• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Мамыр, 2019

Батыс Қазақстан облысында Шәңгерей музейі ашылды

1395 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы «Бөкей ордасы» тарихи-музейлік кешені – еліміздің Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне алдымен енгізілген киелі мекен. Бөкей ордасы ауданындағы әйгілі Хан Ордасы ауылында Жәңгір ханның кезінен қалған 45 ғимарат, 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында салынған 80 шақты үй сақталған.

Кешен құрамында «Бөкей ордасы тарихы музейі», «Тәуелсіздік музейі», «Хан сарайының қару-жарақ палатасы», «Қазақстандағы алғашқы мектеп тарихы музейі», «Баспасөз тарихы музейі» секілді бірнеше музей кіретін. Енді, міне, олардың қатарына қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Шәңгерей Бөкеевтің музейі қосылды.

Жаңа музейдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан өңіріне жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Сергей Ершов, Мұрат Бақтиярұлы қатысты.

- Еліміздің тарихында осы өңірде хан болып, қарамағындағы халқын өркениетке жетелеген Жәңгірдің орны айрықша. Оның тұрған жерін, айшықты ізі қалған сарайын, тұңғыш қару-жарақ музейі мен мешітін, басқа да ғимараттарын көзбен көру – кез келген қазақ үшін қуаныш. Енді соған Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі қосылып отыр. Ақын туралы деректер, түрлі жазбалары мен фотосуреттері арқылы киелі мұраны кейінгі ұрпаққа дәріптеуге толық болады, - деді өз сөзінде Бірғаным Сарықызы.

Бөкей ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Сейіткерейұлы (1847-1920) – өз заманынан озып туған ерекше тұлғалардың бірі. Астрахань реальды училищесін, Орынбор Кадет корпусын бітіріп, Самар губерниясында бітімші сот болып қызметке ерте араласқанымен, мансап баспалдағынан тез бас тартады. Жәңгір ханның жазғы жайлауы – Көлборсыда қарағай үй салып, қала тұрмысымен күн кешеді. Оның мал тұқымын асылдандырып, саят құрып, сән-салтанатпен ғұмыр кешкені, айналасына талапты жастарды, ақын-күйші өнерпаздарды жинап, әдеби орта құрғаны белгілі. Фотоға түсіру, фонографпен өтетін сауық кештері – дәл осы Көлборсыдағы ерекше ортада қалыптасқан дағды еді. 1911 жылы қазақ зиялылары бас қосып, «Қазақстан» атты газет шығарған кезде де оның басы-қасында ақылшы әрі бас демеуші болып Шәңгерей Бөкеев жүрген болатын. Оның жанында жүрген ағартушы, ақын Ғұмар Қараш қазақ ақындары шығармалары мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, 1911-1912 жылдары «Шайыр» және «Көксілдер» атты кітаптар шығарған кезде де қаржысын Шәңгерей көтерген екен. Большевиктер келіп, берекесін кетірген жылдары жылы орнын суытып, үдере көшуге тура келген Шәңгерей 1920 жылы Қаратөбеде қайтыс болды. Совет өкіметі жылдары есімі ұмытылып, тек соңғы жылдары ғана қайта жаңғырған Шәңгерей мұрасын насихаттап, ақын еңбегін тірілтуге жаңа музей қызмет қылары сөзсіз.