Бірнеше жылдан бері еліміздің тарихи маңызы бар әрі көрікті жерлеріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген «Nomad Explorer» тобы биылғы шараға Жамбыл облысын тұңғыш рет қосып отыр екен. Белгілі саяхатшы Марғұлан Сейсенбай бастаған сапардың алғашқы бағыты екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласынан басталды. Жоспар бойынша экспедициялық топ Тараз қаласынан шығып, Алатаудың етегіндегі ортағасырлық Ақыртас тарихи нысанына барды. Сонымен қатар саяхатшылар Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан Тектұрмас кесенесіне келіп, одан кейін Қарахан, Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелерінің тарихымен де танысты.
Бұдан кейін Жуалы ауданының Берікқара шатқалында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай «Қызғалдақ – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Аталған шара еліміздегі Грейг, Кауфман, Зинаида, Борщов, Колпаковский қызғалдақтары сияқты эндемиялық өсімдіктерге жастарды ұқыпты қарауға шақыру болып табылады. Сонымен қатар мұндағы Грейг және Кауфман қызғалдақтары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Іс-шараның негізгі мақсаты – Жамбыл облысының тарихи жерлерімен қоса, табиғат кереметін де туристерге таныстыру және оны сақтаудың маңыздылығына мән беру», дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Аталған ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институты, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, Жамбыл облысы туристік фирмасының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, блогерлер мен фототілшілер қатысты. Конференцияға қатысушылар Берікқара шатқалындағы көктемгі әртүрлі өсімдіктерді тамашалап, жабайы қызғалдақтар аясында фотосессиялар ұйымдастырды. Сонымен қатар мұнда көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойын түрлерінен де фестиваль өтті.
Жамбыл облысы