Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет үйінде Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаиды қабылдады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 2018 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 54%-ға өсіп, $2 млрд құрады.
Инвестициялар, ауыл шаруашылығы, технологиялар, инновациялар салаларындағы Қазақстан мен Жапония экономикалары арасындағы синергия келешегі қаралды. Тараптар аталған бағытта екі елдің кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстарын тереңдетудің және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер іздестірудің алаңына айналатын Қазақстан – Жапония бизнес форумын өткізу мүмкіндігін талқылады.
Үкімет басшысы стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды мәнін атап өтіп, Қазақстанның технологиялық даму саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға деген қызығушылығын растады. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады және екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.