Әсет Серікбаев жаттықтыратын балуандар Италияның Сассари қаласындағы турнир аяқталған соң, тікелей Минскіге жол тартты.
Минскіде Қазақстаннан бөлек, Франция, Финляндия, Молдова, Румыния, Якутия, Литва және Беларусь елдерінің өкілдері жаттығуда.
26 мамырда басталған оқу-жаттығу жиыны 11 маусымға дейін жалғасады.
«Италиядағы турнирде балуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Құрама қоржынында екі алтын медаль бар. Жалпы есепте бірінші орын иемдендік. Бұл біздің елімізде өтетін әлем чемпионатына дайындық кезеңінің бір бөлігі. Енді оқу-жаттығу жиындарында шеберлік арттыратын боламыз», - дейді бас бапкер Әсет Серікбаев.
Еске сала кетейік, Сассарида өткен халықаралық турнирде еркін күрестен Қазақстан командасы жеті медаль жеңіп алды.