Ал сайлау туралы заң бұзушылықтар болды деп есептелсе, заң бұзушылық жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссияларына, сотқа немесе прокуратура органдарына жүгінуге болады. Сол сияқты осы сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты адамды толғандыратын мәселелер бойынша аумақтық, округтік немесе учаскелік сайлау комиссияларына хабарласуға мүмкіндік жасалған. Демек, мұндай жағдайда кез келген сайлаушының заңды жауап алуына құқығы бар деген сөз.
Мәселен, Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған, сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған, сайлау алдындағы үгiттi сайлау күнi, не соның алдындағы күнi жүргiзген, сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген және кандидаттар мен саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасалған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылық қарастырылған.
Сонымен қатар сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын және азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған, сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген, басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген немесе сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған, анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан, үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдағандар да жауаптылыққа тартылады.
Сондай-ақ кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен, кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан көмек алған, сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған, сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
Дауыстарды санау нәтижелерi туралы хаттама бір парақтың екі жағына басылады. Хаттамаға сайлау комиссиясының төрағасы мен комиссия мүшелері қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды. Хаттаманы қарындашпен және әр түсті сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бір түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс. Дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттаманың көшiрмесi жалпы жұрттың танысуы үшiн аумақтық сайлау комиссиясының үй-жайында iлiнедi.Аумақтық сайлау комиссиясында қатысып отырған адамның тiлегi бойынша қорытынды шығарылған кезде оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi. Дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамаларға қол қойылғаннан кейін олар дереу облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының сайлау комиссияларына ұсынылады.
Облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының сайлау комиссиялары ОСК-ға дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттаманы хаттама жасалған күннен бастап екі күндік мерзімнен, яғни 11 маусымнан кешіктірмей ұсынады. Учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамаларында қателер, сәйкессiздiктер анықталған кезде, сондай-ақ дауысты санаудың дұрыстығына күмәнданған кезде, тиісті жоғары тұрған сайлау комиссиясы тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы.