• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Мамыр, 2019

Ауыр дертпен ауырған балалар арасында спорттық сайыс өтеді

1556 рет
көрсетілді

1-2 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласында онкологиядан айыққан және бүйрек пен бауыр трансплантациясын жасатқан пациенттер арасында тұңғыш рет республикалық чемпиондар ойыны өтеді. Бұл туралы «UMC» корпоративтік қорының баспасөз қызметі хабарлады.

«UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырып отырған спорттық жарысқа қатысуға ауыр дертті жеңген 2 мен 18 жас аралығындағы 106 баладан өтінім келіп түскен. Сайыс жеңіл атлетика (60 метрге жүгіру), асық ату, үстел теннисі, ату (пневматикалық винтовкадан 10 метрге), футбол (мини-фубол), шахмат (швейцариялық жүйемен), боулинг түрлері бойынша «Алау» мұз сарайы мен «Пингвин» боулинг кешенінде өтеді.

Ұйымдастырушылар аталған спорттық шараның қатерлі ісік ауруларына шалдыққан және ағзалары трансплантталған балаларды оңалтып, олардың қалыпты өмір салтына оралту, бұл мәселеге қоғам назарын аударту, мұндай дерттердің емделмейтіні туралы қате түсінікпен күресу, медицина қызметкерлерінің абырой-беделін арттыру мақсатында алғаш рет іске асырылғалы отырғанын айтады.  

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 600-дей қатерлі ісік ауруларына шалдыққан бала анықталып жатады. Қазіргі уақытта республика бойынша 4 мыңға тарта бала дәрігерлердің қатаң бақылауында. Олардың ішінде 300-дей бала қолдау терапиясын, яғни ем-дом алып жүр. Осы тұрғыдан алғанда да чемпиондар ойыны балалар мен олардың ата-аналары және емдеуші дәрігерлер үшін қосымша ынталандыру болмақ.      

Іс-шараны ұйымдастыруға еліміздің спорт федерациялары, Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитеті, Медициналық қызметкерлерінің кәсіподағы, «Темірмаш» Павлодар зауыты, «Дауа» қайырымдылық қоры, «Өмір сыйы» науқастар қоғамы, еріктілер мен бизнес өкілдері белсенді асталысуда.