Ал экология департаментінің тексерістері барысында ауылдардың маңында төгуге болмайтын жерлерде үйіліп жатқан 337 қоқыс орны анықталды. Бұл жағдайды қалыпқа келтіріп, қоршаған ортаны сақтау үшін департамент мамандары тарапынан жергілікті әкімдіктерге ескертулер жіберілді, айыппұлдар салынды. Өйткені қалдықтарды залалсыздандыру бойынша жұмыс жүргізілмеген, қоқыс полигондарының шекаралары анықталып, қоршалмаған. Аудандар коммуналдық қалдықтардың бөлек жиналуын, сақталуын, тұрақты түрде қоқыс аймағына шығарылуын, өңделуін ұйымдастыруы тиіс.
Қоқысты тасымалдау, сұрыптау, өңдеу үшін инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Бұл Экологиялық кодекстің 292-бабында көрсетілген ережеде жазылған. Сондықтан алдағы уақытта өңірдегі 10 аудан орталығында, 4 кент пен 31 тірек ауылда арнайы орындар салынбақ. Шағын ауылдарда жиналған қоқысты тірек ауылдарға тасымалдайтын болады. Қоқыс төгетін орындар жасалған соң оны бизнес ортаға сенімді басқаруға беру жоспарлануда. Мысалы, Тереңкөл ауданының орталығындағы тұрмыстық қалдықтар жиналатын жер қазір кәсіпкер қарауында. Кәсіпкер қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу жолын бастады.
Бірақ тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісін кәсіп көретін кәсіпкерлер қатары әлі аз, қоқыстарды сұрыптап жинауға тұрғындар да бейімделер емес.
Ал еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өндірістерін іске қосу үшін қоқысты жинау, шығару және полигондарға жеткізу ережелеріне биыл өзгерістер енгізілді. Қабылданған экологиялық нормаларға сәйкес, тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға сұрыпталған күйінде шығарылуы тиіс делінеді. Қоқыс полигондары пластмасса, пластик, полиэтилен, қағаз, құрылыс материалдары қалдықтарын қабылдамайды және сақтамайды. Сондықтан облыстағы үш қалада барлығы 200 контейнер орнатылған еді.
Пластиктен жасалған заттар, бөтелкелер, қақпақтар, қолданыстан шыққан шамдар, батареялар, құрылыс материалдары мен басқа да қоқыстар жеке-жеке жиналуы қажет. Қоқысты қалай болса солай лақтырып үйреніп қалған жергілікті тұрғындарға қалдықты сұрыптау мәдениетін үйретуге де уақыт керек болар.
Өткен жылдан бері облыс орталығында, Екібастұзда, Ақсуда батареялар мен қолданудан шыққан шамдарды жинауға арналған жеке контейнерлер орнатыла бастады. Кейбір тұрғын үйлердің аулаларында пластикалық заттарға арналған арнайы жәшіктер қойылуда. Дамыған елдердің халқы секілді тұрмыстық қалдықтарды бөлек, яғни қағазын, пластигін, ағашын жеке жинауға дағдылану үрдісіне қалыптасу, өзіміз өмір сүріп жатқан айналаның таза болуы үшін қажет екенін түсінеміз. Өйткені сұрыпталған қатты қалдықтарды бөлек жинау дер кезінде жедел қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қоқыс полигондарын салып, қалдықтарды үйгеннен пайда қайсы?
Екібастұз қаласындағы «Полигон» кәсіпорнының директоры Қуандық Өтегеновтің айтуынша, желінің қоқыс өңдеу қуаты жылына 35-тен 50 мың тоннаға дейін жетеді екен. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін құрылғыда пластик, қағаз және шыны да өңделуде. Өңдеуге жарамайтындары пештерде өртеледі. Қала әкімдігі тұрғын үйлерден қоқыс шығару қызметі үшін тарифтерді 5 пайызға азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Қоқысты жеке жинау үшін 200 еуроконтейнер сатып алған. Екібастұздағы екінші бір кәсіпорын «ЭлектроТрансРеелто» ЖШС жарамсыз шамдарды өңдеумен айналысады. Жылдық қуаты – 1 мың дана шам. Әрқайсысының құны 300 мың теңге болатын контейнерлерді өз қаражатына сатып алып, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы аулаларға орнатып 11 мыңға жуық шам жинаған көрінеді. Жиналған ескі шамдарды өңдеп, одан сынап алады. Бірақ өкінішке қарай, шамдар мен батареялар жинауға арналған жәшіктерге тұрғындардың басым бөлігі азық-түлік, киім-кешек, құрылыс қалдықтарын – бәрін сала береді. Бұл қалдықтарды жинауды, оны өңдеуді едәуір қиындатады, – дейді кәсіпкерлер.
Ал облыс орталығындағы тұрғын үйлерден жиналған тұрмыстық қалдықтарды шығару «Спецмашин» ЖШС-на жүктелген. Былтыр серіктестік басшылары жергілікті әкімдіктерге бес жыл бойы өзгермеген қоқыс шығару тарифін жоғарылату туралы ұсыныс жасады. Өйткені тұрмыс қалдықтарын сұрыптап жинауға кірісу үшін контейнерлер, тасымал техникалары, жұмысшылардың жұмыс киімдерін қосқанда 1 млрд теңге қажет көрінеді. «Спецмашин» ЖШС-ның басшысы Сүйіндік Нұрымовтың айтуынша, бүгінде еліміздің Астана, Қостанай, Қарағанды қалаларында қоқысты бөліп тастау бойынша қанатқақты жобалар жүргізілуде. Облыс орталығында да осындай жаңашыл жобаны жүзеге асыру үшін жаңа үлгідегі қоқыс тастайтын контейнерлер мен оны тасымалдайтын жүк көліктері қажет.
Серіктестік аумағында қоқыстарды өңдеу бойынша шағын өндіріс жұмыс істейді. Қытайдан әкелінген арнайы құрал-жабдықтар арқылы шағын өндіріс пластик қалдықтардан жаңа өнімдерге деген гранулалар, полиэтиленнен қапшықтар дайындап шығаруда. Алдағы уақытта қағаздардан дәретхана қағазын шығаратын цех ашып, пластик өнімдерінен жиектастар мен жаяу жүргіншілердің жолына төсейтін тас тақтайшаларды өндірмек.
Бұл қайта өңделген өнімге деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Жергілікті «ҚазБытхим» кәсіпорны болса пластик ұнтақтарынан химиялық заттарға арналған ыдыс жасап шығаруда.
– Жалпы, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – күрделі өндіріс. Қоқыс қолмен сұрыпталады, үлкен жұмыс күші қажет. Яғни, қалауын тапсаң қоқыс та кәсіптің бір түрі, – дейді С.Нұрымов.
Қазір өңірде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өңдеуге кіріскен 10-ға жуық шағын кәсіпорын бар.
– Өндірістік-тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді заңмен міндеттеу қажет. Экологиялық кодекске осы бағытта тиісті ұсыныс жасалды, – дейді экология мамандары. Өйткені қоқыс өңдеу зауыттарының көбі ашылмай жатып жабылып қалады. Сондықтан, «Жасыл экономиканы» қолдауға үлес қоспақ кәсіпорындарға мемлекет тарапынан субсидиялау сияқты қолдау шаралары қажет.
Ал мамандар қала, ауыл іргесіндегі полигонның барлығын бір стандарт негізінде салу дұрыс емес деген пікір білдіреді. Ауыл жанындағы төгілген қоқыста құрылыс материалдары да, тұрмыстық қалдықтар да араласқан күйде жатады. Мысалы, Баянауылда су құбыры салынып жатыр. Ал одан шыққан құрылыс қалдықтарын еріксіз ауыл шетіне апарып лақтырады. Ұқсата білсе құрылыс қалдықтары да қажетке жарар еді.
Қазір өңірде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы қалалар мен ауылдар маңайын қоқыстан тазарту үшін «Қоқыс картасын» да әзірледі. Яғни, қоқыс үйілген аумаққа бейжай қарамайтын әр адам сол жерді суретке түсіріп алып, басқарманың немесе әкімдіктердің сайтына жолдауы керек. Екіншіден,«Қоқыс картасы» халықтық бақылау арқылы жұмыс істеп, әр ауыл мен қалаға жауапты мекемелерді белгілеу жұмыстары жүргізілмек.
Жуырда сенбілік өтті. Облыс орталығының жастары Ертіс өзенінің арғы жағына көпір арқылы өтіп, қолдарына қап алып, жүгіріп жүріп қоқыс жинады. «Жасыл ел» облыстық штабының жетекшісі Роман Краснощековтың айтуынша, «Қоқыс жинау марафоны» кезінде көргендерін айтуға ұят. Өйткені өзен жағасы қоқыстан көз ашпай жатыр. Қап-қап болып жиналған қоқыс «Спецмашин» ЖШС-на жеткізілген.
Иә, экологиялық жағдай, қоршаған орта тазалығы бәрімізді ойландырады. Экология департаментінің мәліметінше, өңірде 6 млрд тоннаға жуық өнеркәсіптік қалдық үйіліп тұр...
Қалай болса солай айналаға шашып тастай беретін және үйімізден шыққан тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды қашан үйренер екенбіз?..
Павлодар облысы