Аймақ басшысы, сондай-ақ «Ақ Жайық» табиғи резерватының жағдайына да назар аударды. Қорық аумағында туризмді дамыту және қосымша бақылау қосындарын орнату төңірегінде шаралар қолға алынады. Резерватта соңғы жылдары дала өрті жиілеп кетті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бақылау қосындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл балық саудасының заңсыз айналымын болдырмау үшін қажет. «Шығынды көп талап етпейтін осы құрылым резерват қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетеді, тиімділігін арттырады. Алыс қашықтықты да қадағалауға мүмкіндік беретін арнайы дрондар алу керек, бірақ бұл шаралар қорықтағы аң-құстарға кесірін келтірмеуі тиіс», деп атап өтті Н.Ноғаев.
«Ақ Жайық» табиғи резерватының басшысы Нұрболат Кәрімов бірнеше туристік бағыт жасалып жатқанынан хабардар етті. «Қорық аумағында арнайы сүрлеу жолдар салдық. Туристер қызметкерлеріміздің көмегімен серуендеп, моторлы қайықтармен Каспий теңізіне шыға алады. Арнайы белгіленген жерлерде салмағы бес килодан аспайтын балықты қармақпен аулауға рұқсат етіледі. Резерваттың бай табиғатына шетелдік туристердің қызығушылығы жоғары, қазір инфрақұрылым жағын қарастырудамыз», дейді Н.Кәрімов.
Кезінде атағы алысқа жеткен «Атырау балық» зауытының орнында қазір қаңыраған бос ғимараттар ғана тұр. Иесіз цистерналардан төгілген жанар-жағар май топырақты ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізуде. Келеңсіз жағдайды көрген облыс әкімі табиғатқа келтірілген залалдың елеулі-елеусіз болмайтынын айтып, қарамағындағыларға тапсырма берді. Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының айтуынша, қазір балық өңдеу зауытының баланстық құнын анықтау шаралары жүріп жатыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін зауыттың орнына жаңа шағын аудан салынады. АТЫРАУ