«Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлды кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласына оқуға түсіріп, тікелей тәлім-тәрбие бергенін білесіздер, болашақ жазушы еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған. Бұл сәйкестіктер кейінірек жазушының әдеби қоржынын көркем образдармен байытып, шығармашылық жолы мен ізденістері қазақ халқымен тығыз байланыста өрбіген», деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев былтыр елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Айтматов тағылымы» атты халықаралық форумды тілге тиек етіп, Нұр-Сұлтан қаласының қақ төрінен әйгілі жазушыға ескерткіш орнатылатын орынның белгіленгенін атап өтті. «Қазақ елі қырғыз жазушысының шығармашылығын жоғары бағалап, Қазақстанның халық жазушысы атағын берді. Қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан қаласында Шыңғыс Айтматов атындағы көше де бар», деді елші мырза.
Аты аңызға айналған адамзаттың Айтматовы өмір бойы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті пір тұтып, замандастары Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шахановпен достық қарым-қатынаста етене араласқаны белгілі.
Аталған жиында Қазақстанға арнайы шақырылған жазушының қарындасы, Қырғыз Республикасының қоғам қайраткері Розетта Айтматова ағасы жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовпен кездескен сәттерін әңгімелеп берді.«Мұхтар Омарханұлы Шыңғысқа шығармашылықта көп шарапатын тигізді. Үнемі қолдап, көркем дүниелеріне жақсы пікірлерін жиі жазып жүрді. Шыңғысты қазақ пен қырғызға ортақ тұлға дейтініміз де сол – ағамыздың туындылары бойынша сахналанған алғашқы спектакльдер де Қазақстанда қойылды. Оның әр шығармасында қазақ дүниетанымы, көшпелі түркі дүниесі міндетті түрде орын алатын. Бүгінгі басқосу сол ішкі рухани байланыстың бір көрінісі деп ойлаймын», деді Р.Айтматова.
Аталған дөңгелек үстелде депутат Сауытбек Абдрахманов Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы этномәдени бірлестіктердің жақсы бір жаңаша үрдісті қолға алғанын айрықша атап өтті. «Жақында «Науаи – Шығыс жұлдызы» атты кешке куә болып, өзбек ағайындармен әйгілі Әлішер Науаи жайлы келелі кеңес құрсақ, бүгін адамзаттың Айтматовын ұлықтап, қырғыз бауырлармен кездесіп отырмыз. Бұл – Ассамблеяға өте жарасатын шара. Біз Қазақстандағы барлық халықты осылай ұлы әдебиеті, ұлы дәстүрі арқылы жақындастыруымыз керек. Шыңғыс ағаның менің өмірімде алар орны ерекше. Ағамыздан алған бір ғана сұхбат – өміріме кең өріс ашты деуіме болады. Айтматовтың қазақ ортасында қадыр-қасиеті өте ерекше. Қазақтың барлық жақсы қасиетін, қаншама уақыт айта алмай келген қайғы-қасіретін әлемге көрсеткен бірегей тұлға», деді С.Абдрахманов.
Дөңгелек үстелден бөлек «Тау мен дала кездесуі» атты суретшілер көрмесінің ашылуы, «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық эссе байқауы мен «Манас Ааламы» атты жас манасшылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы №79 мектеп-лицейінде Ш.Айтматов мұражайы ашылып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматов шығармасы бойынша «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін ұсынды.