• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Мамыр, 2019

Асқарларды бағындырған саңлақтар

928 рет
көрсетілді

Алматы қалалық альпинизм федерациясы «Қазақстан альпинизмінің тарихы» атты тақырыпта дәріс оқуды жақсы дәстүрге айналдырды. Бұл жолы КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, 40 жылдан аса уақыт бойы әскерилердің спорт клубы мен Қазақстан құрамасына жетекшілік еткен білікті бапкер Ерванд Ильинский Спорт және туризм академиясының студенттерімен кездесіп, әлемнің ең биік шыңдарына шыққан қазақстандықтар жайында әңгіме қозғады.

 – Қазақстан альпинизмінің бұрыннан келе жатқан тамаша тари­хы бар. 1936 жылы Евгений Кол­окольников жетекшілік ете­тін «Динамо» командасы ал­ғаш рет Хан Тәңірі шыңын бағын­дырды. Сол кездері бұл үлкен табыс еді. Содан кейін-ақ отандық альпинистердің санасында Гима­лай­ға сапар шегіп, Эверестке шығу туралы ой қылаң берді. Белсенді топ Гималайға КСРО-ның алғашқы экспедиция­сын ұйымдастыруға бірнеше мәрте әрекет жасады. Ақыры 1982 жылы сол жос­пар­ды жүзеге асырып, КСРО құрамасы Эверестің оңтүс­тік-шығыс бағы­ты­мен жү­ріп өтті. 1989 жылы Кеңес Ода­ғы­ның екінші экспедициясы Кан­ченд­жангуды бетке алды. Егер бірінші сапарда Қазақстанның бес өкілі болса, екіншісінде саны­мыз тоғыз адамға дейін жетті. Яғни, жерлестеріміз сол коман­да­ның 30 пайызын құрады, – дейді Ерванд Ильинский.

1991 жылы Қазбек Валиев пен Ерванд Ильинскийдің же­тек­­­шілігімен құрамында 10 аль­пи­нисі бар Қазақстанның дербес экспедициясы алғаш рет Дхау­лагриге көз тігіп, қосымша оттекті пайдаланбастан сол тау­дың батыс бөктері жағынан діт­теген жеріне жетті.

1995 жылы Валиев Манаслу экс­педициясын басқарды. Қыс мезгілінде сегіз адам биіктігі сегіз мың метрден асатын шыңға оттек­сіз шықты. 1996 жылы Қа­зақ­­­стан мен Жапонияның бір­лескен экспедициясы Чо-Ойюға кө­терілді. 1997 жылы Ильин­ский­­­дің жетекшілігімен 10 адам сол беткейді бетке ала отырып, Эве­­рестке көтерілді. Солардың ара­сында қазақстандық Людмила Савина да болды. Осы спортшы ғана оттек құрылғысын пайдаланды.

2000 жылдардың басында айтулы бапкер жастардың жаңа командасын жасақтап, Гималайға сапарын қайта жалғастырды. Сол кезден бастап ешкім де от­тек­ті пайдаланбайтын болды. Денис Урубко, Мақсұт Жұмаев және Василий Пивцов сынды саңлақтар әлемдегі ең биік 14 шыңның барлығын бағындырды. Оларға дейін небәрі 12 адам ғана қосымша оттек пайдаланбай-ақ сол межеге жеткен еді.

2011 жылы қазақстандық альпи­нистер ең бірінші болып «биіктігі сегіз мың метрден асатын әлемдегі ең биік шыңдарға шығу» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырды.

 

АЛМАТЫ