• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2019

Бақыт Сұлтанов елорданың дарынды оқушыларымен кездесті

987 рет
көрсетілді

Елорданың халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарып жүрген және тамаша жобаларымен жұртшылықты таң қалдырған үздік оқушылар қала әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауында болды деп хабарлайды Еlorda Aqparat.

Биылғы оқу жылы елорданың білім саласы үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде оқып жүрген оқушылар республикада ғана емес, халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда қазақстандық білім саласының дәрежесінің биіктігін кезекті рет бүкіл әлемге дәлелдеді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ шетелдегі іргелі жоғары оқу орындарының емтиханынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданғандары да баршылық. Елордалық оқушылар жасап жатқан жобалар шетелдік компаниялардың да қызығушылығын тудырады. Бүгінгі шара барысында оқушылардың интеллектуалдық және техникалық жобалары қала басшысының назарына ұсынылды. 

Солардың бірі - №73 физика-техникалық мектеп-лицейінің оқушысы Әміржан Дулаттың жобасы. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған автоматтандырылған әмбебап құрылғысын жасап шыққан. Оқушының арбасының құны қолжетімді, сатылымдағы бағасы 80 мың теңгені құрайды. Бақыт Сұлтанов аталған арбаны жасаған талантты жасқа ризашылығын білдіріп, оның құрылғысын индустриялық паркте жасауға қарастыратынын жеткізді. Бұл елордадағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешуге септігін тигізетін жоба екендігі айтылды. 

Кездесуге келген талантты оқушылардың бірі - №6 гимназияның оқушысы Радомир Романов. Радомир Ресейдің Бірінші арнасында көрсетілетін «Бәрінен де күшті» бағдарламасына қатысып, ерекше есте сақтау қабілетімен көрермендерді таңғалдырған. Оқушы әлемге танымал тұлғалардың өмірбаянын мүдірмей жатқа айтады. Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаевтан бастап Стив Джобсқа дейін тарихта есімі қалған көптеген тұлғалардың өміржолын есте сақтап алған. 

№20 мектептің оқушысы, блогер Ақсұлу Бектасова тікелей эфирде қала басшына сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. 

«Бүгінде менде 3 мың жазылушы бар. Сондықтан сізге тікелей эфирде сұрақ қойғым келіп отыр. Елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту үшін көптеген бағдарламалар қолға алынды. Жақын арада тағы қандай жақсылықтар болады?», - деді. 

Кездесуге шақырту алған 120 баланың әрқайсысы еліміздің өркендеп өсуіне өзіндік үлесін қосуға атсалысатын және жарқын болашағына сәтті қадам жасаған өркендер. Олар Б.Сұлтановтан мектеп қабырғасындағы сәттерден естелігімен бөлісуді сұрады. 

Б.Сұлтанов республикалық физика-математика мектебіне емтихан кезінде Архимед заңын ұмытып, оқу орнына түсе алмай, келесі сында ғана өтіп, қабылданғанын еске алды. Сонымен қатар бұл білім ошағында тек математика мен физикамен шектелмейтінін, тарих, биология мен басқа да гуманитарлық пәндердің тереңдетіліп оқытылатынын түсіндірді.  

«Биология пәнінің мұғалімі бірде «3» деген баға қойды. Сонда мен «бізге биологияның керегі не, біз физ-матпыз ғой» деп қарсылық білдірдім. Мұғалім мені тыңдап болған соң «РФММ түлектері барлық пәннен үздік болуы керек» дегені есімде. Сондықтан РФММ жан-жақты, барлық пәнді тереңдетіп оқытатын білім ордасы екенін бәріміз жадымызда сақтап алдық», - деді Б.Сұлтанов. 

Қала әкімі өзі де бір кездері дәл бүгінгі оқушылар сияқты болғанын тілге тиек етіп, сендер алдыңғы толқын ағалардан да асып түсесіңдер, бағындырар биіктерің алда деген сенімін жеткізді. Сондықтан ерінбей, жалықпай еңбектену, үздіксіз білім алу - басты шарт дей келе, қазір адам капиталының құны өлшеусіз екенін еске салды.  

«Бүгін астананың мерейін асырып жүрген сіздермен кездесуім мені қуанышқа бөлеп отыр. Елордалық оқушылар командасы 13 жыл қатарынан мектеп пәндері бойынша республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда «Үздік команда» атағын иеленіп келеді. Біздің балалардың қоржынында 412 медаль бар. Бұл – үлкен жетістік. Алдағы таңда да осы биіктен көрініп, оқуда озат, өмірде табысты болуларыңызға тілектеспін», – деді қала әкімі. 

Кездесудің ресми бөлігі қорытындыланған соң, оқушылар қала басшысымен ұзақ әңгімелесіп, фотоға түсті.