• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Мамыр, 2019

Қазақстанда 185 мың отбасыға жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек төленді

1148 рет
көрсетілді

Қазақстанда 185 мың отбасыға жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек төленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасының «Әлеуметік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру бойынша селекторлық кеңесте осылай мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңеске Әділет, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференция режімінде облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты. 

«Елбасының тапсырмасы бойынша 1 сәуірден бастап жаңа әлеуметтік саясат аясындағы шаралар жүзеге асырылуда. 25-мамырдағы жағдай бойынша, 185 мың отбасыға жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек төленді», - деді Б. Сапарбаев кеңесті аша отырып. 

Еңбек министрлігінде АӘК тағайындауымен қатар әлеуметтік карталарды қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, жүргізіліп жатқан жұмыстың және деректер базасын интеграциялаудың арқасында қазір 13 миллионға жуық адамның деректері өзектендірілген. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне тек қазіргі АӘК алушылармен ғана емес, сонымен қатар әлеуетті адамдармен жүйелі жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды. Ол әлеуметтік көмек көрсету критерийіне жатпайтын, бірақ мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін адамдар да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуға тиіс екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз еңбекке қабілетті адамдардың барлығын жұмыспен қамтамасыз етуге тиіспіз. Көпбалалы отбасыларға және мүгедек адамдарға өз ісін ашу үшін жағдай жасау. Осыған байланысты «Еңбек» жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасына қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру және жеңілдетілген микрокредит беру бөлігінде өзгерістер енгізілуде», - деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдар басшыларының назарын «Е-Халық» жүйесімен дерекқорларын біріктіру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігіне аударды. 

«Адамдар комиссиялар келіп, мін іздейтініне шағымданады. Бізде пайдаланылуы қажет ақпараттық жүйелер бар және сол арқылы болашақта үйлерді араламайтын болады. Мен әкімдіктерден бұл мәселеге шындап кірісуін сұраймын», - деді Б.Сапарбаев. 

2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% - нан 70% - ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 теңге төленеді.