Өткен сенбі күні Астананың бел ортасын бөліп тұрған Есіл өзені үстінде дәстүрлі “Бұрқасын – 2010” шаңғы фестивалі өтті.
Бірден айтар болсақ, бұл шаңғы фестивалі деген аты болмаса, шын мәнінде оны бірнеше спорт түрін қамтыған бұқаралық спорт мерекесі деуге болады. Дәстүрлі шаңғы жүгірісі басталмай тұрып балалардың допты хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, дартс сайыстарына көзайым болдық. Ең қызығы қар үстіндегі күрес болды. Кәдімгі қар үстінде бірін-бірі алып-соғып жатқан балуандардың қыстың ызғарынан жаурағанын байқамадық, қайта күрескен сайын бу-бу болып бұрқырап белдеседі.
Ұзын саны мыңға жуық әуесқой спортшыларды тоғыстырған “Бұрқасын” фестивалін Астана қаласы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғамбаев ашып, осы шараға арнайы қатысқан Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов жиналған барша қауымды дәстүрлі спорт мерекесімен құттықтап, мұндай шаралар Елбасының биылғы Жолдауына қатысты айқындалған міндеттерді орындаудың игі бастамасы болып отырғанын атап өтті.
Шаңғы жарысының бірінші бәсекесіне еркін қимылға мүмкіндігі шектеулі, яғни мүгедек қатарындағы азаматтар шықты. Бұл бәсекеге негізінен қаладағы “Қайсар” мүгедек спортшылардың арнайы мектебінің тәрбиеленушілері қатысқанын атап өткіміз келеді. Есілдің үстіне жиналған барша жанкүйерлердің қызу қолдауымен өткен бұл жарыста Марат Ермекбаев чемпион атанса, оның командалас серіктері Сергей Яковлев пен Анатолий Кожемякин екінші және үшінші орындарды бөлісті. Нағыз қайсарлық танытқан бұл спортшыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева ерекше ілтипатпен құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Осыдан кейін сайыс жолына алды алпыстан асқан, соңы жетпіске жеткен ардагерлер түсті. Тағы да жанкүйер қауымның қолпаштауы күшейді. Бұл жарыста Сергей Тишков пен Сайын Иманғажин сынды ардагерлер жеңіс тұғырынан көрінді. Ал қалған жеті қашықтық бойынша өткен сайыстарда Айғаным Жұмағұлова, Ілияс Жұмағұлов, Камила Баранник, Андрей Гриник және басқалары дәстүрлі жарыстың жүлделеріне ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН.