– Кешіріңіздер, сіздер болашақ журналистерсіздер ме? – деп сұрады тап-таза орыс тілінде.
– Иә.
– Ендеше, мен қателеспеген екенмін. Осы сәтте:– Қарындас, – деп жымиды біздің арамыздағы орысшаға шорқақтау бір досымыз, – өз тілімізде сөйлесе берсек қайтеді, а?!
Қараторы өңді сүйкімді қыз сәл мүдіріп қалды да:
– Егер, мен өз ана тілімде сөйлесем, сіздер түсінбей қалуларыңыз мүмкін, – деді.– Қалайша?!
Енді біз таңданып, бір-бірімізге қарадық. Сөйтсек, өзімізше қазақ қызы деп тұрғанымыз – қазақ емес, хакас қызы екен.
Оның бізбен, яки болашақ журналистермен неге танысқысы келіп кідіргенін де кейін түсіндік.Бір қарағанда, өте қарапайым, ашық мінезді, кейде тіпті, тым-тым аңғал болып көрінетін сол бір қыздың жаны өте нәзік, пейілі ақ еді. Есімі... ұмытпасам, Надежда болатын.
Ол өзінің туған елі – Хакасия туралы жиі айтушы еді. «Шіркі-і-ін, сендер барып көрсеңдер ғой! Қандай тамаша жер! – дейтін тамсанып. – Мен сендерді Хакасияға қонаққа шақырамын. Келесіңдер ме? Біздің елдің адамдары да тура қазақтар сияқты қонақжай. Түріміз де, тіршілігіміз де сіздерге қатты ұқсайды. Тіпті тілімізде де ұқсас сөздер өте көп! Білмейтін жұрт бізді кішкентай ғана ұлт деп ойлайды. Ал шындығында, тарихи тамырымыз өте тереңде жатыр. Менің тарих факультетін таңдағаным да сондықтан...».
Ол бізден ылғи да: «Хакасия туралы жазыңдаршы», деп өтінуші еді.Сөйтіп жүріп, бізге географиялық картадан ғана таныс Хакасия деген елге қызығушылығымызды қалай оятқанын тіпті аңдамай да қалыппыз.
* * *
Хакастар халық ауыз әдебиетінің ірі өкілдері болып саналатын жыршыларды қайжы деп атайды. Олар да біздің жыршы-жыраулар секілді батырлар жырын, ғашықтық дастандарды бірнеше күн бойы жатқа айтады. Тек, бір ерекшелігі, қайжылар – дыбысты тамақтан шығарады. Былайша айтқанда, қырылдап отырып жырлайды. Бұл әрине, сібір халықтарына ежелден тән қасиет.
Бүгінгі біздің әңгімеміздің өзегіне айналып отырған қайжы Семён Кадышев өз ұлтының бай мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, елінің рухын сөндірмей, өле-өлгенше жырлап өткен тұлға.
Қайжыны қадірлеп, айрықша құрмет тұтатын жұрт өзінің той-томалағын онсыз өткізбейтін болған. Жан-жағынан қаумалап ортаға алып: «Ал қане, бізге енді бір жыр айтып бер», деп қолқа салады екен үнемі. Сонда Семён Прокопьевич мұртын бір сипап қойып, екі езуі екі құлағына қарай жайылып: «Әй, мен бүгін тойға «жаяу» келдім ғой!» дейтін көрінеді.
Мұның сыры – «менің қолымда чатханым жоқ қой,» дегенді білдіреді. Ал «чатхан» дегеніңіз – алты-жеті шекті, кәдімгі «жетіген» сияқты музыкалық аспап.
Қайжының сөзін естіген үй иесі: «Біз саған ең жүйрік тұлпарымызды әзірлеп отырмыз. Жолаушыға – ат, жыршыға – чатхан ауадай қажет екенін білеміз», дейді жымиып.Сөйтіп олар өз аулындағы ең жақсы чатханды алып келеді.
Ал Семён Кадышев болса, әлгі чатханның құлақ бұрауын өз даусына келтіріп алып, «Албынжы» жырын бастайды. Содан соң рет-ретімен «Алтын арыгты», «Хан Кичигейді», «Ай Хучыны», «Кумус хапаттыг Кок пора аттыг Кун Тонысты» жырлауға көшеді.
Өз елінің тарихын, қаһарман батырларын еске алып, көңілі толқып отырған жұрттың көзіне жас үйіріледі. Атам замандағы небір қиын да қызықты оқиғаларға өздері куә болғандай ой-қиялдары көкке самғап, ту-у сонау биікке шырқап шығады.
«Шыңда өскен шынар ағашының тамыры тау құйқасына қалай жабысып, тастай қатып, тырмысып жататынын көргендеріңіз бар ма? Міне, қайжы толғаған жырлардағы бейнелер де тап солай, тыңдаған жанның жадында өмір бақи сақталып қалады, – деп жазады ол туралы хакас жазушысы Михаил Кильчичаков. – Көкорай көктем мезгілінің адам көңілін ешқашан мезі етпейтіні секілді Семён Прокопьевич Кадышевтің поэзиясы да мені ешқашан жалықтырған емес».
* * *
С.П.Кадышев 1885 жылы Хакасияның Шырын ауданындағы Таршы ұлысында дүниеге келген. Жастайынан әкесімен бірге аңға шығып, табиғатты тамашалап, айналадағы адамдармен бірге аң-құстардың да тіршілігін көріп- біліп, көңіліне тоқып өскен.
Ақ Уыс, Қара Уыс өзендерінің жоғарғы сағасындағы қалың тайганы кезіп, күн қатып, түн қатып жүріп аң аулаған шақтарында өз елінің мұңы мен қайғысын тереңнен түсініп, ендігі рухын сөндірмеуге белін бекем буған жан.
Ол кездегі аңшылық, расында да, ауыр азап пен зор михнатқа толы бейнет болатын. Апталап-айлап үй бетін көрмей, тайганы кезіп, табанынан тозып жинаған бағалы аң терілерін аңшылар шет жақтан келген байшыкештерге болмашы ғана арзан бағаға сатуға мәжбүр болушы еді.Күнкөріс қамымен ол кейін алтын кенішінде де жұмыс істеді. Мұнда да таң атқаннан күн батқанға дейін белі бүгіліп құм таситын жігіттердің уақыт өткен сайын мүжіліп, күш-қайраты таусылып, жігері жаситынын көрді. Сондықтан жас жыршының сол бір кездегі толғаған жырлары да көбінесе мұңды, қайғылы болып келетін-ді...
«Біздің таныстығымыз 1945 жылы, соғыс аяқталған кезде қайта ашылған облыстық ғылыми-зерттеу институты ел ішіне шығатын фольклорлық экспедицияларды ұйымдастырып жатқан шақта басталды», деп жазады белгілі музыка зерттеушісі А.А.Кенель. – Жалпы Хакасия халық таланттарына өте бай ел. Ондаған жылдар бойы Абакан қаласында жыршылар мен әншілердің жиыны өтіп келді. Соның ішінде, әсіресе, 1959 жылдың көктемінде өткен өнер сайысына қатысқан өнерпаздар өте көп еді. Бұл сайыстың басты мақсаты – ақын-жыршыларды бір-бірімен таныстыру, шығармашылық тәжірибе алмасу болатын».
Міне, сол топтың ішінде ерекше көзге түсіп, халық жырларымен бірге өз жырларын да көктемгі ақ нөсердей селдетіп ел ықыласына айрықша бөленген Семён Кадышев еді.Осыдан кейін үкімет қайжы шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, кеңінен насихаттауға жол ашты. Есесіне ол да үкіметтің қаулы-қарарларын насихаттап, үгіт жүргізіп отыруға мәжбүр болды.
Әйтсе де, ел ақынды өзінше құрметтеді. Өзгеше қадірледі. Оны Халық қайжысы деп атады.
Жасы сексенге толған шағында қарт қайжы Михаил Кильчичаковтың үйіне қонаққа келіп отырып:– Миша, – дейді ол өз көңіліндегі бір сырды тарқатып, – менің даусым ылғи да осындай бәсең, әлсіз болды деп ойлайсың ба?! Шіркін, жас кезімде қалай жырлағанымды көрсең ғой! Мен әу деп бастағаннан-ақ қыздар көзін төңкеріп, сықылықтап күліп, ал жас келіншектер болса, көзінің жасын сүртіп отырып тыңдайтын-ды!.. Міне қарашы, құлақ салшы жырыма!..
Ақ үйрек жүзген
Асау ағынға
Қараймын көз сап, Ата аламын ба? Қара бұрымды, бейкүнә құсты, Білмеймін, мүмкін Ұнатамын ба?.. Қызға да өстіп, Сыр айта алмай, Жүректі үнсіз Жылатамын ба?.. Көк үйрек жүзген Көгілдір айдын. Қараймын, бірақ, Атпаймын. Қалқаға сол бір, Қоспады тағдыр, Сонда да естеСақтаймын...
Иә-ә, жан-дүниеңізбен беріліп, ұйып тыңдай отырып: «Қайран, қайжы, мына өмір ақынның да, батырдың да басынан өтіп, баққа да, байлыққа да қарамай, желдей зулап кетерін айтқан екенсің-ау!» дейсіз еріксіз.
Менің ойыма баяғы-ы, студент кездегі хакас қызы оралады. Ол өзінің туған елін, өскен жерін сағынғанда бізге алыстағы Саян таулары, Абакан даласы туралы айтушы еді.Нәркес қара көзіне жас үйіріліп, Алатаудың биік шыңдарына қарап:
«Былтыр Қостанайға картоп теруге барғанымызда қазақ даласының сондай ке-е-е-ең екенін көріп, қатты таңғалдым», дейтін.
Бірде ол Абаканнан «Хакас халқының мақал-мәтелдері» деп аталатын алақандай кітап алып келді. Сонда біз: «Апыр-ай, түріміз ғана емес, тіліміз де ұқсас екен ғой», деп шынында да қайран қалдық.
* * *
Расында да, хакастар іргеміздегі қырғыздар секілді бізге туыс, рухани жақын халық. Олардың «Албынжы» жырындағы Құлатай батыр, зұлым сиқыршы Юзут-Арх (Жүзіқара), қарақат көз сұлу қыз Жарық-Көк, «Хан-Кішігей» жырындағы Кішігей секілді кейіпкерлердің аты, Кем-су (Енисей), Ағбансу (Абакан), Үйбата, Қамысты, Ақ және Қара иіс, Сарала сияқты жер-су атаулары біздің тілімізбен бірге тарихымыздың да тамыры, түбі бір екендігін анық аңғартып тұрады.
Өз ұлтының рухын өшірмей, ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын сақтап, бүгінгі күнге жеткізген қайжы 1977 жылы шілде айының 30-ында дүние салды. Түркітілдес туысқан елдердің мәдени байланысы мен ынтымақтастығын нығайту жолында қызмет етіп келе жатқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2015 жылы С.П.Кадышевтің 100 жылдығын кең көлемде атап өтті.