• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2019

Сенат депутаты Сәуле Айтпаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды

920 рет
көрсетілді

Сенат депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Түркістан облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

С.Айтпаева сапар барысында облыс әкімінің орынбасары, қала және аудан әкімдері, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша отырыс өткізді.

С.Айтпаева соңғы кездері балалардың заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы, оның ішінде балаларға қатыгездікпен қарау және ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарау жағдайларының орын алғанын атап өтті.

«Отбасы мәселелері, әлеуметтік жетімдіктің, балалардың қараусыз қалу және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, балалар құқықтарының сақталуын және осы саладағы билік органдарының қызметін қадағалаудың тиімді жүйесін ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері бірлесіп шешім қабылдауды қажет ететін өзекті тақырып болып табылады», - деп атап өтті уәкіл.

С.Айтпаева өз сөзінде 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енгенін атап өтті. Онда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға елеулі рөл бөлінген, ол мемлекеттік органдар мен мекемелердің кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Мұндай комиссиялардың жергілікті жерлердегі рөлі күшейтілді және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түседі.

Кездесу қорытындысы бойынша уәкіл отбасы тәрбиесі, ата-аналар мен балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ата-аналардың балалар үшін жауапкершілігі (алимент, ажырасу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, лайықты білім беру), ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысушылардың назарын аударды. Ол қоғамды, барлық мемлекеттік органдардың өкілдерін келісілген бірлескен іс-қимылдарды күшейтуге және баланың игілігі жолында белгіленген проблемаларды жою үшін белсенді шаралар қолдануға шақырды.