Арыстан Исанжулов көптеген республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып, бүгінде FIDE (ұлттық шахмат федерацияларын біріктіруші халықаралық спорт ұйымының) шебері дәрежесіне жеткен әлем чемпионы. Кездесу барысында Арыстан елордада наурыздың 4-15 күндері «Қазақстан шахмат федерациясының» ұйымдастыруымен классикалық шахматтан өткен әлем чемпионатының командалық қызықты тартысы жайлы әңгімелеп берді.
Чемпионаттың бас демеушісі – ERG Еуразиялық тобы, ал турнирдің бас серіктесі Samruk Kazyna болса, осы шараға 50 ноутбук, 4 принтер және 2 МФУ ұсыныпты. ERG Еуразиялық тобы мен Samruk Kazyna өтініші бойынша жоғарыда аталған барлық жабдықтар Қазақстанның он бір өңіріндегі балалар мекемелеріне шахмат спортын дамыту үшін табысталуы қажет екен. Семейдегі №8 Балалар үйіне бөлінген төрт ноутбукты тапсыру міндеті Арыстан Исанжуловқа тапсырылған.
– Арыстан төрт ноутбукты тапсырғанда балаларымыз бір жадырап қалды, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рымхан Нұрғалиева, – халқымыз «Жетім көрсең жебей жүр» деп бекер айтпаған. Арыстанға қарап балаларымыз үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Еgemen Qаzaqstan»
СЕМЕЙ