«Бұл форум – халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – цифрлы дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат трансформациясы. Халықтың аталған кезеңнің сын-қатерлеріне қарсы тұратын иммунитетін қалыптастыру қажет, бұл – күн тәртібіндегі аса өзекті мәселе. Бүгінгі шараның әлемдік медиа қауымдастықтан жиналған қатысушылары 7500-ден асты, оның ішінде 60-тан астам мемлекеттен 700-ге жуық сарапшы келді», делінген Президенттің құттықтау хатында.
«Смартфонның көмегімен референдум өткізетін күнге жеттік»
Форумның ресми бөлігі бүгінгі аса өзекті мәселелерді қамтитын мәжілістерге бөлінген. Бірінші пікірталқы «Жаһандану(сыз): әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Модератор – TRT World телеарнасының жүргізушісі Гида Фахри (АҚШ). Модератор өз сөзін қазіргі уақытта саяси және экономикалық күштер арасалмағындағы түбегейлі өзгерістердің куәсі болып отырғанымыздан бастады. Әлемдік экономикадағы көпжылдық жаһандану үрдісінде «кері қозғалыс» байқалатынын айтқан маман «Жаһандық дағдарыс жағдайында қандай мүмкіндіктер пайда болады?» деген сауал тастады.
Бірінші болып сөз кезегін алған құрметті мейман, Армения Президенті Армен Саркисян алдымен халықаралық форумның маңыздылығына тоқтала келе: «Бұл алаң, осынау институт тек журналистік кеңістікке ғана емес, тұтас Еуразиялық өркениет тарихына айшықты із қалдырғаны жасырын емес. Еуразия туралы айтқанда Қазақстанды айтпай кету мүмкін емес. Осы мемлекетте ғаламдық экономиканың ынтымақтастық идеялары дүниеге келді. Қазақстан ұлттар арасындағы алтын көпірге айналып отыр», деді.
Әлемдегі кері қозғалыс тек дамушы елдерде ғана болып отырған жоқ. Бұл – ғаламға тән заңды құбылыс. Сарапшыларды осынау өзгерістердің себебіне үңілуге шақырған TRT World телеарнасының жүргізушісі Гида Фахри тараптарға мәдениет арқылы жақындасу жолдары тұрғысында сауал тастады.
Армен Саркисян өз сөзінде кері қозғалыс деген пікірмен мүлде келіспейтінін, жаһандану одан әрі тоқтаусыз дами беретінін айтты. «Әлеуметтік желілер дәстүрлі медианы алмастыра ала ма? Түбегейлі алмастыра алмайды, меніңше ол екеуі түбінде бірігеді. Ал түрлі ғаламтор желілері адамдардың өзара қарым-қатынасына, түсінісуіне оңтайлы мүмкіндік туғызады. Десе де бізді оның жағымсыз әсерлері де шарпып жатқанын мойындауымыз керек. Бастысы – БАҚ құндылықтарынан, қоғамдық құндылықтардан, ұлттық ерекшеліктерден ажырап қалмауға күш салуға тиіспіз», деді Армения басшысы.«Ақпарат ағынындағы Қытайға қарсы жиі айтылатын пікірлерге не дейсіз?» деген сауалға Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысы Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Байге Жао: «Қытай өндірістегі өрісін өрге оздыра бермек. Біздің ұстанымымыз – еңбек және еңбек. Осындай қауырт еңбек бізге жаңсақ ойға баруға жол бермейді. Жаңа жаһандану деген нені білдіреді? Бүкіл әлем өзгеруі керек. Өзгеру жеке отбасынан басталады. Технологиялар дәуірінің ұшы-қиыры жоқ. Дамудың жаңа тәсілдерін табуға талпына беруіміз қажет», деп қысқа қайырды.
Дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілердің бәсекесі немен аяқталады?
Медиа-форумға қатысушыларға бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлер бірауыздан бұл қос таған болашақта бір арнаға бірігетіні туралы айтты. Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі, Премьер-министрдің ЕО жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Айвэн Роджерс: «Әлеуметтік желілерді бір тәртіпке салып, реттеп отыру, яки болмаса оның бүгінгі қарқынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ оны үнқатысу алаңы ретінде пайдалануға болады», деді.
Алғашқы басқосуда бүгінгі медиа тек журналистикаға қатысты ұғым еместігі сөз етілді, жаңа медиа біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналып отырғанын, ол бүгінгі тіршілікті түбегейлі өзгертуге ықпалы бар екенін айтады мамандар. Виртуалды ақиқаттың тіпті экономикаға, саясатқа, әлеумет пен мәдениетке әсер етуші күші бар. Бұл орайда Армен Саркисян «Медиа – ауқымды виртуалды әлем және оның шынайы өмірімізге ықпалы орасан. Біздің ғаламдық құндылықтарымыз бұл құбылысқа орай өзгеруде, бүгінде смартфонның көмегімен референдум өткізетін күнге жеттік», деді.
Еліміздің басқа елдермен экономикалық байланыстары күн өткен сайын дамып келе жатқанын, Қазақстан тарапы кез келген ғаламдық проблеманы әріптестерімен бірлесе талқылауға дайын екенін жеткізген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев та өз кезегінде тақырыпқа орай ой-пікірін ортаға салды.Эстонияның экс-президенті Томас Хендрик Ильвес смартфондар пайда болған уақыттан бастап ғаламторды тұтынуға деген сұраныстың артқанын айтып, бұл толқынға тосқауыл қою мүмкін еместігімен келісті. Өйткені әлемнің әр төртінші тұрғынында телефон бар. Десек те, сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін жеткізді. «Дәстүрлі БАҚ тарататын ақпараттың 90-95 пайызы шындыққа жанасады, өйткені онда жауапты тұлғалар болады. Бұлар жаңа технологияны меңгеруге жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, онда тек хаос. Сонда ғана екі ақпарат таратушының арасында сыйластық туады», деді маман.
Әлемде 800 млн адам аштыққа ұшыраған
Жер бетіндегі халық саны тоқтаусыз өсіп жатыр. Дамыған және кедей елдердің табысындағы алшақтық тереңдеп барады. Энергетикалық дағдарыс орын ала бастады. Көп елдердің үкіметтері «жасыл энергетиканы» дамыту жолдарын іздеуге кірісті. Жасыратыны жоқ, энергетикалық ресурстардың азаюына қоса, азық-түлік тапшылығы да әлем елдерін алаңдатып отырған түйткілді түйіннің бірі. Осыған орай, АҚШ-тағы «Bloomberg» ақпарат агенттігінің аймақтық директоры Тодд Баер тараптарды азық-түлікті қаншалықты тиімді тұтынып жатырмыз? Адамзат алдында тұрған күрделі мәселелерді шешу үшін қандай технологияларды дамыту керек деген сауалдарды ашық талқылауға шақырды.
Тамақ қалдықтары және тұрақты даму жөніндегі халықаралық сарапшы Стивен Финн: «Тұтыну дағдарысы туралы айтқанда, өндірісті айтпай кете алмаймыз. Бүгін әлемде 800 миллион адам аштыққа ұшырап отыр. Көп жерде су тапшылығы байқалуда. Мысал ретінде айтар болсақ, осыдан 70 жыл бұрын АҚШ азық-түлікті үнемдеуге аса жауапкершілікпен қарайтын. Қазір мүлде олай емес, жаппай ысырапшылдыққа жол берілді. Желінбеген тағамдар қалдыққа тасталады. Бұл экологияға да кері ықпалын тигізуде. Энергетика дағдарысы мен азық-түлік тапшылығы – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын мәселелер. Біз тұтынуды өзгерту үшін тосын қадамдарға баруымыз керек. Ресми дерек бойынша шектен тыс тамақтану әлем жұртшылығының өмір жасын айтарлықтай қысқартып отыр. Энергияны шектен тыс қолдану да дәл осындай қайшылықтарға әкеліп соқтырады. Бәрінің өз теңгерімі болуы тиіс», деді.
Бүгінгі журналистика кәсіби мамандарға зәру
«Доха дебаттары» телебағдарламасының басқарушы директоры Амджад Аталлах (АҚШ-Қатар) жүргізген «Бұқаралық медиадағы цифрлы жүйе: сын-қатерге төтеп бере аламыз ба?» тақырыбындағы мәжілісте бүгінгі медиа тек журналистикаға қатысты ұғым еместігі сөз етілді, жаңа медиа біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналып отыр, ол бүгінгі тіршілікті түбегейлі өзгертуге ықпалы бар, дейді мамандар. Виртуалды ақиқаттың тіпті экономикаға, саясатқа, әлеумет пен мәдениетке әсері орасан делінді. Қазіргі уақытта бір ғана смартфонның көмегімен референдум өткізетін күнге жетіп отырғанымыз рас. Осы тұста медиа-форумға қатысушыларға бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлердің бұл тұрғыдағы пікірі екіге жарылды. Бірі бүгінгі журналистиканы бәсекеге қабілетсіз десе, келесілері дәстүрлі БАҚ ақпарат жеткізудегі жеделдігінен ажырап қалғаны болмаса, ағартушылық функциясында еш ұтылмағанын жеткізді.
«Дәстүрлі медианың дәуірі бітті, бұл деректі қабылдауымыз қажет», деді саяси журналист Михаил Зыгарь. Бұған келіспейтін сарапшылар сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін жеткізді. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Осы орайда Лондон қалалық университетіндегі халықаралық журналистика лекторы, Әдеп журналистикасы желісі кеңесінің мүшесі Захера Харб (Ливан – Ұлыбритания): «Әлеуметтік желілерде таратылатын ақпарат ағынының барлығы дерлік дәйексіз, негізсіз, кей жағдайда жалған екенін көзбен көріп жүрміз. Бұл сауатты журналистиканың сапасына деген сенімді жояды. Журналистерге деген жаңа сын-қатер осы болса керек», деп атап өтті.
Дәстүрлі БАҚ-тың жаңа медиамен бәсекелесе алмайтынымен келісетін тағы бір спикер – колумнист, продюсер, журналист Иво Бурум (Аустралия): «Ұялы телефон – цифрлы да сиқырлы қалам. Бүгінгі журналистің басты міндеті – цифрлы дәуірдің үнін ұғып, соның тілінде жазу», деді.
XVI Еуразиялық медиа-форум жұмысы жұма күні мәресіне жетеді.Айнаш ЕСАЛИ,
Арман ОКТЯБРЬ,
АЛМАТЫ