
Жәрмеңке жоғары оқу орындары түлектеріне өздерінің мамандығына сәйкес бос жұмыс орындары туралы мәлімет алуға мүмкіндік тудырса, ал жұмыс берушілер үшін жас мамандардың іскерлік қасиетін бағалап, білімі мен біліктілігін анықтауға септеседі.
Шара аясында «Еңбек нарығындағы сұраныс және әлеуетті жұмыс берушілермен ынтымақтастық» тақырыбында жиын өтеді. Алқалы басқосуда жоғары оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер түлектерді жұмыспен қамтудың мәселесін талқылап, өзара келісім жасамақ. Сондай-ақ «Head hunter» компаниясының өкілдері тақырып турасында және мансапты құру мақсатында арнайы шеберлік сыныбын жүргізеді.