• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Мамыр, 2019

Еліміздің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты

1129 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері елімізде оба, сібір жарасы, іш сүзегі, паратифтер, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, трихинеллез, висцералды лейшманиоз, құтырма сияқты аурулар тіркелген жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин осылай деді.
«2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда А вирустық гепатитімен ауырғандар 2,8 есеге, бактериялық дизентериямен сырқаттанғандар саны 44,9%-ға дейін азайған. Ал желшешек 32,8%-ға, энтеробиоз 31,0%-ға, сальмонеллез 29,9%-ға, дерматомикоз 16,0%-ға, тыныс алу органдарының туберкулезі 11,3%-ға, тұмау 11,0%-ға, ЖРВИ 9,9%-ға төмендеген», деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, туляремия, қызамық, кене вирусты энцефалиті, паротит, безгек, тері лейшманиозы, альвеококкоз аурушаңдығының бірлі-жарым жағдайлары тіркелген. Сондай-ақ қосымша вакцинацияның нәтижесінде сәуір айында қы­­зылша ауруы наурызбен салыстырғанда 17,3% тө­мен­деген. Бұл ауруға шал­дыққандардың 61,6%-ы егіл­меген балалар арасында бай­қалған. «2019 жылдың 1 қаң­та­рынан қазіргі уақытқа дейін қызылшаның 7560 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жа­сқа дейінгі балалар ара­сын­­да 5339 жағдай, яғни 70,6%. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ошақ­тарда иммундау жүр­гізіледі, бүгінде 14794 адам егілді», деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Балалардың жазғы демалыс кезінде ішек инфекциясына жиі шалдығатынын жеткізген ол дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек екенін ескертті. Сон­дай-ақ менингокок инфекция­сы бойынша жағдай тұрақты екенін айтқан Ж.Бекшин: «Осы жылдың басынан бері менингококк жұқпасының 22 расталған жағдайы тіркелді, былтыр осы кезеңде 60 науқас анықталған еді», деді.