• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2019

Өнім өңдеуді жолға қойды

1099 рет
көрсетілді

Мойынқұм ауданы – Жамбыл облысындағы ең шалғай аудан­дар­­дың бірі. Әрдайым орманды даласымен, жалпы табиғат бай­лы­ғымен, алтын кеніштерімен ерекшеленген аудан бүгінде ірі өнер­­кә­сіп кәсіп­орындарының өнім өндіру орталығына да айналып келеді.

Сонымен қатар ауданға инвестиция тарту, бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін арт­тыру сияқ­ты мәселелер де ұдайы назар­да. Әсіресе Мирный, Мыңарал ауылдарындағы тірші­лік аудан­ның аграрлық-өндіріс­тік өңірге айналып отырғанын көрсетеді.

Мол байлықты тиімді пайдалану да қазынаға кенелтеді. Бұл орайда нәсібін кәсіптен іздеген мойынқұмдықтар өнді­ріс өрісін кеңітуге күш салуда. Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың айтуынша, жергілікті мол шикізат қоры ұқсатылып, өңделіп, дайын өнім түрінде көптеп шығарылуда екен. Мәселен, «Оргстрой» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінің жарылыс блоктары өндірісінің жаңа технологиясын қолдану арқылы гранит өндіру мен өңдеу ісін жолға қойып отырғанын айтсақ болады. Аталған зауыт­та бордюр, гранит тақтатас, төсем­дер шығарылып, өнімнің негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Аталған зауыттың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженері Дулат Жайнақбаев кәсіпорын бүгінде 86 адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтып отыр­ғанын, зауытта өткен жылы 707 миллион теңгенің 66 мың шаршы метр гранит өнімі өндірілгенін айтты. «Екі жыл бұрын зауыттың екінші блогын іске қосқанбыз. Осыған байланысты өткен жылғы табыс көлемі едәуір көбейді. Алдағы уақытта да кәсіпорынның қуатын еселей түсуге жұмыс істейміз», дейді ол.

Бүгінде ауданның экономи­калық дамуына үлес қосып отыр­ған Мыңарал ауылында орна­ласқан балық зауыты. Кәсіп­орын жыл сайын 1,5 мың тонна балық өнімдерін өндіре алады. Бірақ за­уыт әлі күнге дейін толық қуатында жұмыс істеп тұр­ған жоқ. Десе де, балық зауы­ты жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға септесуде. Шикі­зат тапшылығы Мыңарал зауы­тында да бар. Мәселен, 2017 жылы 853 тонна балық өнімі өндірілсе, өткен жылы өнім 597 тонна көлемінде ғана орындалыпты. Бұл ретте мекеме басшылығы жергілікті жердегі балық аулайтын айдындардың көлемі ұлғайтылып, жеңілдік қарастырылуы керегін айтады. Мұнда бүгінде 50-ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған болса, оның ішінде 41 азамат жергілікті тұрғындар.

Әулиеата өңіріндегі алып өн­діріс ошақтарының бірінен сана­ла­тын Жамбыл цемент өн­діріс­тік компаниясы да Мойын­құм ауданының аумағында орна­ласқан. Аталған кәсіпорын жылына 1500 тонна өнім шығарады. «Аталған өндіріс ошағы өт­кен жылы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, өндірген өнім көлемі зауыт қуатынан әлдеқайда асып түскен. Жуырда ғана ауыл тұр­ғын­дарымен және зауыт ұжы­мы­мен кездесіп, өндірісті одан әрі арттырудың жайын талқыладық», дейді аудан әкімі Мәден Мұсаев.

Өткен жылы мұнда M400 және M400D маркалы 1542 тонна цемент өндіріліпті. Сонымен қатар аталған кәсіпорын бүгінде толық автоматтандырылған дис­пет­чер­лік басқару жүйесіне көші­рі­ліп, қазір бұл жерде 255 адам тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылып отыр. Ендігі жерде аудан әкімдігі мен зауыт басшылығы тарапынан өн­діріс жұмысшыларына қолай­лы жағ­дайлар жасалып, түрлі әлеумет­тік көмектер көр­сетілетін болады.