Сенбі, 23 ақпан 2013 7:12
Соның арқасында бұл елге екі туып бір қалғанымдай бауыр бастым, дейді белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай
– Тұрсын Құдакелдіұлы, әлем мемлекеттері арасында мәдени-рухани жәдігерлер алмасудың өзіндік қалыптасқан үрдістері бар ғой. Бұл үлгілердің ғасырлар бойы бір елдің құнттылығы мен тиянақтылығы арқылы екінші жұрт тарихына тигізіп келе жатқан пайдасы өте зор.
Сенбі, 23 ақпан 2013 7:12
Соның арқасында бұл елге екі туып бір қалғанымдай бауыр бастым, дейді белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай
– Тұрсын Құдакелдіұлы, әлем мемлекеттері арасында мәдени-рухани жәдігерлер алмасудың өзіндік қалыптасқан үрдістері бар ғой. Бұл үлгілердің ғасырлар бойы бір елдің құнттылығы мен тиянақтылығы арқылы екінші жұрт тарихына тигізіп келе жатқан пайдасы өте зор.
Сұхбатымыздың беташарында осы жағдаятқа тоқталып, оны танымдық тұрғыдан нақты-нақты мысалдармен тұжырымдап өтсеңіз.
– Қазіргі өркениет тұрғысынан алғанда, бүгінгі жетекші мемлекеттердің экономикалық дамуы мен рухани үстемдігінің кепілі, туристік саяхаттардың «алтын жүлгесі» болып отырған «мәдени-рухани тұрғыдағы жәдігерлер алмасудың қалыптасқан» үрдісі тарихи трагедияға толы. Сонау қадым ғасырдағы Дарий патшаның Құдыстағы қасиетті асыл тас пен құдайы аса таяқты Бабыл империясының қазына сарайына алып келгенінен басталған «үрдіс» Александриядағы миллиондаған жәдігерлер мен жазбалардың музеумға жинақталуына, үндістер мен перғауындар өркениетінің ғажайып ескерткіштерінің тоналуы мен қолды болуына жалғасты. Мұндай талан-тараждан біздің даламыз да айтарлықтай зардап шекті. Атақты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кешенінің ескерткіштері мен алтын құймалары Ресей империясы мұрағаттарының еншісіне айналды. Өзгені былай қойғанда, есепке тіркелген 42 мыңнан астам дала жазба ескерткіштерінің 40 мыңға жуығы өзінің табиғи әрі тарихи Отанынан жырақта: Германия, Франция, Ресей, Англия мемлекеттерінде қалып отыр. Ал Қияқтыдағы (Ресей) біржарым ғасырдан бері үйіліп жатқан көне түркі ескерткіштерінің тағдыры жаныңды жаралайды. Қазір бұл тарихи мұралар кезіндегі отарлаушы елдердің табыс көзінің тең жартысынан астамын құрайтыны белгілі. Саяхатшылар мен ғалымдар, соның ішінде қытай зиялылары да өзінің тарихи мұралары мен жазбаларын кезінде қанжығасына байлап кеткен сол елдерге барып зерттеуге мәжбүр.
Мұны айтып отырған себебім, бізге көне мұралардың қазынасындай көрінетін қытай жұрты өзінің тарихи құндылықтарының қолды болуы жағынан Мысыр мен үндістерден кейінгі орында тұр. «Апиын соғысы», «сегіз мемлекеттің жаугерлігі», «гоминдаң» тұсында өркениет жетістіктері мен тарихи жазбалар, мемлекеттік архивтер түбірімен қолды болыпты. Бейжіңдегі әйгілі еуразиялық көне өркениеттің асқан үлгісі, Галикарнас мавзолейімен теңдестіре бағаланған «Юань миң юань» патша бақшасындағы алтын жалатқан қабырғалар мен өрнектерді жатжерліктер 1860 жылы жұрнағын да қалдырмай әкетіпті. Эмиль Золя мұны «шығыс өркениетінің бата оқыры» деп атаған еді. Қазіргі жарияланып жатқан көне мұралардың дені шетелде жиырмасыншы-елуінші жылдары белгілі болған жәдігерлер. Соның ішінде, түркі халықтарының тарихы мен тағдырына тікелей қатысты Дунхуандағы керіштен ойылған таңғажайып мінәжатханадағы көне түркі, қытай, тибет, санскрит, соғда сияқты 17 тілде жазылған (соның ішінде хұдам бітік, яғни түркі әрпімен кестеленген 10 мың, қытайдың таңба жазуымен жазылған 58 мың орам) жазба мұраларды 1907 жылы Уаң Даушы деген тақуа тегі мадьяр Стейнге сатып жіберіпті. Ол бұл қолжазбаларды 60 сандыққа салып, 36 түйеге артып, Еуропаға алып кетіпті. Оған Козлов сияқты Ресей атжалмандары араласып, Стейннен қалған қолжазбаларды өз иініне тартып Эрмитажға өткізген. Қазіргі Санкт-Петербургтағы Шығыстану институтындағы қолжазбалардың дені сондай талан-таражбен келген мұрағаттар. Осы күндері Қытайдағы ең даулы мәселе: «Стейн мен Уаң даушы «мәдениет қарақшысы ма, жоқ өркениетті құтқарушы ма? Егер ол қолжазбалар үңгірдің қуысында тығулы күйінде жата берсе, не шіріп кетсе, табылған күннің өзінде «мәдени төңкеріс» тұсында жойылып кетер ме еді?» деген сұрақтың жауабын табуда болып тұр. Жұбаныштысы, ол қолжазбалар Еуропаның табалдырығын аттасымен зерттеле бастапты. Соның желісінде немістер мен француздар іргелі жетістіктерге жетіпті. Ең алғаш рет 1916 жылы Мюллер ғылыми хабарлама жасағаннан кейін барып түркітану ғылымының екінші бір тынысы ашылып, бұрынғы көне сириялық қаріп негізінде түзілген наймандардың «хұдам бітік» аталған сүйретпе жазуына «ұйғыр жазуы» деген жанама ат беріліпті. Сөйтіп, «мәдени алмасулар» барымта арқылы іске асыпты. Ең соңғы бөліс екінші дүниежүзілік соғыстың бас-аяғында жүргізіліпті. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған соң ғана заңды тұрғыдан реттеле бастағаны мәлім.
Ал бұл жылдары Қытайдың ішкі қоғамының өзінде ұлт-азаттық қозғалыс басталып, бүкіл елдің басын біріктірудің кепілі – таңбалы әріпті жеңілдетіп өзгерту реформасы, жапон соғысы, гоминдаң мен гунсаңдан қозғалыстары қоғамды жанталастырып, «мәдени-рухани алмасу» міндетін атқаруға мұршасы келмеді. Ал біз бұл уақытта мәтіндік және түсіндірмелік тұрғыдан ескірген И.Бичуриннің тәржімаларын, не шетелдіктердің екінші, не үшінші көзқараспен пайымдалған құжаттары мен зерттеулерін пайдаланумен шектелдік. Л.Н.Гумилев те сол сарынға жүгінді.
Сексенінші жылдардан бастап Қытайдың көне жазбалары ерекше қарқынмен және жедел қолға алынды. Шетелдегі жәдігерлердің көшірмелері шұғыл жинақталып, басылды. Сөйтіп, жетпісінші жылдардың соңына қарай, яғни «барлық қақпа сыртқа қарай еркін ашылған соң», «мәдени алмасудың» негізгі бағыты сырттан ішке қарай жүргізілді. Жалпы, Қытайдың «мәдени алмасу үрдісіне» келетін болсақ, онда «теңізді түптен қозғауға» тура келеді. Қытай философиясы мен әдебиеті тарихының кілті мен көңілін таппасаң, бұл ұлттың құпиясын атом ядросының күшімен де жара алмайсың.
– Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін барлық ақпарат көздеріне Қытай мемлекетінің есігі жабық болғаны өзіңізге мәлім. Ендігі жерде бұл елден біз тарих, руханият, ғылым салалары бойынша нені іздеуге тиіспіз? Егемендіктен кейінгі жиырма жылдан аса уақыт ішінде қандай құндылықтарға қол жеткіздік?
– Алпысыншы-сексенінші жылдары Қытай мемлекеті сыртқа ғана жабық мемлекет болып қалған жоқ, мемлекеттің өз ішінде де «жабық» саясат ұстанды. Қоғамдық ғылыммен емін-еркін айналыса алатындай мүмкіндік ешкімде болған жоқ. Мысалы, елуінші жылдары Орталық ұлттар институтында қазақ кафедрасын ашқан, сол жылдары «Майтри смит ном бітікті» көне түркі тілінен аударған ғұлама Гың Шымин өзінің зерттеулерін сексенінші жылдары Германияда жалғастырып, жария етті. Ол жұмыс 2006 жылы ғана Бейжіңде басылып шықты. Архив, кітапхана сияқты мекемелердегі көне қолжазбалармен жұмыс істеудің өзі тәуекелдің ісі болатын. Демек, бұл жылдары екі елдің арасындағы тікелей байланыстың болмағаны түсінікті әрі өз республикамыздағы архивтерге шектеу қойған Кеңес өкіметі қазақ тарихына қатысты екінші бір елдің мұрағаттарымен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін. Алпысыншы жылдарға дейін екі жақ аса тату-тәтті, алпысыншы-сексенінші жылдары қырғиқабақ саясат ұстанғандықтан, ғылыми-зерттулер де саясатқа бейімделді. «Бұл елден біз тарих, руханият, ғылым салалары бойынша нені іздеуге тиіспіз», дегенге келетін болсақ, оны шартты түрде мынадай тақырыптарға жүйелеуге болады: бірінші және ең ділгер бағыт – біздің жыл қайыруымыздан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы көне қытай таңба жазуымен жазылған, өздері «24 тарих» деп атайтын патшалар әулетінің жазба мұраларындағы хұн, сақ, түркі жұрттарына қатысты тарихи жәдігерлердегі әртүрлі жанрды қамтитын деректер. Біз әзірше Сыма Сияньнің және Бань Гудің ХІХ ғасырдағы орыс тәржімесіндегі мағлұматтарын дерек көзі ретінде талдаумен шектеліп келеміз. Одан бері иероглифті оқудың жаңа әдісі мен тәсілдері жасалды. Иероглиф пен мәтіннің мазмұндық астарына, тарихи оқиғаларға, «жатжұрттықтардың» атаулары мен қоныстарына, тектеріне түсініктер берілді. Бұл өте маңызды мәселе. Қоғамтану саласындағы кез келген профессор оқи алмайтын, бір сызығы қате кетсе, мәтіннің бүкіл мазмұны асты үстіне төңкеріліп түсетін ежелгі таңбалық қаріппен жазылған тарихи жазбаларға толық түсінік берген Сыма Сияньнің 12 томдық басылымын осы жолы сатып әкелдім. Енді соған сүйеніп жаңа тәржімелер жасауға болар деп ойлаймын. Бұдан өзге де әр патшалықтың әулеті тұсындағы түрлі тақырыптағы баянхаттар, мағлұматтар, сипаттамалар, мінездемелер, хаттар, жолсапарлар, жанама деректер жеткілікті. Әсіресе, Таң патшалығы мен Түркі қағанаты тұсындағы жәдігерлер мен жазбалар, ескерткіштер, суреттер ерекше қадағалауды қажет етеді. Мен осы сапарда бір кездері Бумын мен Тоныкөктер іргесін ажыратқан тұстағы Таң патшалығының астанасы, Қытайдың ұлы қорғаны басталатын көне Шиань қаласындағы Таң Тайзұң мен қатын патша Узы Тянның бір шоқыны түгел алып жатқан зиярат кешенінің алдында олар қайтқанда көңіл айта келген шетел елшілерінің түр-түсі, бойы, киімі айнытпай қашалған, олардың кім және қай елден келгені туралы мағлұматтар жауырындарының ортасына ойылып жазылған жетпіске тарта мүсінді көрдім. Өкінішке қарай, ескерткіштің бастары мен жазулары қасақана жойылған (біреулер түркілердің, біреулер мәдени төңкерістің тұсында дейді). Солардың арасынан тура сіз бен біздің бала жасымыздан көріп, ұстап, белге тағып өскен кісе тағынған мүсінді көргенде таңғалдым. Оқшантайы, кездігі, ойық баспасы, өрнегі, ілгешегі, белдікбасы біздің мұражайлардағы кісемен дәл келеді. Әрине, жазуы өшкен. Таң әулетінің өзі түркі қағандарымен кіндіктес Ли әулетінен шыққанын және тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлының монографиясына арқау болған. Бұрын ғылыми айналымға түспеген 6 көне түркі жазба ескерткішінің осы Шианьнан табылғанын ескерсек, ондағы тарихи ескерткіштердің әлі де арнайы қоймада «сүрленіп» жатқаны анық. Тек осы Таң дәуірінің өзінен түркілерге қатысты қаншама тарихи әфсаналарды табуға болатынын елестетудің өзі ғанибет.
Осыдан алты жыл бұрын барған сапарымда сұхбаттасқан, ХХ ғасырдағы ұлы археологиялық жаңалық – Шианьдағы Шихуанди патшаның (б.д.б. ІІ ғасыр) қазасына орай көмілген жер астындағы он мың атты әскердің ескерткішін ашқан диқан Яң Жы Фа қарияның олжасына қатысты таңғажайыптардың бір парасын ашуға қытай ғалымдары қазірде дайын, тек әлдебір сәт сағатын күтіп отырған сыңайы бар. Соның ішінде көшпелілерге, оның ішінде түркі дүниесіне қатысты ескерткіштер мен жәдігерлердің үш тоғыз боп кездесетініне еш күмәнім жоқ. Бұл бағытта Жақып Мырзахан ағамыз бастатқан зиялы қауым құрастырып, аударған «Жұңго (Қытай) тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты көп томдық жинақты ерекше атап өту қажет. Жалпы алғанда, осы ежелгі кезеңдер туралы бауырластарымыз жариялаған деректерді бір ізге түсіре отырып Қазақстанда көп томдық басылым етіп жарияласа, көне деректерге деген кепкен ындымыздың сусыны бір қанып қалар еді. Әзірше, көне қытай жазбаларындағы түркі тарихы мен руханиятына қатысты жарияланған еңбектердің қатарына «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған «Көне қытай деректеріндегі түркілік әдеби үлгілер (б.д.д. Х ғ. бастап ХІХ ғ. дейін)» атты бір томдық өлеңдер жинағын, Тұрсынхан Зәкенұлының «Тастағы тарих: көне түркі ұстындарының қытайша мәтіндері», «Майтри смит ном бітік» (екі том), «Арыстан хан», «Бидайық хан», «Мұзбұршақ хан» атты еңбектерді жатқызуға болады. Мысалы:
«Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,
Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.
Семсердей болмаса да өткір жүзі,
Үш құлаш өрімінің ұзындығы.
Дойырды жібергенде бір үйіріп,
Түменді бір кісідей тұрды иіріп», –
деген Баян ақынның (ХІІІ ғ.) өлеңін қазақтан басқа қай ұлтқа телуге болады. Оның үстіне әр ақынның шыққан тегі қаңлы, қыпшақ, керей, найман, қарлұқ деп көрсетіліп тұр. Орта ғасырдан бұрынғы тегі түркі математиктер мен астрономдар, қисыншылар туралы профессор Әмір Жалбағайдың монографиясы тағы бар. Менің пайымдауымша, бұл бағыттағы негізгі жаңалықтар алдағы уақыттың еншісіне тиесілі.
– Екінші үлкен бағыт – Моңғол империясы тұсындағы жазбалар десек, бұл туралы қандай уәждерге жүгінер едіңіз?
– Біз қазір жалпыға белгілі «Моңғолдың құпия шежіресі» сияқты дүниелерді тәпсірлеумен шектеліп жүрміз. Сыртқы және ішкі Моңғолиядағы ғалымдармен пікір алысып, кейбір тарихи жазбалардың мазмұнымен танысып, Хохоттағы (Көкот) Моңғолтану ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Жырғалдың (Жырғал, жырық – өжет, батыр деген сөз екен. Демек, «Қабанбай батыр» дастанындағы Әтеке жырық – Әтеке батыр): «Түркі сөзін білмей Моңғол жазбаларын түсіну мүмкін емес екен. Соны аңғарғанда ғана барып еңбегіміз алға жылжыды», деген пікірін естігенде бұл саладан біз мүлдем беймақұрым екенімізді мойындауға тура келді. Олар ғұн заманындағы тілдік қолданысты тарихи тұрғыдан зерттеуді қолға алыпты. Ішкі Моңғолияның солтүстігінде қоңырат, найман, керей, меркіт, уақ тайпалары бар. Ал Көкот – Шыңғыс ханның күйеу баласы Алақұстың астанасы. Ол туралы Гай Шань-Линнің «Оңғұттар туралы зерттеуі» (ауд. Қ.Ынтыханұлы) ғылыми орталықтың дайындауымен «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Домбыра – арху, қобыз – қобыз деп аталады. «Ақсақ құлан» күйінің сарыны сақталған «Жетім бота» атты күй де бар екен. Көне жазбадағы «тағ», «күндік», «түндік», керегу – кереге, көк – көк, көк – от, яғни жасыл шөпті жер, көк – аспан, көк – тәңір деген сөздерді Моңғолша аударыпты, ал оны қазақшалаудың еш қажеті жоқ. Сол сапардан кейінгі ғылыми салыстыру жұмыстарының нәтижесінде – біз өзіміздің тарихымыздың тамырын Моңғол, мәнжу, шүршіт ұлттарының тарихымен салыстыра зерттемесек, батыстық көзқарас пен деректерге бойсынған жай ғана түркі деген сөзбен ешқашанда тектік нысанымызды таба алмайтынымызға анық көзім жетті. Онсыз Шалкиіз, Мұрын, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім айтқан «жеті жұртты» таба алмаймыз. Гың Шымин ғұламаның: «Қазақ ғалымдары мүмкіндік туған орайды шұғыл пайдаланып, көне түркі мұраларына иеліктеріңді зерттеп алмасаңдар, одан айырылып қалу кезеңінде тұрсыңдар. Сол пікірімнен ұзақ жылдар бойы таймаған менің өзімді саясатпен тұқыртып тастады, тіпті шәкірттерімнің өзі сынға ала бастады. Неге сонша марғаусыңдар. Тектеріңді батыстан емес, шығыстан іздеңдер. Тектік қағандықтарыңды еске алыңдар. Мұсылманды қабылдағаннан кейін түпкі тамырларыңнан беттеріңді бұрып әкеттіңдер. Сенім өз алдына, ал тектік тарих бір басқа. Менің осы сөзімді жеткізіңдерші», деген сөзіндегі терең астар, ойлантарлық пікір соны аңғартса керек. Киіз үй, оның есігін шығысқа қаратып тігу, шаңырақ пен табалдырықты құрметтеу, ақ сарбас қой мен ақ боз атты құрбандыққа шалып баталасу (ант беру), «қарға тамырлы туыс (қазақ)» деген ұғымдардың төркіні VІІІ-ІХ ғасырдағы мәнжу ұлтының тәмсілдерінде кездеседі. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған VІІ-Х ғасырлардағы оқиғаларды қамтитын, әйгілі манасшы Жүсіп Мамай жырлаған «Арыстан хан», «Бидайық хан», «Мұзбұршақ хан» дастандарында мәнжу, Моңғол, түркі жұртының іліктес сарыны да соны танытады. Реті келгенде айта кетейін, осы жолы Нұрбақан сияқты текті ғалымның селбесуімен (Пекиндегі, Ләнжудегі тибеттану орталықтарынан табылмаған) тибеттің қырық томнан астам «Гэсэр» эпосының «Жасақты қару асынған түрктер» (ғылыми атауы «Түркі мемлекетінің қару-жарақтары») атты мың беттік бір томының қолжазбасының көшірмесін алып келдік. Міне, осы дастаннан ежелгі түркілердің тамыры табылып қалатынына іштей сенімім бар.
– Осыдан келіп, қытай мұрағаттарындағы түркі, соның ішінде қазақ руханиятына қатысты фольклорлық, эпостық, әфсаналық, діни (буддалық) рауаяттық қолжазбаларды іздестіру, жинақтау, көшірмелерін алу, аудару бағытының міндет, мақсаттары келіп туындайды емес пе?
– Әрине, дүние жүзінің назарын аударған хұдам бітік жазуындағы «Алтын жарық (яруқ)» сияқты көлемді рауаяттар мен мінәжаттар, дастандар, жырлар, сөздіктер қазақ әдебиеттанушылары мен тілшілерінің ықыласын оята қойған жоқ. Ғұбайдолла Айдаров марқұм жариялаған «Тариат» пен өткен жылы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында көне түркі жазуынан тікелей аударылған (ауд. Е.Сыламханұлы) «Майтр смит ном бітік» уағызнамасының екі томдық басылымы ғана көңілге қанағат ұялатады. Түркітануды Анадолы түріктерінің тілін оқытумен алмастырып жүрген жоғары оқу орындарындағы түркология кафедраларының назарын осыған аударғым келеді. Яғни біз мәнжу, Моңғол, шүршіт, тибет ауыз әдебиеті мен дастандарын салыстыра зерттемей, бұл салада белгілі бір түбірлі нәтижеге жетуіміз неғайбыл.
Төртінші бағыт – Қазақ хандығы құрылғаннан, яғни Қасым хан мен Жәнібек ханның Шығыс Түркістандағы Моңғол империясына арқа сүйегенінен бастап, жоңғар шапқыншылығының шығу себептерінен және оның барысынан, ең ақырында мәнжу империясының Шығыс Түркістанды толық отарлауымен аяқталатын тарихи жағдайлардан хабар беретін Клара Хафизованың «Орталық Азиядағы қытай дипломатиясы. (ХІV – ХІХ ғасырлар)» атты монографиясында межеленген мерзімдегі мұрағат жәдігерлері. Бұл кезең Кеңес тұсында да, тәуелсіздік кезеңінде де тарихшылар тарапынан ерекше назарға ие болды. Соның ішінде К.Хафизованың ұзақ жылдардағы ізденісі нәтижелі аяқталды. Бір өкініштісі, ішінара іріктеліп жарияланған түпнұсқалық деректер қолжазбалық негізде емес, орыс тіліне аударылып басылды. Мысалы, Абылай хан мәнжу императорына орыс тілінде хат жолдамағаны анық. Қытайдың №1 бас мұрағаты Гугыңда «Батыс өңіріне қатысты», соның ішінде қазақ тарихын да қамтитын 14 томдық каталогтар жинағы жарық көрді (басылым әлі аяқталған жоқ). Мұндағы көрсетілген құжаттарды «сөйлететін» болса, 20 томға жуық материал шығар еді. Мен «Орта жүздегі найман елінің бәйжігіт тайпасының биі, Қабанбай батырдың інісі Дәулетбайдың императорға жолдаған» қазақ және мәнжу тіліндегі хатын оқыдым. Осы жерде бұрын Алматыда қазақ тілін үйреніп қайтқан Токио университетінің докторанты (атын ұмыттым) «Қазақ хандығының тарихы» атты тақырыпта зерттеу жүргізіп отырғанын өз көзіммен көрдім. Менімен қазақ тілінде сөйлесті, шағатай, мәнжу, қытай тіліндегі орамдарды салыстыра оқып отыр. Ал бізде бұл мекеменің есігін тек Бақыт Еженхан ғана ашыпты. Осы жолы Ұлттар университетінің сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан «Іле губернаторының ордаға жолдаған мәліметтері мен хаттарының» 38 томдық қолжазбасы көзге түсті. Шәкірттерімнің көмегімен ондағы Қазақстан мен қазақтарға, шекара маңындағы оқиғаларға, қазақ арасындағы ашаршылықтарға, шекара бөлісіне қатысты деректердің көшірмесін алдым. Ал мұндай жанама деректер қаншама десеңші.
– Сол құндылықтарды қопара зерттеу үшін сол саланың иероглифтерін меңгерген маман дайындау қажет шығар?
– Міне, біздің осы бастан ойланатын мәселеміз осы. Қазір Қазақстанда Б.Еженхан, Н.Мұхаметханұлы, Т.Зәкенұлы (Қайыркен), Ж.Ошан, С.Сұңғатай, И.Нұрахмет сияқты қалыптасқан, Қ.Ынтыхан, Е.Сыламхан іспетті тұяқбасар деректанушы ғалымдардың легі бой түзеп келеді. Әдебиет, тіл, өнер саласындағы мамандар тіпті шоғырлы. Осы лектің зерттеу бағыттарын, мүдделерін тоғыстырып, үйлестіріп, мектеп деңгейіне көтеруге Шығыстану институтында толық мүмкіндік бар. Қытайтанушы ғалымдардың қауымдастығы құрылып, зерттеу бағыттарын анықтап, мақсатты түрде шұғылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, тарихи деректерді іздестіріп, жинақтап, аудару өз алдына, қытай иероглифтерінің ортақ оқылымын, терминдерді қалыптастырудың әрі оны ортақтастырудың өзі қияметтік іс. Шетелдіктер ғылыми жетістіктерді игеруге қомақты қаржы бөліп жатқаны шындық. Ал Қытай сияқты тікелей мемлекеттік, өнеркәсіптік, ғылыми тұрғыдан тығыз және шешуші байланысты қажет ететін, бұрынғыдай Ресей арқылы емес, тікелей мұхит арқылы әлемдік өркениетке жол ашатын мүдделер мен мүмкіндіктер империясының тілдік дәстүрімен жан-жақты және тұжырымдық деңгейде айналысатын кез жетті. Бұл – Жаңа Зеландияда, Норвегияда, Канадада, тіпті Франция мен Финляндияда білімін жетілдіріп жатқан шәкірттерден гөрі қызығын «қалың елі қазағы» қапталдаса көретін пайдасы зор бағыт.
– Сіздің өткен жылдың соңындағы ҚХР астанасы Бейжіңге барған төрт айлық іссапарыңызда қандай мақсат алдыға қойылып, нендей істерді жүзеге асыру көзделген еді?
– Ол сапардың міндеті түпкілікті аяқталған жоқ. Биылғы мамыр-шілде айларында жалғасын таппақ. Осыдан алты жыл бұрын Бейжіңдегі мемлекеттік Ұлттар университетінің қазақ тілі, әдебиеті факультетінің шәкірттеріне «шетелден шақырылған тұңғыш профессор» ретінде алты ай дәріс бергем. Ол кездегі студенттердің барлығы оқуын тәмамдап кетті. Мен оқыған қазақ әдебиетінің тарихы, қазіргі қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану, шығармашылық психологиясы, абайтану, әуезовтану сияқты пәндерді жаңа толқын шәкірттердің де тыңдағысы келсе керек. Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттардың да қарасы молайыпты. Көркем әдебиетті талдау барысында «Жұлдыз» журналында жиырма жылдай сын бөлімінде істеген тәжірибем көмектесті. Соның барлығы ескерілсе керек, бұл жолы мені бір жылға шақырған еді. Ондай кеңқолтық уақыт менде қайдан болсын. Дәрісті екі кезеңге бөліп оқуға келістік. Бұрынғы студенттер мен қазіргі студенттердің арасында заманауи ағымға бейімделген айырмашылықтар бар екен. Ілгеріде бірден әдебиет тарихы мен әдебиеттану, шығармашылық психологиясы мен абайтану мәселесіне тікелей кірісіп кеткем. Бұл жолы сәл орағыта сөйлеуге тура келді. Өйткені, шәкірттердің ішінде қытай мектебін бітірген, университетке келген соң ғана қазақ тілін үйренген түлектер де бар болып шықты. Көркем танымның басы мифтен – әсіреәфсанадан, соның ішінде өзім қырық жыл бойы там-тұмдап дерек жиып, әлемдік әсіреәфсаналардағы үлгілерді салыстыра жүріп, жүйеге келтірген «өмір ағашы», «әлем ағашы», бәйтерек ұғымдарын салыстырмалы әдебиеттанудың әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, «Қазақ ертегілеріндегі әсіреәфсаналық (мифтік) көркем сана мен көркем ойлау жүйесі» деген арнайы дәріс өткіздім. Мақтанды деме, нәтижесі таңғаларлық болды. Қытай оқу жүйесінде тәлім алған шәкірттер «Мықан ағашы» және «Күйесің, жүрек… сүйесің!» (абайтану дәрістері) атты екі оқулықты төте жазуға қотартып, ғылыми кеңесте бекіткен соң оқулық ретінде жарияладым.
– Студенттердің білімге құштарлығы көңіліңізден шықты ма?
– Шыққанда қандай. Қытай студенттерінің оқуға, кітапқа деген ындыны керемет, су сіңірген сортаң топырақ сияқты, сіміріп те, сіңіріп те алады. Дәріске өзге фаультеттер мен университеттердің шәкірттері, ізденушілері, мамандық жетілдіруге келген ересек тыңдаушылары да қатысты. Білгенімді жеткізуге жанымды аямағанымды ескерген болуы керек, «Қазақ елінің биік білім деңгейін танытып», «озық оқу-әдістемелік тәсілдерін пайдаланып», «оқу үдерісіне қосқан үлесім үшін» «Құрметті профессор» атағын берді. Бұл енді, кез келген педагог үшін үлкен мәртебе. Еңбегіңнің әрі жанғаны, әрі еленгені. Соның өзі бір адамның өміріне мағына беретіндей құрмет. Оның үстіне Бүкілқытай көлемінде ғылымға ерекше үлес қосқан дүние жүзіндегі таңдаулы 2000 ғалымды шақыру жобасын мемлекет бекітіп беріпті, соның жекелеген ресмияттары ғана қалыпты. Сол тізімге менің де атым ілініпті. Соған орай пішімі мен пішіні тосын бір кітаптың жобасын ойластырып қойдым. Оның нәтижесін уақыт және ресми бекім шешеді.
– Тарихы мен дәстүрі, мәдениеті және ғылымы өте ерте заманнан дамып, мұрағат мәселесі мықты жолға қойылған көрші елден осы жоғарыда айтқандардан басқа сапар барысында қандай құндылықтар таптыңыз? Әкелген олжаларыңыз бұған дейін аталмыш мемлекетке барып жұмыс істеген М.Әбусейітова, Қ.Салғараұлы, К.Хафизова секілді ғалымдардың жәдігерлерін қайталап кетпей ме? Осы туралы да анықтап айта кетсеңіз.
– Айт дедің айтайын. Жалпы, жеке басыма тән бір әдет – қай жерде, қай елде болмайын қазақ руханиятына қатысы бар мұрағаттар мен кітапханаларға, ғылыми мекемелерге міндетті түрде бас сұғып, мүмкіндігінше қызметкерлермен әңгімелесіп, қорларымен танысып, жоқтан жұмыс тауып алып жүремін. Ал соншама тарихи жәдігерлер қазынасы қатталған қытай елін қараптан-қарап қызықтап, не зеріккенде көру – зиялы деген атыңа сын. Алдыңғы сапарда да, осы жолы да ғылыми іздестіру жұмысын өзімнің басты назарымда ұстадым, сабақ кестесін де соған орайластыра құрдым. Өткен жолғы ізденістердің нәтижесінде құрастырылған «Қазақ қолжазбалары (б.д.д. Х ғ. – ХІХ ғ.)» атты 10 томдық жинақтың 6 кітабы жарық көрді, 4 томы дайындалып жатыр. Қалған деректер ғылыми сүзгіден өтуде. Оның ішінде ежелгі түркі, қазақ тарихын мүлдем жаңа көзқарас арқылы саралауға жетелейтін ойтүбір ұйытқылар да бар. «24 тарихтың» 26 томынан бастап, «Халық ауыз әдебиеті қазынасының» 25 томдығын, Сыма Сияньнің толық түсінік берілген 12 томдығын, 45 томнан асатын тибеттің «Гэсэр» эпостық эпопеясының түркілерге қатысты 4 кітаптан тұратын қолжазбасының көшірмесін (о, мұны іздестіру барысында қаншама рет тұйыққа тірелдім деңізші), содан кейін VІІІ-Х ғасырдың оқиғасын баяндайтын үш томдық эпостың қолжазбасының көшірмесін алу және оны әкелудің машақаты бір адамға емес, бір қауымға жүк артатын қарбаласты шаруа. Осыдан 6 жыл бұрын сирек қолжазбалар мен кітаптар қорынан Цинь империясының батыс өңірді (Шығыс Түркістан, Қазақстан, Орталық Азия) бағындыруы барысындағы оқиғалар мен елшілікті қабылдау сияқты рәсімдері бейнеленген, түпнұсқасы Францияда сақталған сызба суреттердің альбомын көріп, қаншама ұмтылсам да, рұқсат ала алмағам. Онда жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Цинь империясының әскери ордасы, шабуыл сәттері, тұтқынға алуы, елшілікті қабылдауы, соғыс құрал-жабдықтары, киімдері бар мәнерімен сюжетті түрде сызылған. Әр суретке берілген патшаның сипаттамасының астына мөрі басылған. Өзімізге таныс бейнелерді тану қиын емес. Бұл жолы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Бейжің мемлекеттік Ұлттар университеті арасында байланыс орнату туралы жүргізіліп жатқан келісім-шарттың демімен ол суреттерге қол жетті. Аталмыш суреттердің тарихы егжей-тегжейімен баяндалған кітапхана директорының мақаласы қазір аударылып жатыр.
Қысқартып айтқанда, бұл сапарда да қазақ тарихы мен әдебиетіне жаңа ой салатын ашық жәдігерлер қолға ілікті. Енді соның игілігін көретіндей тибет, мәнжу, көне түркі (хұдам бітік) жазуын білетін мамандарды тәрбиелеу жұмысын қолға алу ойда бар.
Ал Қытайға арнайы іссапармен, не ғылыми экспедициямен барған жоғарыда аталған ғалымдардың, соның ішінде Қойшы-ағаңның жинақтаған деректері жалпы қазақ оқырмандарына, ал К.Хафизованың, А.Қадырбаевтың, Н.Алдабергенованың, М.Әбусейітованың еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Бұл ретте Клара Шайсұлтанқызының ұзақ жылдар бойғы тиянақты зерттеулерін, Қытай мен Ресей мұрағаттарындағы деректерді қарастырып, жүйелеп талдауын, таным-тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Сол үрдіске келіп қосылған Б.Еженханұлының жетекшілігімен, Ж.Ошанның, С.Сұңғатайдың қатысуымен дайындалған Қытай деректеріндегі түркі, қазақ жұртына қатысты 5 томдық басылым, шын мәніндегі іргелі ғылыми жаңалық. Сонымен қатар, Б.Еженханның тікелей өзі жүзеге асырған қытай-мәнжу тілдеріндегі жәдігерлер мен «Ұлы найман мемлекеті туралы» монографиясы біздің қалыптасқан түсініктерімізге өзгеріс әкелетін түбірлі зерттеулер. Т.Зәкенұлының қытай деректеріндегі түркі қағанаты, Таң империясының түркі қағанатымен байланысы, құба қалмақтар (түркі тілді жоңғарлар), Шығыс Түркістан Ислам республикасы хақындағы монографиялары тың деректер мен пікірлерге толы. Менің ойымша, осы тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішіндегі қытайтану саласында жүргізілген жұмыстарды бір рет қорытындылап, ғылыми бағыттарды анықтап, міндеттерді бөлісіп алу қажеттігі туып отыр. Жәдігер – тек тарихшының, не түркітанушының, не тіл маманының, не мұрағаттанушының еншісі емес. Сонымен қатар, бір мұрағатқа бірнеше ғылыми экспедициялар бірінен соң бірі барып жүрген жай да кездеседі. Мысалы, жоғарыда айттым, Қытайдың ең басты №1 архивінің кілтін алғаш ашқан Б.Еженхан. Одан кейінгі кезек бізге келіпті. Архивтегі қызметкерлерді етене танитын, Қытайда тұңғыш рет тарих саласында ғылым докторы атағын алған, алғашқы шәкірттерінің өзі Бейжің университетінің деканы сияқты лауазымға жеткен Бақыттың беделі онда ерекше. Бәрі мойындайды. Осыны пайдаланып, бар ғылыми күшті тарихшыларды, мұрағаттанушыларды, кітапханашыларды, тілшілерді, қаражатты бір адамның айналасына жұмылдырып, жұмыла кіріссе ұтымды нәтиже берер еді. Иә, зерттейтін нәрсе ұшан-теңіз.
– Кез келген мұрағат пен ғылыми орталықтарға, соның ішінде, әсіресе, шетелдің архив мекемелеріне кіріп, діттеген нәрсеңді бірден тауып алу қиынның-қиыны екені айтпаса да түсінікті. Мұндайда зерттеушіге үш-ақ нәрсе көмекке келуі мүмкін. Ол – олжаға ойламаған жерден жолығып қалу, кәсіби интуиция және уақыты аз, мерзімі өте тығыз іссапар иесіне сол жергілікті жердегі мұрағат мамандарының көмекке келуі. Біздің сұрайын дегеніміз соңғысы. Бейжің мұрағат орындарына барғанда сізге кім жәрдемдесті? Қолұшын берген жанашырлар болды ма? Сөз ретіне қарай олардың да аты-жөні мен еңбегін айта кетсеңіз.
– Осы өзің айтқан үштаған ұштаспаса, ондай зерттеушінің соры қайнағаны, еңбегінің еш болғаны деп есепте. Кісінің күні – кісімен. Егерде адамдармен тіл табыса алмасам, ғылыми іздестіруді, онда ұзақ мерзім тұруды былай қойғанда, үш мезгіл тамақтанудың өзі үлкен қияметке айналар еді.
Шындығын айтайын, осы екі мәрте ұзақ сапарда мен сондағы бауырлардан, ұстаздардан, шәкірттерімнен тұрақты түрде дәріс алдым. Соның нәтижесінде қай жерде түркі тарихына қатысты қандай дерек, ескерткіш барын білдім. Өздері қолұшын берді. Шанхай, Далян, Шиань, Хохотқа барғанда солар жөн көрсетті. Бұл ретте тұрақты «жолсерігім» болған профессор Мұхтар Әбілқақұлына, қолым мен ойымды ұзартқан докторант Нұрбақан Кәмелханұлына, «ерінбей жүруге ерінбейтін» еркін ғылыми ойдың иесі профессор Еркін Әбуғалиұлына, «бәрі де болсын» деп тұратын доцент Болаш Шөкейұлына, қытайлардың өзіне 30-40 жыл қытайша үйретіп келген Жұматай апай мен Майраға, ілгерінді-кейінді оқыған барлық шәкірттеріме алғысым мол. Осыдан алпыс жыл бұрын Ұлттар университеті ашылғанда қазақ кафедрасын құрып, жоғарыда аталғандардың барлығын тәрбиелеп шығарған, қытай түркітануының атасы атанған Гың Шымин ғұламамен «жігі лаухан – хау лаухан, о шы лаухан – хау лаухан» дейтіндей («Сіз жақсы шалсыз, мен де тегін шал емеспін» деген мағынада) жарасымды тіл табысқаныма кәдімгідей арқаланамын. Сол кісі бата бергеннен кейін ғана менің Қытайдағы іздестіру жұмыстарым алға басты әрі бойыма сенім бітті. Қатты науқастанып жүргеніне қарамастан, менің екінші рет келуіме орай өткен отырыста пікір алысып, көне хұдам бітік жазуынан латын транскрипциясына түсірген «Майтри смит ном бітіктің» қазақ тілінде шыққан екі томының мұқабасын сипатып үлгергеніме шүкір етемін. Жаңа жыл қарсаңында ұлы оқымысты дүниеден қайтты. Осы игіліктердің басы-қасында «қарбаластықтан» қолы тимейтін, балалық ұятын ішінде сақтаған, жақсылыққа жаны ашық, ісіне ұқыпты, еңбек тәртібіне қатаң, ал жайшылықта кеңқолтық, қазақ тілін судай сапырып, қазақ факультеті үшін бір күйіп, бір суып жүрген декан, профессор Жан Диң Жиңнің игілігі ерекше. Бейжіңге жолы түскен қазақтың (Шыңжаңнан, Қазақстаннан, Моңғолиядан, Түркиядан, Ресейден, т.б.) осы шаңыраққа соқпай кеткені аз. Төрт айдың ішінде менің ұсынысыммен ғана 2 профессор, 12 докторант пен магистрант тәжірибеден өтті. Мұның өзі, яғни қазақ тіл, әдебиеті факультетінің халықтық елші қызметін атқарып отырғаны, қазақтар үшін де, Қазақстан үшін де үлкен демеу.
– Сөзіңіз жалаң шықпас үшін дәлел-дәйек келтіре кетсеңіз.
– Әзірмін. Қытайдың №1 мұрағаты «Гугыңға» рұқсат алу оңай болмай бара жатқан соң, бір күні әкесінің қазақ арасында өскенін білгендіктен де Жан Дин Жиңге: «Мырзалата бергенше, мырзалығыңды көрсетпейсің бе? Мұның жөнін ана менің ағамнан сұра», дедім қабағымды түйіңкірей. Таңғы сағат жетіде Жан Дин Жинім: «Менің әкем сіздің ағаңыз болғандықтан да сіз менің ағам боласыз. Сізді «мырза» деп қателесіп жүріппін. Сол қателігімді жою үшін сізді бүгін Ұлттық кітапхананың сирек қорына, ертең Гугыңның қолжазбалар қорына алып барайын. Рұқсатын қарастырып жатырмын», дегені. Сөйтсем, үлкен мұрағаттың батыс өңірі қорын реттеуге жетпісінші жылдары арнайы жолдамамен келген төрт қыз, бір жігіт Іле аймағына қарасты Шапшал ауданының қазақтармен араласа қоныстанған сібелер, әрі Жанның сабақтастары екен. Бір қыз: «Осы мұрағатқа келгенде қыз едім. Қазақ-қазақ деп, міне, қартайдым», деп әзілдеп те қойды. Міне, қазақ тарихына қатысты деректердің барлығы осылардың қолынан өткен. Жоғарыда айтып өткен, қазақ хандығының тарихын зерттеген жапон ғалымымен сол мұрағаттың қорында кездестім.
Екінші, біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі ұзақ кезеңде көне иероглифпен хатқа түскен түркі, кейбірінің қаңлы, қыпшақ, қарлық, уақ (оңғұт), керей, найман екені анық көрсетілген алпыстан астам ақынның шығармасы енген басылым еш жерден табылмады. Тапсырмаған адамым, іздестірмеген кітапханам жоқ. Мұнда келген соң да ол мазамды ала берді. Ақыры тағы да қазақы мінезге жүгініп «Ұлттар баспасындағы» қазіргі заманның тілін білетін Мұнай деген бауырыма: «Осы сенің екі туып бір қалған ағаң кім? Мен екенім рас болса, мына кітапты мына бағытта іздеп, маған үш күннің ішінде тауып бер», дедім. Үш күн емес, бір күннен кейін: «Ұйықтамай интернетті ақтардым. Ішкі өлкенің пәленбай жерінде, пәленбай кітапханада бар екен. Жеткіземін», деді. Бұл жинақты аударып, былтыр баспадан шығардық. Тибеттің көне түркі туралы дастаны да докторант Нұрбақанға «екі туып, бір қалғандығымның» арқасында тура кетер күні қолға тиді. Өзім бірнеше рет қолға ұстап, сөреге қойған жазба болып шықты. Жалпы, әзілге жеңдіріп, Бейжіңде менің тек «нағашы-жиендерім, құда-жекжаттарым, аға-бауырларым, қайын жұртым мен құдаша-балдыздарым және сансыз көп шәкірт-балаларым ғана тұрады» десем артық емес.
Осылай бауырына кіріп кеткендіктен олар да мені бауырына тартты.
Ішкі өлкедегі ғылымның әр саласындағы профессорлар мен доценттер, магистранттар мен докторанттар жыл сайын бас қосып, танысады, табысып жатқандары да бар. Сол басқосуда жиырма жылдан астам уақыт Токионың жер сілкінуді зерттейтін орталығында істеп келе жатқан, Фукусимада сегіз көпір салған, сегізі де апатқа қарсы төтеп берген, қазір оның жобасымен мұхит пен құрлықты қосатын 140 шақырымдық, оның 42 шақырымы мұхиттың үстімен өтетін көпір салынып жатқан, соған орай Бейжіңнің түбіндегі жер сілкінісіне төтеп беретін ғимараттарды зерттеу лабораториясында сынақ жүргізіп жүрген Гуанжоу университетінде шетелдік профессор ретінде дәріс оқитын Өрлеуханмен етене араластық.
Жалпы, Бейжіңдегі қазақтардың бәрі де газет, журнал, баспа, радио, өнер саласындағы аса білікті зиялылар. Ошағы бөлек, отауы бір. Онда үшінші ұрпаққа ауысқан бейжіңдіктер тұрады. Шаңырақ иелері балалары қазаққа үйленсе, Қазақстанға ұмтылса, бақыттан жарылып кете жаздайды. Ұлттар баспасының Әлімжаннан бастап Бақытбек пен Мұнайға, Бүкілқытайлық радиодағы Қанатбектен бастап Балапан, Қызырханға дейінгі қаламгерлер Қазақстанға жақсы таныс. Ал бүкіл Қытайды сөз өнерімен мойындатқан, қытай тілінде жазатын Әкбар Мәжит қазір Қытай және Бейжің Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Қытай әдебиеті» журналының бас редакторы. Нобель сыйлығын алған Мо Янның атын шығарған «Мөлдір шалқам» хикаяты алғаш рет сонда жарияланған. Шешен, көркем талдауға шебер, қаламы қуатты жазушы. Қазақ жазушыларын үнемі назарында ұстайды. Екеуміз бірден тіл табыстық. Әкбардың ұзақ жылғы қузауының нәтижесінде «Ұлттар әдебиеті» журналы қазақ тілінде шыға бастады. Оған Минар атты қарындасымыз жетекшілік етеді. Бұл Бейжің үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін үлкен әдеби оқиға әрі мәдени көпір. Біз үшін де септігі зор. Мысалы, осы жолы журналдың бас редакторымен кездесіп, біраз пікір алысып, олард