Дегенмен осы күндері еліміздегі Сауда кәсіпорындары қауымдастығы дабыл қағуға көшіп, уәждерін алға тартып отыр. Кодекс жобасының ережелеріне байланысты елдегі мыңдаған сауда нүктелері шығынға батады деп алдын ала дабыл қағуда. Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған аталған жоба аясында қазір мақұлдастыру рәсімдері өткізіліп жатыр.
Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, темекіні сауда сөрелеріне жайғастыруға тыйым салу 2013 жылы талқыланып, қабылданбай қалған еді. Өйткені бұл норма мақсатқа сай емес және шылым шегуге қарсы күресуге көмектесе алмайды деген шешім шыққан.
– Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені тағы да көтеріп отырғаны түсініксіз. Темекі – ішімдік немесе құрамындағы қанты мен тұзы көп өнімдер секілді заңды тауар. Шынын айтқанда, бұл өнімдердің тұтынушыларға зиян келтіру деңгейі темекіге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мұндай қисынға салатын болсақ, онда бүкіл тауарларды жайғастыруға тыйым салу қажет, – дейді Ж.Әжібаева.
Бірақ саудагерлер қант пен тұз дәл темекі өнімдері сияқты тәуелділік тудырмайтынын қаперге алғысы келмейтін секілді.
Қазақстандағы барлық дүкендер мен супермаркеттерді біріктіріп отырған және олардың мүддесін қорғаумен айналысатын Сауда кәсіпорындары қауымдастығы басшысының пікірінше, Кодекстің жаңа нормалары міндетті түрде мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың айтарлықтай қысқаруына, контрафакталық өнімдердің көбеюіне, сондай-ақ жұмыс орындарының қысқаруына және шағын кәсіпорындардың жабылуына алып келмек.AC Nielsen мәліметтері бойынша, 2018 жылы Қазақстандағы контрафакталық өнім үлесі шамамен 1,8-2%-ды құраған. Осылайша мемлекеттік бюджет салық түрінде түсетін ең кем дегенде 1,9 млрд теңге қаржыдан айрылып қалған көрінеді.
«Темекіні көрнекі жайғастыруға тыйым салу сатушы сөресіне тығып сатылатын контрафакталық өнімнің түсу ықтималдығын арттыратыны дәлелденген. Мәселен беделді AC Nielsen халықаралық агенттігінің мәліметі бойынша, көршілес Ресейде 2014 жылы темекіні ашық сатуға тыйым салғаннан кейін, заңсыз темекі өнімдерінің сатылымы 2013 жылы 19,3%-дан 2016 жылы 28,3%-ға дейін жеткен», дейді Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев.
Алайда адамның өмірін де, екі өкпесін де тұншықтырған темекі деген жапырақ та – әзәзіл. Бұл қадамға барып отырған мемлекет үшін бастапқыда қандай қиындықтар мен кедергілер туындаса да – ол сол ел халқының денсаулығынан артық емес.
Сондай-ақ ритейл төмендегідей уәжді тықпалап отыр. Темекіні жайғастыруға тыйым салынғанымен, бұл темекі шегу деңгейінің қаз-қалпында қалуына алып келген, мұны басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен, Канада мен Ирландияда тыйым салынғаннан кейін, шағын дүкендердегі сатылым төмендеп, заңсыз сауда айтарлықтай өскен. Ирландияда тыйым салынғаннан кейінгі айналымдағы заңсыз өнімнің бастапқы үлесі 12%-ға жуық болған, бұл тұста олардың жартысы контрафакталық өнім болған. Ал қазіргі таңда Ирландиядағы заңсыз өнім үлесі бүкіл жалпы нарықтың 25%-ын құрап отыр.
Тура осындай жағдай басқа да халықаралық нарықтарда орын алды: Канаданың Онтарио және Квебек провинцияларында алғаш рет темекі өнімдерін жайғастыруға тыйым салынған кезде, заңсыз сауданың жедел қарқынмен өскені байқалған (Онтариода 2007 жылы 31,6%-дан 48,6%-ға дейін және Квебекте 2007 жылы 30,5%-дан 40,1%-ға дейін). Бірқатар сауда нүктелері үшін темекі өнімдеріне арналған сөрелерді қайта жабдықтауға байланысты шығындар ауыр талапқа айналуы мүмкін. Темекіні сақтауға және сатушының сұрауы бойынша ғана темекіні көрсетуге мүмкіндік беретін арнайы сауда жабдықтың орташа құны 180 мың теңге тұрады. Осылайша мұндай жабдықты сатып алуға кететін шығын шағын және орта бизнестің, әсіресе, шағын бөлшек сауда нүктелерінің мойнына жүк болып түседі-міс. Алайда ортанқол темекі шегетін әрбір адам жылына кем дегенде 1 мың АҚШ долларына шығындалып қана қоймай, өз өмірін де, келешегін де улап отырғанын неге қаперден шығарамыз?! Сол сияқты қоғам белсенділері бұл шешімдер не дүкендердің жабылуына, не темекіні заңсыз сатуға алып келеді деп алаңдап отырған жайы бар екен. Кодекске енгізілген түзетулер жүздеген сауда нүктелерін тақырға отырғызбақ. Шағын сауда нүктелерінің табысы кем дегенде 25%-ға темекі өнімдерін өткізуге тәуелді.«Шағын дүкендер – Қазақстандағы көптеген отбасылардың басты табыс көзі, соның ішінде менің отбасым да бар. Темекі сөрелерін жабу, арнайы жабдықтар сатып алу біздің қалтамызға ауыртпалық салмақ. Біз салық төлеп, адамдарға жұмыс береміз. Ал бізді енді күнделікті табысымыздың төрттен бірінен айырмақшы. Темекі қораптарына қорқынышты суреттерді жапсыру, темекі бағасын көтеру, осы уақыт ішінде енгізілген тыйымдар еш нәтиже бермеген болса, неліктен сөрелерді жабу бұл мәселені шеше алмақ? Мұндай норма ірі және шағын сауда нүктелерін теңсіз жағдайға қойып отыр деп есептеймін», деп наразылығын білдірді алматылық дүкендердің бірінің қожайыны Айгүл Ибраева.
Әрине, бұл баспасөз мәслихатына ритейл дайындықпен келгені сөзсіз. Бірақ шағын бизнестің иесі бесіктен белі шықпаған баласының шылымға әуес болғанын қалар ма екен? Азды-көпті пайда үшін жақындарының темекінің зиянынан өмірі қысқарғанына, түрлі дерттерге душар болғанына келісер ме еді?
Сонымен еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері заң жобасына қарсы қол жинауды бастап кетті. Қазір оған 2500 адам қол қойған көрінеді. Кәсіпкерлер петицияны ел үкіметіне жолдайын деп отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлер Кодекстің жаңа нормаларына қатысты наразылықтарын білдіру үшін бейне-үндеуді дайындап қойған.Қауымдастық өкілдері темекі шегуге қатысты мәселені саламатты өмір салтын насихаттауды күшейту және өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу шараларын өткізу арқылы шешуді ұсынады. Ал дұрыс ойластырылмаған тыйым салулар елдегі шағын және орта бизнес табына, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті бюджетке орны толмас зиян келтіреді деседі.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті ел экономикасының басты қозғалтқышы деп атады. Осы саланың қызметіне жан-жақты қолдау көрсету жаңа жұмыс орындарының құрылуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, сондай-ақ нарықтағы тепе-теңдіктің орнауына алып келмек. Алайда іс жүзінде мемлекеттік органдар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды дайындап отыр» деген Сауда кәсіпорындары қауымдастығы темекі сатудан бөлек, табыс табудың мың түрлі жолы бар екенін ұмытпағаны ләзім.
Иә, адам денсаулығынан артық, адам денсаулығынан қымбат не бар? АЛМАТЫ