• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Мамыр, 2019

Қызылорда облысында 100 орындық аурухана салынады

947 рет
көрсетілді

Жалағаш ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді және аудандық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Облыс әкімі Жалағаш ауданының тұрғындарын Қасиетті Рамазан айымен және жаңа аурухана құрылысының басталуымен құттықтады.

- Жақында өңірімізде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмыс сапарымен болды. Мемлекет басшысы Сыр бойы елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір екенін айтып, біздегі кәсіпкерлік, индустрияландыру, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Бұл бағалауда Сіздердің баршаңыздың туған жерімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бар екенін атап өткім келеді. Бүгін міне, Жалағаш ауданында да сол игілікті істі жалғастырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысын салуды бастағалы отырмыз. Ауданда жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталған аурухана салу өзекті мәселелердің бірі болатын. Бұрынғы орталық аурухана 1997 жылы асар әдісімен салынған. Дені сау адамның қашан да қоғам байлығы екені белгілі. Сондықтан, біздің міндетіміз - халықты сапалы және қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ете отырып, заманауи аурухана, емханаларда ем алуына жағдай жасау»,-деді аймақ басшысы.

Аурухана құрылысын аяқтау келер жылға жоспарланып отыр. Жалпы, Сыр өңірінің елдімекендерінде тек соңғы 2 жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұл нысандардың дені – ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Олардың барлығы заманауи жабдықталған, сондай-ақ, дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.

Аудан тұрғындарының өзекті мәселесінің шешім тапқаны үшін денсаулық сақтау саласының ардагері Сахи Қалыбаев облыс әкіміне алғысын білдірді.