• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2010

ЕҢ ҚЫЗЫҒЫ – ҚАР ҮСТІНДЕГІ КҮРЕС

734 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні Астананың бел ортасын бөліп тұрған Есіл өзені үстінде дәстүрлі “Бұрқасын – 2010” шаңғы фестивалі өтті. Бірден айтар болсақ, бұл шаңғы фестивалі деген аты болмаса, шын мә­нін­де оны бірнеше спорт түрін қам­ты­ған бұқаралық спорт ме­ре­ке­сі деуге бо­лады. Дәстүрлі шаңғы жүгірісі бас­тал­май тұрып балалардың допты хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, дартс са­­­йыс­тарына көзайым болдық. Ең қы­зығы қар үстіндегі күрес болды. Кәдімгі қар үстінде бірін-бірі алып-соғып жат­қан балуандардың қыстың ыз­ғарынан жаурағанын байқамадық, қайта кү­рес­кен сайын бу-бу болып бұрқырап бел­деседі. Ұзын саны мыңға жуық әуесқой спорт­­шы­ларды тоғыстырған “Бұр­қа­сын” фестивалін Астана қаласы туризм, дене тәрбиесі және спорт бас­қар­ма­сының бастығы Айталап Қор­ғамбаев ашып, осы шараға арнайы қатысқан Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Елсияр Қана­ғатов  жиналған барша қауымды дәстүрлі спорт мерекесімен құттықтап, мұндай шаралар Елбасының биылғы Жолдауына қатысты айқын­дал­ған міндеттерді орындаудың игі бастамасы болып отырғанын атап өтті. Шаңғы жарысының бірінші бәсе­ке­сіне еркін қимылға мүмкіндігі шек­теулі, яғни мүгедек қата­рын­дағы аза­маттар шықты. Бұл бәсе­кеге негізінен қала­дағы “Қайсар” мүгедек спорт­шылардың арнайы мек­тебінің тәрбие­ле­ну­шілері қатысқанын атап өткіміз ке­леді. Есілдің үстіне жиналған барша жанкүйерлердің қызу қолдауымен өткен бұл жарыста Марат Ер­мек­баев чемпион атанса, оның командалас серіктері Сергей Яковлев пен Анатолий Ко­­же­мякин екінші және үшінші орын­дарды бөлісті. Нағыз қайсарлық та­нытқан бұл спортшыларды Астана қаласы әкімінің орын­басары Аида Балаева ерекше ілтипатпен құт­тық­тап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Осыдан кейін сайыс жолына алды алпыс­тан асқан, соңы жетпіске жеткен ардагерлер түсті. Тағы да жан­күйер қауымның қолпаштауы кү­шейді. Бұл жарыста Сергей Тишков пен Сайын Иманғажин сынды ар­дагерлер жеңіс тұғырынан көрінді. Ал қалған жеті қа­шық­тық бойынша өткен сайыстарда Айғаным Жұ­мағұлова, Ілияс Жұма­ғұлов, Камила Баранник, Ан­­дрей Гри­ник және басқалары дәстүрлі жарыс­тың жүл­делеріне ие болды. Дастан КЕНЖАЛИН.