Елбасы кездесу барысында Владимир Путинге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін тапсырды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі нәтижелері мен әрі қарайғы даму перспективаларын атап өтті.
– Бес жыл бұрын, Сіз және Александр Лукашенко үшеуміз осы одақты құрдық. Біз жүзеге асырған бұл идея менің тарапымнан 25 жыл бұрын ММУ қабырғасында ұсынылған болатын. Қиын уақыттарға қарамастан, арамыздағы өзара сауда өсіп келеді. Бірлескен кәсіпорындардың саны артуда. Еуразиялық экономикалық одақ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйымдармен интеграция жолымен жүруі тиіс деп есептеймін. Бізге осы жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Владимир Путин өзіне тапсырылған марапат үшін Елбасына алғыс айтты және жан-жақты диалогтың әрі қарай нығая беретініне сенім білдірді.
– Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екіжақты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара стратегиялық іс-қимылын дамытуда атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте Сіздің зор еңбегіңіз бар, – деді Ресей Президенті.
* * *
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.
Кездесу барысында Елбасы құрметті қонаққа «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.
Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконың интеграциялық үдерістерді дамыту және Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың осы жерде құрылғанына 5 жыл және өзім ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жария етілгеніне 25 жыл толып отыр. Сіз қолдау көрсетпегенде бұл ұйым құрылмас еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь халқына және оның көшбасшысы А. Лукашенкоға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
– Сізге кез келген мәселе бойынша қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын. Сіз Беларусь Республикасын жоғары деңгейде дамытып келесіз. Сізді Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Александр Лукашенко қонақжайлық көрсетіп, марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді.
– Беларусь халқына құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл – менің халқыма деген ыстық ықыласыңыз бен құрметіңіз. Қазақстанның Президенті – лайықты азамат. Сіз дана шешім қабылдадыңыз. Қазақстандықтар басқа халықтар сияқты тұрақтылықты бағалайтынына сенімдімін. Ең бастысы – еңбек. Еңбек етсең, нәтиже де болады, – деді Беларусь Республикасының Президенті.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі халық арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Біз – бір-бірімізге жақын, бауырлас халықпыз. Мен Сіздің еліңізді жақсы білемін. Қазақстанның алдағы уақытта да Сізді қолдайтынына сенімдімін, – деді Елбасы.
Сооронбай Жээнбеков жоғары марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Елбасының Орталық Азия халықтарының достығын нығайту ісіндегі ерекше рөлін атап өтті.
– Сіз Түркі әлемінің көшбасшысы саналасыз. Сіз Орталық Азия елдерінің достығын нығайту ісіне зор үлес қостыңыз. Мен үшін қазақ халқының Елбасынан орден алу – зор мәртебе. Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.