• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Мамыр, 2019

Сөз сойыл №81

11132 рет
көрсетілді

*Бірде...

Бақытжан Момышұлының ұнатып жейтін қаттама самса пісіріп, екеу­іміз шай ішіп отыр едік, ол маған барлай қарады да:

– Мамасы, маған жақсы идея келіп отыр. Сенің пенсияң бар-жоғы 29 мың. Осы ақшаны бірнеше күнде ғана табатын әдіс бар, – деді.

Менімен байланысты тағы бірдеңені айтқысы кеп отырғанын ішім сезді, бірақ оның не екенін білмегендіктен:

– Ондай әдісің болса, неғып осы кезге дейін айтпай жүрсің? – деп сөзді сабақтадым.

– Сенің мына дәмді самсаларыңды жеп отырып «біздің Зәкең самсаның жеті-сегіз түрін қатырып пісіреді, неге соны пайдаланбасқа» деген ұтымды ой келді.

– Оны қалай пайдаланады екенмін?

– Сен «Зейнеп апайдың самсаханасы» деп самса сататын орын аш. Зейнеп апайдың әңгімесін тыңдап жүргендер: «Енді Зейнеп апайдың самсасынан дәм татайық», – деп қаптап келетін болады.

– Самса пісіру маған қиын емес, алайда аяғы­нан бұрын аузымен жүретіндер: «Байғұс Бақытжан Момышұлы әйелін асырай алмай, самса сатқызып қойыпты», – деп алдымен сені өсектеп, ұятқа қаласың ғой.

– Е-е, жоқ! Мұның екінші жағы бар. «Ақшаның соңына түсіп, әкемнің атына көлеңке түсірді» деп сені тастап кетуіме әдемі сылтау емес пе! – деді Бәкең.

   ***

Қазақтың талантты ақын қызы Күләш Ахметова Бәкеңнің маған бағыштаған кезекті бір «тұзды» әзілінен кейін:

– Бақытжан аға, осы сіз Зейнеп туралы неше түр­­лі оспақ, қыңыр сөздерді айтасыз. Сөйте тұ­рып оны аялап алақаныңызға көтересіз. Түсін­беймін, – деді.

Сонда Бәкең:

– Күләш-ау, жай көтеріп жүргенім жоқ, көте­ріп апарып тастап жіберетін жер іздеп жүрмін ғой, – деп сөзді тағы да маған тірей салды.

***

Атаның 90 жылдығына орай Тараз қаласында ескерткіш қойылатын болып, мүсіннің жобасын іріктеу отырысына бізді шақырды. Сол басқосудың алдында облыс әкімі Серік Үмбетов Бақытжан екеумізді қабылдамақшы екен.

Әкімнің кіреберіс қабылдау бөлмесінде хатшы қыз алдымыздан шығып қарсы алып:

– Аға, бірер минут күте тұрыңыздар, – деп Бәкең­ді қолтықтап апарып үлкен креслоға отыр­ғыза салды. Ішімнен: «Қап!» – деп, бұрынырақ қозғалмай, кешіккеніме өкіндім. Өйткені соңғы опе­рациядан кейін Бәкеңнің оң аяғы илікпей қалған. Орындық болмаса кресло, диван дегендер оған өте ыңғайсыз. Отыруын отырғанымен тұратын кезде өзгенің көмегінсіз қиналып қалады.

Көмекші жігіт «кіріңіздер» деп хабар бергенде Баханы сүйемелдеп тұрғызбақшы болдым. Алайда аласа әрі жұмсақ креслоға шөгіп отырып қалғандықтан аяғы икемге келмей, бірден көтерілуі оңай бола қоймады. Алғашында бейқам тұрған хатшы қыз бен көмекші жігіт жағдайды енді түсінгендей екеуі маған жәрдемге келіп, Баханы орнынан тұрғыздық. Бәкең жастардың қолғабысына алғысын білдірді де:

– Адамдар креслоны неге жақсы көреді, бір отырған адам одан неге айырылғысы келмейді десем, мұның кісіні өзіне тартып жібермей тұратын қасиеті болады екен-ау! – деді таңырқаған сыңай­мен.

Зейнеп АХМЕТОВА

АЛМАТЫ

Жәрдемақша – «субсидия»

Біздің фермер Жәутік мырза:

«Пәленбай егісім бар,

Көкөніс, жемісім бар,

Төрт түлік малым бар,

Көлемі атшаптырым бағым бар» –

Деп,

Он гектарды мың гектар ғып,

Құжаттарын жайып салды.

Аграршы «барондар»,

 «Субсидиямен» ортақтасты,

 Сосын бірге ізін білдірмей,

Жымың-жымың жорғақтасты.

***

«Майшелпек» бар қайдан да,

 «Жемқорлық» деген «майданда».

"Бюджетте ақша жоқ..."

                                                Қыс түскен соң күй кетті,

                                                Бес қатарлы бір үйден.

                                                Кемпір-шалды билетті,

                                                Суық шалып бүйірден.

                                                Электр пеш әр үйіде,

                                                Өзін өзі жылытқан.

                                                Көкжөтел боп сәби де,

                                                Ойыншықты ұмытқан.

                                                Істемейді қазандық,

                                                Ала жаздай тот басты.

                                                "Бес ауруын" жазарлық,

                                                Бұл ауылда жоқ басшы.

                                                "Бюджетте ақша жоқ,

                                                Сәл шыдаңдар биылша.

                                                Айтылар сөз басқа жоқ,

                                                Келер жылы бұйырса...»

                                                Деп, бір бастық "жанашыр"

                                                Кете барды сыбырлап.

                                                Үйлер іші "қарасұр",

                                                Бара жатыр тынымды ап.

                                                "Бюджетте ақша жоқ"

                                                Деген сылтау тыс қалды.

                                                Екі-үш бастық қасқа боп,

                                                Жемқорлықпен ұсталды.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ

 Маңғыстау облысы

Мұндай да болады...

– Мен соғысқа қатыстым, үш рет көлік, бір рет ұшақ апатынан аман қалдым, екі некеде жолым болмады, үш рет қаржы қиындығына тап келіп жиған-тергенімнен жұрдай болған пендемін. Сөйткен маған немерем: «Ата, тірлікті түсінбейсіз де сіз өмірден мақұрым қалғансыз!» дейді.

***

Шайханада смартфонсыз, ноутбуксыз бір адам  жәй ғана шәй ішіп тып-тыныш отыр... Түр-түсіне қарап ес-қабілетінің саулығына күмәндандым...

***

Мектеп оқушысы жарты қапшық ақша тауып алып  полицияға әкеп өткізеді.... Шешесі көз-жасын көлдете отырып: «Баламды  мақтан тұтамын!...» деп біразға дейін өзін тоқтата алмай еңіреген екен..

***

          Қымбатты ата-аналар! Қараусыз, бақылаусыз  кеткен балаларыңыздың көп өтпей-ақ, ата-ана  болып шыға келетінін ескереміз!

***

  Әйел санаториден келген бойды электр есептегішті есептер кеп жіберіп... ерінің қанша күн үйде түнемегенін есептеп шығара қойыпты.

                                                                                                              ҚАНДЕННЕН ТӨБЕТКЕ ДЕЙІН

Байлықтың атасы  кітап екенін көкейіме түйіп өскен басым, кәзір кітапқа деген талғам өсіп – кей-кейлерде бедел-қасиет – үйіңдегі кітап атаулының сан-сапасына қарай таразыланатын болып жүр емес пе.

Әйел жарықтықтар да кітап жинауды бәсекенің үлкені деп білген  болу керек, оған деген ілтипаттары өзгеше. Бір күні үйдегі Бозым бір қабырғамызға қақырап орнай қалған кітап сөремізге сүзіле қарап тұрып: “Енді бізге жарым шаршы метр қызыл түсті, бір шаршы метр аспан көк бояулы қалың кітаптар қажет...” деп бүйірін таяна сөйлегені бар. Көзі ашық азамат болғандықтан бұның мұнысына сәл кейіп, ал мына бір “игілікті ісіне” сүйсініп, ішімнен “керемет!...” деп күбірлеп риза болғаным тағы бар. Ондағысы не дейсіз ғой... Керемет! Керемет болғанда қарапайым ғана нәрсе. Қалтаға салып жүруге боларлық тобылғыдай торы кәнденді Бозым асырай бастағанда жақтырмай танау көтеріп торсылдап едім... Сөйтсем, ондағым артық кеткендігім екен. Тобылғы торы кәнден ақылды боп өсіпті. Оның “керемет ойынын” үйімізге Пышыр құрдас кеп қонғанда байқадық емес пе. Ертеңінде Пышыр кетейін деп киім ілгіштегі сырт киіміне қол соза беріп еді, қарсы алдына қасқайып тұрып алған кәнденіміз үріп-шәуілдеп болар емес. Пышекеңнің қол ұшы киіміне жете берді – кәнден азар да безер шәңкілдеп, тісін ақсита арс етіп, шамасына қарамай балағына жармасқаны. Қарап тұрмай ілгіштегі киімін әпере беріп едім, кәнденім оны тастай сала менің қолымдағы қоңыр тонды жұлмалай жөнелгені бар. Сол мезет қоңыр тонның іш қалтасынан бір пәле жерге топ ете қалғандай болды. Қарап едім, кәнденім топ ете қалған Хэмингуэйдің кітабының жиегінен сүйрелеп түпкі үйге қарай зымырап барады екен... Онысымен қоймай, қайта қайырылып Пышекеңе айбат шеге шәуілдеп, алдыңғы аяғын көтеріп алыстан тепсіне шауып болмаған соң, Пышекең де “ер жігіт емес пе, төс қалтасына “түсіп кеткен” Мұқағалидың “Өмір-өзенін” суырып лақтырып, тұтығып-түнеріп қоштаспай шығып кетті. Тек есікті серпи жабарында: “Итіңнің иттігін өмірі ұмытпаспын...” деп қалды. Менде кәнденнің “кәкір-шүкірлігіне” сәл-пәл кейіп, одан оның бұл әрекетін ойға салып саралап көрген соң, бұның бұл әрекетінің керемет екеніне көз жетіп, оны бұл іске баулыған кербез келіншегімді алғаш рет тапа-тал түсте кеудеме қысып, бетінен сүйдім. Осы күннен бастап кәнденге деген пиғылым түбірінен өзгеріп, ол менің алдымда әркез еркелейтін халге жетті...

 Мұнан кейін, үйімізге емін-еркін қонақ шақыра беретін болдық...

 Мұнан кейін, келіп-кеткен ел-жұрттан еш қауіп-қатерсіз-ақ отыра беретін болдық...

 Кәнденнің Пышырдан кейінгі екі әрекеті ойымнан кетер емес...

 Бірі, сол Пышырдың масқара болатын күнінен кейін іле-шала шақырған қонақтар болған күнгі әрекеті. Той домалағымыз тәп-тәуір өтіп, ел-жұрт тарар шақта кәнденім “концертін” бастап берсін... “Тілін білетін Пышыр пысықтығын жасап, ішкен ішімдіктің қызуымен әркімнің қалта-қалтасын ақтарып, ұрлаған “дүниелерімен” менің құшағымды толтырғаны бар...

 Сол күні кәнденімнің әрекеті мен Пышыр құрдасымның оқыс қимылына қатты қысылдым.

 Екіншісі, күндердің бір күнінде үйге ғылыми жетекшім – Ілдебай Құлықовичті жеңгеймен шақыра қалдым. Басекеңді барымызды салып күттік. Ілдекең үйдегі келінінің іскерлігіне риза боп тос көтерді. Ал жеңгей мына менің қабілет-қасиетімді асыра мақтап әупірім етті. Бәрі де ойдағыдай болып, ол кісілер отырған орнынан көтеріле берген еді, түпте тым-тырыс жатқан кәнден атып тұрып аласапыран жасағаны... Оның бұл әрекетінен  жеңгей ыршып-шоршып, басекең кейін шегініп көңіліне кірбің алғаны бар. Қарап тұрмай, әбүйір төгіп масқараламай тұрғанда деп, алғаш рет табалдырықта ызғар шаша талтайып тұрған кәнденнің мойынынан бүре ұстап түпкі үйге атып жібердік...

 Біз басекең мен асыл жеңгейді шығарып сап келгенше, одан түннің бір уағына дейін кәнденімізде бір мезет тоқтау болмай зар еңірегені...

 Күндердің бір күнінде, ғылыми атағым жоғарылаған шақта — осы Ілдекең бізді үйіне шақыра қалды. Басекеңдікіне топ етіп бара қалдық. Сыйлы қонағы болдық. Мен осы атақ-құрметке жетуіме Ілдекеңнің еңбегі қанша болса, үйдегі асыл жеңгейдің еңбегі де сонша екенін айтып, ризашылығымды білдірдім.

 Бір таңқалғаным – біз отырған бөлме тап-тұйнақтай, кітап атаулы көзге түспейді. Шағын үзіліс кезінде түпкі бөлмеге бас сұғып едім, іздегенім осында – кітаптан қабырға атаулы көрінбей қалған екен. Жақындап барып сығырая сығалап едім, өзімнің қолды болған құнды кітабым көзіме оттай басылғаны... Сұғылған қолымды жарты жолда тоқтата тұрып, ащы ырыл шыққан тұсқа мойын бұрып едім – қақ төрдегі қалың көрпе үстінде нән төбет жайғасқан екен. Аласы мол аумақты көзін менен алмай, тісін ақсита атылуға әзірленген ала төбеттен қаймығып, қолымды тартып ала қойдым...

 ... Таныс кітап көзге оттай басылғанымен: жан тәтті, қимай-қимай жылыстай бердім...

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ

 Үмітжан мен Алтынның жалғыз ұлы істі болып қамауда жатса керек. Екеуі жылап-сықтап, не істерлерін білмей отырса, Кәкім деген замандастары кіріп келеді.

 – Неғып тұнжырап отырсыңдар? – дейді ол даңғырлап. – Әй, Алтын, жүз грамың жоқ па, әкел, тамақ жібітейік!

 – Жүз грамы несі? – деп бұрқ ете қалады Алтын апамыз. – Жалғыз ұл түрмеде отырса неменемізге жетіспекпіз?!

  – Ой, құдай-ай! – деп жұбатқан екен сонда Кәкім ағамыз. – Онда не тұр? Түрмеде Ленин де отырған, мына мен де отырғанмын...

***

     Сәдірхан деген ағамыздың бойы шынашақтай болғанымен сөзі түйеден түскендей кесек, өзі шамасына қарамай шалқып сөйлегенді жақсы көреді.

     Бір күні тойдан қызып келіп, ұйықтап қалған Сәкең басын көтерсе бәйбішесі бұрқылдап әлдекімге ұрсып жүр екен. «Не болды?» – демей ме.

  – Әлгі Мұқан мен Серікке ыза болып жүрмін, – дейді жеңгеміз. – Сен ұйықтап жатқанда сол екеуі келген. Жайларына отырмай, ерегісті ме, төбелеспек болды ма, әйтеуір екі масты әрең шығарып салдым.

 – Мыналар шынымен жынды екен, – деп басын шайқаған екен Сәкең. – Сонда мен оянып кетсем не болды?!

***

     Сәкең бірде жолы түсіп Алматыға барса керек. Көшеде келе жатса ойда жоқта өз ауылының екі баласы жолығып қалады. Аналар мұны біледі, ал Сәкең болса көптен бері осында оқитын студент балаларды танымайды екен. Шұрқырай амандасқан екі жас жігітке үңіле қараған ол:

 – Әй, сендер мені қайдан білесіңдер? – деп сұрайды. Сонда ағаларының мінезіне жақсы қанық екеуі:

  – Ой, Сәдірхан аға, сізді Қазақстанда кім танымайды? – деп жүре беріпті.  Ауылға келген соң Сәкең:

 – Мені Алматыдағы жұрттың бәрі таниды! – деп талайға дейін кеудесін ұрып жүрген екен.

Хасен ЗАКАРИЯ

Шығыс Қазақстан облысы