Елімізде мұндай ірі бокс кеші өтетінін ұйымдастырушылар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Жиынға MTK Kazakhstan басшысы Асқар Салықбаев, Таяу Шығыс және Азия аймағы бойынша MTK кеңесшісі Ахмед Седдики, кәсіпқой боксшылар Жанқош Тұраров, Виктор Коточигов және шетелден келген бірнеше мәртебелі мейман қатысты.
«6 шілде күні елордада кәсіпқой бокс кеші өткелі жатыр. Бұл тарихи сәттердің бірі болғалы тұр. Себебі бұл кеште Жанқош Тұраров шаршы алаңға оралады. Жанқош соңғы бір жарым жыл бойы айқасқа шықпаған еді. Тағы бір айта кетерлігі – бұл кешке түбі марокколық француз боксшысы Нордин Оубаали шыққалы отыр. Бокс кеші «Барыс-Аренада» өтеді. Билет бағасы 500-2000 теңге аралығында болады. Барынша танымал боксшыларды тартуға тырысамыз», дейді MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясының басшысы Асқар Салықбаев.
Жуырда ғана MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған жерлесіміз Жанқош Тұраров «Барыс Аренада» қазақстандық және шетелдік боксшылардың қатысуымен өтетін бокс кешіне бір жарым жылдық үзілістен кейін рингке шығатынын мәлімдеді. Ол 2017 жылы 9 қыркүйекте өткен соңғы кездесуінде қолынан жарақат алып, шаршы алаңнан алыстап қалған болатын.
«Шаршы алаңға шықпағаныма да бір жарым жыл уақыт болып қалыпты. Десе де, жаттығудан қол үзген жоқпын. Дәл қазір өзімді бабымдамын деп есептеймін. Алла қаласа, әлемдік белдіктерді аламыз деген ойымыз бар. 6 шілдедегі елордадағы жекпе-жекке дейін Англияда рейтингтік кездесу өткіземін. Дайындық өте тамаша», деді Жанқош Тұраров.
Аталған бокс кешінде Тұраровпен бірге жеңіл салмақта WBC бойынша әлем чемпионы титулын және тиісінше орта салмақтағы WBO бойынша Еуропа чемпионы титулын қорғайтын Нордин Оубаали және Дэвид Оливер Джойс сияқты халықаралық жұлдыздар да өз жекпе-жектерін өткізеді. Бұған қоса аталмыш кеште қазақстандық боксшылардан Сұлтан Зауырбек, Виктор Коточигов, Али Балоев, Әбілқайыр Шегалиев, Нұртас Әжбенов және Абай Төлеш секілді былғары қолғап шеберлері жанкүйерлер алдында өз өнерлерін көрсетеді.
Елордадағы әлемдік бокс кешін дүниежүзі бойынша ең ірі спортық оқиғалардан хабар таратушы америкалық ESPN+ телеарнасы жекпе-жектерді АҚШ, Канада және Пуэрто-Рикодағы 100 миллионнан астам көрерменге тікелей эфирде трансляция жасайды. Сондай-ақ iFL TV ютуб жобасы да бұл оқиғаның Еуропа және әлемнің басқа да аймағындағы бокс көрермендеріне трансляция жүргізетін болады.
Айта кетейік, MTK Global – бокс менеджменті бойынша әлемдегі ірі компания саналады. Штаб-пәтері Дубайда орналасқан. Бұл промоутерлік компанияны Геннадий Головкиннің экс-қарсыласы, Еуропаның екі мәрте чемпионы британиялық боксшы Мэтью Маклин 2012 жылғы қыркүйекте құрған. MTK Global промоутерлік компаниясы әлем бойынша көптеген ірі қалаларда бокс кештерін ұйымдастырып келеді.