• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2019

Тайында озған дарабоздар

921 рет
көрсетілді

Қостанай кілең «самородок сары алтынды» жинады. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залы лық толды. Осында «Республика-Өңір-Даму» республикалық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен сегізінші рет өтетін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында «Жас өркен» балалар сыйлығы тұңғыш рет тапсырылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген Жастар жылы еліміздің дарынды балаларына құрмет көрсетудің алғашқы салтанатын өткізудің таңдауы Қостанай қаласына түсті. Бұл қостанайлықтар үшін зор мәртебе, мақтаныш екені аян. Мұны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов республикалық беделді балалар сыйлығының алғашқы лауреаттарын құттықтағанда да атап өтті.

– Еліміздің болашағына балайтын жас дарындарға арналған бұл сыйлықты тұңғыш тапсырудың Тобыл-Торғай өңірінде өтуі бекер емес деп білеміз. Өйткені Қостанай – халқымыздың тұңғыштарын берген топырағы құнарлы, қасиетті өлке. Қос өзеннің бойында тұңғыш рет тархан атағын алған батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібек, тұңғыш ғалым Шоқан, тұңғыш ағартушы Ыбырай, тұңғыш қазақ романын жазған Міржақып, тұңғыш кәсіби дәрігер Мұхамеджан Қарабаев, тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералин, тағы басқа ірілеріміз туып, балалық шағын өткізді. Бүгін топ жарып, сыйлық алатын жас өрендеріміз ертең еліміздің көк байрағын желбіретіп, талай халықаралық деңгейдегі асуларды асып, биіктерді бағындыратынына біз сенімдіміз. Жас дарындарды жетістіктерімен құттықтай отырып, сіздердің ізденулеріңізге, еңбек етулеріңізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында елімізде барлық жағдай жасалғандығын айтқым келеді. Біздің облыста да мұның жақсы мысалдары бар, – деді Архимед Бегежанұлы.

 «Жас өркен» балалар сыйлығы 14 аталым бойынша еліміздің 8 облысынан келген 28 жас дарынға және мұның сыртында қосымша аталымдармен балалар мен жасөспірімдер ұйымдары мен газеттер, балалар тақырыбына арналған жобаларға тапсырылды. Сыйлыққа ие болған жас дарындар ішінде қарымы қазірден көрінген қаламгерлер, әншілер, бишілер, шешендер, ақындар, блогерлер, спортшылар, зерттеушілер, тағы басқалар бар. Олардың әрқайсысы осы сыйлыққа де­йін өздерін республикалық, халықаралық байқауларда мойындатып үлгерген. Ана сүті аузынан кетпеген бала болса да, олардың бұғанасы қат­пай жатып, шығармашылық жо­лы, тындырған ісі таңғаларлық. Ал осы байқаудың бас жүлдесі «Жыл таңдауы» аталымы әнші бала Ержан Максимге берілді. Ресейдің «Бірінші арнасының» «Голос. Дети» тележобасына қатысқаннан кейін Ресейдің әйгі­лі мамандарының жоғары бағасына ие болып, таланты жарқырап көрінген 12 жасар баланың аты қазір алысқа кетіп үлгерді, Ержанның есімі бү­гін­де елдің аузынан түспейді. Ол Қос­танайға құрқол келмепті, салтанат­ты шараға қатысқандар алдында ән шыр­қап берді. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Жас өркен» сыйлығының мазмұнын сыйдырған мүсін­шені, диплом, ақшалай сыйлық сер­ти­фикатымен бірге алтынмен апта­л­ған эксклюзивті ұялы телефон сый­ла­ды.

«Болар елдің баласы он бесінде баспын дер» деген ғой халқымыз. Ержан он екіге енді келді. Ойын баласы кезі, бірақ ол ойын емес, ойдың жетегінде, алдына қойған мақсаты биік. Журналистердің қаумалап, «балаңыз үлкен сахнаға тым ерте шықты, бұл сізді ана ретінде қобалжытпай ма? Алда қандай жоспарлары бар?» деген сұрақтарына анасы Гүлмира Әлібек сенімді жауап берді.

– Ержан осыған дейін көптеген байқауларға қатысты, өзін сахнада еркін, сенімді ұстайды. Оған менің де сенімім мол. Алға қойған үлкен жоспарлары бар, бірақ оны айтқым келмейді, балам әлі жас, – деді Гүлмира. Қазақтың қара домалақ баласының дауысына берісі Ресей, арысы Еуропа елдері тәнті болды. Қазір бір жағынан мектептегі сабағына, екіншіден байқауларға дайындық, музыкалық білімін ұштау жұмыстарына үлгеруі тиіс Ержанның уақыты да тығыз. Ол анасымен бірге Қостанайдағы шара басталар алдында 10 минут қана бұрын ұшып келіп, байқау аяқталған соң «Голос. Дети» шулы жобаның қайта өтетін финалына қатысу үшін жолсоқты болып, Мәскеуге жүріп кетті.

 «Жас өркен» балалар сыйлығын алған үздіктер қатарында қостанайлық бес талант төбе көрсетті. Мысалы, солардың арасында «Жас зерттеуші» аталымының жеңімпазы Алдияр Әміров информатиканы қызыға зерттейді. Республикалық, ха­лықа­ра­лық байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Ол мектепті бітірген соң прог­раммист мамандығын игеріп, зерттеу­мен, ғылыммен айналысуды мақсат тұтады. Арқалық қаласындағы Елена Цвентух басқаратын, жас ұрпаққа елге, жерге деген патриоттық тәрбие берудегі жарқын істердің үлгісін көрсетіп жүрген «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы да сыйлыққа лайық деп табылды.

Дарынды балалардың еңбегін елеуді, оларды насихаттауды мақсат тұтқан жобаның ұйымдастырылуы да ерекше екенін айтқымыз келеді. Үздіктерді іріктеуге уақыт, заман талабына сай интернет желісі арқылы бұқара көпшіліктің өзі атсалысты.

– Бұл «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясындағы балаларға арналған алғашқы жоба. Байқаудың шарттары Фейсбук желісінде жарияланды. Желіде жұртшылық 14 аталым бойынша өзінің сүйіктісін ұсыну керек болатын. 300-ден аса пікірлер мен ұсыныстар жазылды. Сенатор Бірғаным Әйтімова басқа­ра­тын құрамына қоғам белсенділері, Парламент депутаттары кірген қазы­лар алқасы жұмыс істеді. Байқаудың екін­ші сатысына әр аталымнан 4 үміткерді алып, олардың арасында дауыс беру басталды. Бұл жерде қазылар алқасы байқау тәртібі жүйе­сі­нің бұзылмауын ғана қадағалап отыр­ды, ал дауыс беріп, кімнің қандай орынға, Гран-приге кімнің лайықты еке­нін әлеуметтік желіде жұртшылық өзі шешті, – дейді «Республика-Өңір-Даму» қоғамдық қорының атқарушы директоры Әлібек Бәйнешов.

Міне, «Жас өркен» балалар сый­лы­ғын алған жас дарындар осындай жүйемен анықталды. Тайында озған дарабоздарды халық өзі көреді екен.

 

ҚОСТАНАЙ