Өзіне дейінгілердің атын нақты атамаса да ол жариялаған твиттерінде: «біз көп жылдар бойы Қытаймен ақылсыз сауда жүргізіп, жылына 500 млрд доллар жоғалтып келдік» деп айыптады. Бұл бұрынғы әріптестерін сынап, ал өзін ақылды көрсетудің тәсілі сияқты. Трамптың түсінігіне қарағанда өзіне дейінгі президенттер сауданың тегін түсінбей, тек ұтылумен келген.
Өткен аптаның соңында Вашингтонда АҚШ пен Қытайдың өкілдері сауда тартысы бойынша кезекті келіссөздер раундын өткізіп, келісімге келе алмады. АҚШ президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Лари Кодлау өзінің Fox News-ке берген сұхбатында «сауда тартысынан екі жақ та зардап шегеді» деді. Бұл, әсіресе Қытайдан соя бұршағын, жүгері мен бидай сатып алатын фермерлердің қалтасына түсетін шығын екені белгілі. Ал Трамп болса фермерлерге субсидия бергізетінін, бұл үшін Конгрестен тағы да 15 млрд доллар сұрайтынын өзінің твитінде жариялап үлгерді. Бұрын 12 млрд субсидия берілген болатын.
Сөйтіп, өткен жұма күні Вашингтон Қытайдан енгізілетін 200 млрд доллардың тауарларына салынатын баж салығын 10 пайыздан 25 пайызға дейін арттыратынын жариялады. Сонымен бірге тағы да 300 млрд доллардың тауарына салынатын салықты да арттыруға өкім берілетінін мәлімдеді. Бұған дейін Қытай тарабы да 110 млрд АҚШ импортына баж салығын көтерген болатын. Ал АҚШ-тың жаңа тарифтерінен кейін Қытай 13 мамырда 60 млрд көлеміндегі америкалық тауарларға маусым айынан бастап баж салығын көтеретінін жариялады. Қытайдың қаржы министрлігі бұл 5140 түрлі америкалық тауарды қамтитынын ашып айтты. Салық бұларға 5-тен 25 пайызға дейін арттырылмақшы. Министрлік: «Қытай ешқашан да қысымға көнбейді. Біз өзіміздің заңды құқымыз бен мүддемізді қорғауға әзірміз» деп жариялады.
Сауда соғысының салдары алдымен Американың қаржы рыногын шарпып өтті. Сол күні Dow Jones өнеркәсіп индексі Нью-Йорктегі саудасын ашқанда 1,7 пайызға құлады...
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Д.Трамптың негізгі мақсаты – Қытайдың дамуын тежеуге қол жеткізу. Басқа амалы жоқ болған соң ол баж салығын арттырып, Қытай тауарларының АҚШ рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетуді көздеп отырған көрінеді. Сонымен бірге кейбір сарапшылар Трамп Қытай өндірушілерінің жоғары технологиялы өнімдер сатуына «соққы беруді» көздейтінін айтады. Осындай тауарлар сатуды мақсат еткен «Made in China 2025» бағдарламасына жататын 818 түрлі тауарлар категориясына тарифтердің өсірілуін сонымен байланыстырады.
Д.Трамп сауда соғысын жариялауды алғаш рет өткен жылдың сәуір айында қолға алған. Онда Қытайдан енгізілетін 1300 түрлі тауарға баж салығы 25 пайызға көтеріліп, 50 млрд доллар түсіреміз деп жарияланған. Оған Қытай тарабы қайысқан жоқ, дәл сол көлемде біз де тарифті көтереміз деп жауап берген еді. Бірақ ол жолы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ мен АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин екіжақты келіссөздер жүргізіп, сауда таластарын шешудің тетіктерін табуға келіскен. Тіпті Қытай жағы АҚШ импорты мен экспорты арасындағы дисбалансты да төмендетіп, АҚШ тауарларын молырақ сатып алуға көнген.
Сауда соғысы маусым айында қайтадан жалғасып, жаңа қарқынмен өрістеді. Трамп бұрынғы талабын іске асырып, Қытайдың АҚШ-қа енгізген импортына салынатын баж салығын 25 пайызға дейін көтеріп, бюджетке шамамен 50 млрд доллар түсіруді көздеді. Бұл ісін ол Қытайдың зияткерлік меншіктер мен технологияларды ұрлап қолданғанына қарсы шара деп түсіндірді. Мұндағы салық өсімі Қытайдың аэроғарыш, ақпараттық және коммуникациялық технология, робот жасау техникасы, өнеркәсіптік жарақтар және автомобиль жасау өнеркәсібі салаларының бір мыңнан артық өнімдерін қамтыған. Бұл тарифтер өткен жылдың 6 шілдесінен енгізілді. Бір қызығы, алдын-ала жасалған тізімдегі жазық теледидарлар, медициналық дем алу аппараттары, кондиционерлердің бөлшектері, ұялы телефондар сияқты тауарларға тариф бұрынғы күйінде қалдырылды.
«Еруліге қарулы» дегендей өз тарапынан Қытай да Американың өз елінде сатылатын 659 тауарына баж салығын 25 пайызға көтерді. Мұның да бюджетке түсірген жалпы сомасы 50 млрд долларға тең. Қытай тарапының бағасын өсірген тауарлары негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, теңіз азықтары, көлік құралдары және т.б.
Сайып келгенде мұндағы ұтқан екі елдің бюджеті де, ұтылған тауар өндірушілер мен тұтынушы халық болып отыр. Өйткені тариф өскен соң баға да өсетіні белгілі. Алайда АҚШ халқы бұл шараларға қарсы өре түрегеле қарсылық білдірген жоқ. Қытай жағы, әрине, өз халқына біз жауап шара қолдануға мәжбүрміз деп түсіндіруге тырысуда.
Халық наразылығы болмаған соң Д.Трамп баж салығын одан әрі көтеруге кірісті. Өткен жылдың қыркүйек айында ол баж салығын тағы да 10 пайызға дейін арттырып, Қытайдан келетін тауарлардан түсетін салықты 200 млрд долларға дейін арттырды. Тіпті Қытай жағы жауапты шара қолданатын болса салықты қосымша 267 млрд долларға дейін өсіретінін жариялады.
Өз кезегінде Қытай жағы 24 қыркүйекте АҚШ-тан келетін 60 млрд доллар көлеміндегі импорттық тауарларға баж салығын 5-тен 10 пайызға дейін көтерген. ҚХР-дың Мемлекеттік Кеңесі мұны мәжбүрлі шара деумен қатар, сауда дағдарысы келіссөздер арқылы шешілетініне үміт артатынын мәлімдеген болатын.
АҚШ-тың белді басылымдарының бірі «New York Times» газеті Д.Трамп бастаған сауда соғысы бүкіл әлемдік экономикаға қауіп төндіретінін жазды. «Әлемдік сауда тәртіптері бұзылуынан қысымшылық көріністері орын алып, бұлар экономикалық дамуды тежейді. Дүниежүзінің порттары мен әуежай терминалдарында орынсыз қарбаластар туып, тауардың жеткізілу жылдамдығы төмендейді», деп жазды басылым.
Bloomberg агенттігінің хабарлауына қарағанда, қазірдің өзінде АҚШ-тың Қытай нарығына тамырын жайған Boeing, Apple, Tesla, Ford, GM сияқты ірі корпорациялары сауда соғысының салдарынан зардап шегіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ қарапайым тұтынушылар да бағаның өсуінен қиыншылықтарға тап болуда. Бұл бізге де қатысты. Америкалық қымбаттаған тауарлардың араласуымен дайындалған тауарлары мен өнімдерін Қытай жағы бізге де қымбатырақ бағаға сататыны анық. Ал бұл елмен саудамыз тығыз байланысқан соң біз де артық ақша төлеуге мәжбүр боламыз. Америкамен саудада олардың Қытай шикізаты мен өнімдерін қолданып жасаған заттары бізге келгенде тарифтердің көтерілуіне сәйкес қымбаттайды. Жалғыз біз емес, осы екі алыппен сауда жасайтын барлық әлемнің халқы зардап шегеді. Сөйтіп әлемдік қатынастарды көзге ілмеген саясаттың алысты болжай алмайтынының зардабы барлық әлемге тиіп отыр.