Бейбітшілік және келісім сарайында КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Еркеғали Рахмадиевтің 80 жылдығына орайлас “Таң самалы” атты концерт өтті.
Кеште композитордың әндері орындалып, жиналған жұртты бір желпінтіп тастады. “Таң самалы” десе дегендей, әдемі әндерді бірінен соң бірі қалықтатқан әншілер қатары да осал емес. Атап айтқанда, Қайрат Байбосынов, Серік Оспанов, Гүлнар Хамзина, Ғалия Байғазинова, Азамат Жылтыргөзов, Нұрай Танабаев, Жұпар Ғабдуллина, Клара Төленбаева, Медет Шотабаев, Бәтима Изенаева, Бибігүл Жанұзақ, Ербол Сәдуақасовтар ән шырқап, классикалық әндердің сұлулығын тыңдарман жүрегіне жеткізе білді.
М. Мақатаев, К. Салықов, Т. Молдағалиевтардың өлеңдеріне жазылған Е. Рахмадиевтің әндері қанша уақыттан бері сынын жоғалтпай, сол сұлу күйінде жиналғандарды баурап алды. Сонымен қатар, опералардан да ариялар орындалды. Мысалы, А. Жылтыргөзов “Алпамыс” операсынан Алпамыстың, Бибігүл Жанұзақ Гүлбаршынның ариясын нақышына келтіре орындаса, “Қамар сұлу” операсынан Қамар мен Ахметтің дуэтін Ғалия Байғазинова мен Қияқбай Асамбаев нәшіне келтіре шырқады. Концертті Айтқали Жайымовтың дирижерлігімен бастан-аяқ қазақ халық аспаптары оркестрі сүйемелдеді.
Кеш соңында композитор концертті ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. “Еліміз тыныш болсын, Елбасымыз, атқа мінген азаматтар аман болсын”, деген ақсақалдық тілегін білдірген Е.Рахмадиев орындалған кей әндердің бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылғандығын еске салды.
Кешке Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов қатысып, концертті тамашалады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.