Түрік телехикаялары елімізге өткен ғасырдың 90-шы және 2000-шы жылдардан бастап ене бастады десек, одан кейінгі жылдары қазақ телеарналары арқылы мұнымен қоса корей, орыс телехикаяларының танымалдығы артты. Бұлай болуына қоғамдағы көптеген жайттар себепші болды. Біріншіден, отандық телетуындылардың ол уақытта жеткілікті болмауы. Екіншіден, адами қарым-қатынастың азайып, жұртшылықтың мейірім мен жанашырлыққа, сүйіспеншілік пен ізгілікке шөліркеуі, өз ортасынан адалдық пен әділдік іздеуі түрік пен корейдің мән-мазмұны жағынан сондай рухани құндылықтарға негізделген, адамзаттың бір-бірін құрметтеп сүюін, жақсылықты өсіріп, жамандықты өшіріп, сыйластықта өмір сүруін дәріптеген дүниелеріне еріксіз елітті. Сөйтіп шетелдік режиссерлердің жемісі «Бораннан ыққан ел бөріге жем болмай ма екен?»-нің керіне тап қылғандай әсер қалдырды.
Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Әсіресе жас талдай солқылдаған жастарымыздың санасына шетелдік телехикаялар көп «дәнді» егіп үлгерді. Кейінгі кездері сахнадағы кейбір жастардың киім кию, шаш қою үлгілеріне, жүріс-тұрысы мен мәдениетіне қарап, ата-бабамыздың дәстүрінде бұрын-соңды болмаған үрдісті байқап қалатынымыз содан. Біреулер мұны заманына қарай адамы, әр кезеңнің өзіне лайық модасы бар дегенмен түсіндіргісі келеді. Солай-ақ болсын-ау! Әйтсе де осылардың астарында сырттан сыналап енген, әлгіндей сериалдар мен фильмдер арқылы жеткен түйткілді дерт жатқаны алақандағыдай айқын сезіледі. Жалпы көрерменнің сериалды қалай қабылдайтынын анықтау мақсатында ресейлік бір журнал арнайы зерттеу жүргізсе, сауалнамаға қатысушылардың дені одан бояу әсемдігін, табиғаттың сұлу көрінісін, сәнді киім мен шынайы қарым-қатынасты, адамға жақсы әсер қалдыратын сюжеттердің басымдығын, заманауи болуды, кейіпкердің арман-мұратына қол жеткізуін көргісі келетіндіктерін айтыпты. Бұл нені білдіреді? Кез келген шетелдік туынды қай жағынан алып қарасаңыз да көрушіге әсерін тигізбей тұрмайтынын, әрине.
Біз әдетте телехикаяның түпкі мақсаты көрерменді өзіне тарта отырып, экранға назар аударту деп қана түсінеміз. Өкінішке қарай олай емес, оның ар жағында көл-көсір міндет тұрғанын, өзге елдің идеологиясы сананы майдансыз майдалап билеп жатқанын сезе қоймаймыз. «Өнерде шекара жоқ» деген сылтаумен, шөптің атын пайдаланып, шөңге де өмірімізге еніп кетіп жатыр. Жер бетіндегі барша адамзат баласының артық құндылығы саналатын әлемдік жауһарлар туралы сөз басқа, әрине. Біздің бұл жерде әңгімеге арқау етіп отырғанымыз – пайдасынан гөрі зияны басымдау болып келетін дүбәра дүниелер хақында. Халықтың едәуір бөлігі теледидар тамашалайтынын ескерсек, жұртшылықтың назарына ұсынылмас бұрын шетелдік сериалдардың адам психологиясына қаншалықты әсер ететіні мен залалы елеп-екшелуі, тексерілуі тиіс-ау! Қоғамда орын алып жататын апат пен опаттың, небір жантүршігерлік оқиғаларға себептің бір ұшы осында жатқан жоқ па екен деген ой еріксіз қылаң беріп қалады. Өйткені қазір небір сұмдықты алдыңызға жайып салатын сериалдар қаптап кеткен заман. Интернет тұрғанда бұлардың таралуын шектеп, мүлде шідерлеп тастау тағы мүмкін емес. Ол – шиыршық атып, айналып тұрған үлкен диірмен. Онымен күресуге пәрмен де, дәрмен де аз. Бүкіл елдің сериалы орысша аудармасымен осында. Мұны кез келген қазақстандық тамашалап отыр деген сөз.
Бұл жердегі айтпағымыз – өзгенің өтпей ұзақ тұрып қалған тұщымсыз, мәнсіз дүниесінің отандық телеарналардан көрсетілуіне жол бермесек, соның өзі үлкен жетістік дер едік. Алайда қазақтың менталитетіне мүлде жат бөгде елдің сериалдарынан есін енді ғана жия бастаған ұлттың санасын соңынан ілестіріп әкете қоярлық төл телехикаяларымызда қауқар бар ма екен қазір? «Оралу», «Жалғыз жауқазын», «Детектив әже», «Мұздағы жалын», «Асыл арман», «Тағы да сүй», «Тағдыр тартысы», «Қарлығаш ұя салғанда», «Махаббатым жүрегімде», «Өгей жүрек», «Жараланған жүректер», «Зәуре», «Қыз жолы», «Кенже», «Бақытсыздар бағы»... Құдайға шүкір, бүгінде кино түсіру технологиясы дамып, олардың орны осындай туындылармен толығып келеді десек те, сапасы тұрғысынан әлі де көңілді күпті ететін жайттар көп. Ал бұл – бөлек әңгіме.