• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2019

Қазақстан киберспорттың көшіне ілесуі керек

1224 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда киберспорт – қарқынды түрде қанат жайып келе жатқан салалардың бірі. Сондай-ақ бұл көптеген мемлекеттердің цифрлы экономикасында ерекше орын алатынын да атап өткен жөн. Таяуда елордада өткен Астана экономикалық форумы-2019 алқалы жиынының аясында «Қазақтелеком» АҚ және «Қазақстанның киберспорт федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған панельдік сессия осы тақырыпқа арналды.

Киберспорт жаһандық цифр­лы экономиканың бір бөлігі: Қазақстан әлемдік киберспорт нарығына қалай қосылады? АЭФ-2019 кезекті сессиясының аясында «Қазақтелеком» мұ­рындық болған шара осы сауалға жауап іздеді. Оған Еуропа мен ТМД елдеріндегі киберспорт турнирлерінің операторы Stariadder компаниясының бұрынғы ат­қа­рушы продюсері Степан Шульга және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төр­ағасы, «Қазақ­стан­ның киберспорт феде­рациясы» РҚБ президенті Қуанышбек Есекеев модератор болды. Спи­керлер ретінде шақырылған меймандар да осы саланың қыр-сырын жетік білетін мықты мамандардан жасақталыпты.

Жалпы, елімізде киберспорт­тың спорт түрі ретінде ресми түрде мойындалғанына бір жыл ғана болды. Оған дейін киберспорт түрлі жа­рыстарға қатысып жүрген жас­тардың деңгейінде ғана еді. Ал Қазақстанның киберспорт федерациясының құрылғаны бұл процесті жаңа деңгейге кө­тергені анық. Бас­қосудың бет­ашарында федерация прези­денті Қуанышбек Есекеев «Қазақтелекомның» осы сессияға бастамашы бол­ғанын айта келіп, спикерлерді таныстырып, сөз тізгінін Степан Шульгаға берді. 

Степан Шульга бүгінгі таңда киберспорт қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі екенін айта келіп, оның маңызды тұс­тарына тоқталды.

– Киберспорт дәстүрлі спорт түрлерінің бүгінгі заманауи медиа кеңістікке бейімделген түрі. Киберспорт нарығының өте жоғары қарқынмен өсіп келе жатқаны еріксіз таңғалдырады. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта бұл нарықтың қар­жылай көлемі 500 пайызға кө­бейеді. Мұндай көрсеткіш дүние жүзі бойынша бірде-бір индус­трияда жоқ. 2018 жылы ірі турнирлердің жалпы сыйақы сомасы 150 миллион долларды құрады. Дүние жүзі бойынша 201 миллион адам өзін киберспорттың энтузиасты деп санайды, – деді Степан Шульга.

Степан Шульга киберспорт­тың дамуына ықпал ететін шара­ның экономикалық форум алаңында өтіп жатқанын, ең бастысы оны өткізуге Қазақ­станның бетке ұстар телеком­муникациялық компаниясы «Қазақтелеком» бастамашы болғанын үлкен жетістік деп ба­ғалайтынын жеткізді.

– Мұндай шараларды теле­коммуникациялық компания өткізгенінің маңызы ерекше. Себебі киберспорттың негізінде инфрақұрылым, кеңжолақты интернетке қолжетімділік жатыр. Киберспорттың өзі – тех­нологиялық прогрестің жемісі – деп атап өтті Степан Шульга.

Шындығында, Қазақстанның киберспорт федерациясы осы салаға қажетті инфрақұрылым қалыптастыруда, киберспортты халықаралық спорттық қоз­ғалыстардың бір бөлшегі ретінде дамытуға және насихат­тауға атса­лысып келе жатқанын атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда киберспорттың көптеген салаларға қатысы бар. Атап айтсақ, видеоойындар шығару индустриясы, арнайы құрылғылар, онлайн платформалар, ойындарды тікелей эфирден көрсетуге мүмкіндік беретін стриминг, жарнама бизнесі, тағы басқалары осы киберспорттың тікелей байланыста істейтін салалары. Alibaba Group, Adidas, Prokter&Gamble, MasterCard, Castrol, Audi, Mersedes сынды алпауыт компаниялардың өз тауарларын, қызметтерін өткізуге, имидждерін жақсартуға киберспортты пайдаланып жатқаны осыған байланысты деуге болады. Бұл орайда, басқосуға спикер ретінде шақырылған Alisport-тың электронды спорт жөніндегі жа­һандық директоры Джейсон Фанг:

– Alibaba киберспортқа инвес­тиция салатын аса ірі ком­паниялардың бірі екенін біле­сіздер. Біз соңғы үш жыл ішінде өз өнімдерімізді өткізуге, жар­намалауға тиімді пайдалану үшін киберспорт саласын дамытуға ықпал ететін инфрақұрылым жасадық. Біздің компаниямыз киберспортқа ерекше маңыз береді. Нәтижесінде бүгінгі таңда біздің жұмысымыз Қытайды ғана қамтып қоймай, бүкіл әлемдегі киберспортты қамтуға жететін болды, – деді.

Спикерлердің қатарында Джейсон Фангпен қатар, Ресей компьютерлік спорт федера­циясының басқарма төрағасы Эмин Антонян, Alibaba Group-тің еншілес кәсіпорны Alisport-тың электронды спорт жө­ніндегі жаһандық директоры Джейсон Фанг, Ресейдің Esforce киберспорттық холдингінің стра­тегиялық коммуникациялар жөніндегі директоры Ярослав Мешалкин, U CAN COMPANY LLC директоры Андрей Михеев болды.

Эмин Антонян:

– Қазіргі таңда киберспорт танымалдығы бойынша футбол, хоккей сынды дәстүрлі спорт түрлерін өкшелеп келе жатыр. Менің болжамым бойынша, болашақта ол көрерменнің аса ауқымды бөлігін өзіне қаратып алады, яғни, түсетін табыстың да үлесін алады. Қазірдің өзін­де Ресейде, Қазақстанда және әлемнің басқа да отызға тарта елінде киберспорт спорт түрі ретінде ресми түрде мойын­далған. Майкл Джордан, Шакил О Нил және басқа да әлемдік жұлдыздар оған инвестиция салуда, – дейді.

Эмин Антонян Ресейдің киберспорт федерациясының басқа мемлекеттік мекемелермен арада қалай байланыс орнатқаны туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, федерациялар мемлекетпен тығыз байланыс орнатуға тиіс. Неге? Себебі киберспорт басқа футбол, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен теңесіп, Олимпиялық ойындар­ға қатысуы үшін кемінде елу-алпыс мемлекетте спорт ретінде рес­ми мойындалуға тиіс. Сол үшін киберспортпен айналысу барысында физикалық ауыртпалық пен демалудың арасында тепе-теңдік болуға тиіс.

– Киберспортпен айналысатындар да кәсіби келісімшарт жасайды. Олардың де кәсіби спорт сияқты жаттығатын, ойнайтын және демалатын уақыттары реттеледі. Киберспортшылар жиі шалдығатын ауру түрлері де, емделу жолдары да айқындалған, – дейді Эмин Антонян.

Тіпті, Халықаралық киберспорт федерациясы Дүние­жүзілік допингіге қарсы агент­тікпен келісімшарт жасасқан, спортшылардың қолдануына тыйым салынған заттар да бар екен. Яғни, киберспортты то­лыққанды спорт деп қабыл­дайтын уақыт келген сияқты.

Жоғарыда киберспорт на­ры­ғының қарқынды түрде қанат жайып келе жатқанын, әлемге әйгілі алпауыт компа­ниялардың өзі онымен берік байланыс орнатуға тырысып жатқанын айтқан болатынбыз. «Қазақтелеком» ұйымдастырған панельдік сессия кезінде бұл саладағы қаржы айналымына қатысты бірқатар деректер айтылды. Мәселен, 2017 жылы киберспорт нарығы 655 миллион АҚШ долларына бағаланса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 906 миллион долларға өсіпті. Мамандар 2021 жылға қарай аталған на­рықтың 1,6 миллирд долларға көтерілетінін, ал киберспорт жанкүйерлерінің саны дүние жүзі бойынша 557 миллион адамға жететінін болжап отыр.

Панельдік сессияда ай­тыл­ғандай, киберспорт қарқынды түрде қанат жайып жатқанымен, әлі де дамудың бастауында тұр деу­ге болады. Яғни Қазақстанның киберспорт шараларын өткізу жүйесінде, сонымен қатар киберспорт инфрақұрылымында көшбасшы ретінде көрінуіне толық мүмкіндік бар. Мысалы, Киберспорт туризміне баса назар аударып, адами және қар­жылық ресурстарды ба­ғыттау арқылы елімізді өңір­дің киберастанасы ретінде қалып­тас­тыруға мүмкіндік бар. Халық­аралық киберспорт арбитражын «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында орналастыруға да мүмкіндік мол деуге болады. Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы белсен­ді түрде жүзеге асырылып жатқанын, Қазақстанда киберспорттың бір­қатар түрлері ресми мойын­далғанын, аймақтық чемпионаттар да өткізілгенін ескер­сек, бұл мәселе өте өзекті деуге болады.

Панельдік сессияға қаты­сушы спикерлер таяу болашақ­та киберспорттың ТМД мемле­кеттерінде, оның ішінде Қазақ­станда қаншалықты кең таралатынына болжам жасап көрді. Олардың пайымдауынша, қазіргі таңда киберспортты жақсы көретіндер де, оны ұнатпайтындар да талқылап жатыр. Ал бұл оның танымалдығын арттыра түсетін фактор.

Ресейде киберспортпен айналысатын адамдардың саны 10-12 миллион шамасында. Жалпы, ТМД киберспорт әле­мінде кеңінен танымал өңір деу­ге болады. Бұл елдерде мықты кәсіби мамандар, әйгілі халықаралық турнирлер бар, инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Астана экономикалық форумының аясында осы тақы­рыпқа жеке сессияның арналуы киберспорттың уақыт өткен сайын маңызы артып келе жат­қанының айқын көрінісі деуге болады.