• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Мамыр, 2019

Шымкентте алғаш рет «Otbasy Fest» фестивалі өтті

1149 рет
көрсетілді

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен үшінші мегаполисте алғаш рет екі күнге жалғасқан «OTBASY FEST» атты әлеуметтік және қайырымдылық фестивалі өтті. Шараға қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев қатысып, игілікті шараға сәттілік тіледі.

«Басқарма тарапынан қолға алынған шараға 100-ге жуық мекеменің өкілдері, сондай-ақ қаламыздағы ата-аналар мен жасөспірімдер қатысты. Бүгінгі фестивалдің мақсаты - ата-аналар мен балаларға қажетті қызмет түрлерін бір ортаға тоғыстырып, бүлдіршіндердің жүзіне күлкі мен жылулық сыйлау, отбасы жарасымын қалыптастыру. Бұл отбасылар үшін керемет мереке айналып, дәстүрлі жалғасын тапса деген ойдамын», деді Ж. Қалтаев.

Мереке аясында балалар арасында түрлі спорттық ойындар, ата-аналар арасында байқаулар ұйымдастырылды. Қаладағы барлық мекемелерден өкілдер қатысып, тұрғын үй, әлеуметтік жәрлемақылар, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1, №2 қалалық емханасының дәрігерлері халыққа тегін кеңес беріп, қызмет көрсетті. Визаж, шаштараз, тырнақ әрлеушілері, қолөнер шеберлері және аспаздар шеберлік-сабақ өткізді.

Екі күнге жалғасқан іс-шара барысында белсенді қатысушылар марапатталып, балғындарға ойыншық, балмұздақ секілді түрлі сыйлықтар таратылды.

Бұл реткі фестивальде жас ұрпақты елдікке баулу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  атқарылған жұмыстар туралы жұмыстар ұсынылды. Аталған кеңсесінің Шымкент қаласындағы жетекшісі Зәуре Оралбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген бағдарламаға сәйкес қолға алынған жобаларға тоқталды.

«Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 581 іс-шара өткізіліп, оған 74 мыңға жуық адам қамтылған. «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 32 жоба ұйымдастырылды. Оқушылар мен жастар арасында «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным тағдырым» базалық бағыттары бойынша түрлі форматтарда 138 іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Өлкенің тарихын кеңінен тану мен зерттеу мақсатында қаладағы 5, 6, 7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалып, 2018-2019 оқу жылына арналған мектеп бағдарламасына енгізілді», дейді З.Оралбаева.