Орталықтың ашылу рәсімінде «El-ana» әдеби-танымдық студенттік альманағы мен «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
– «El-ana» әдеби-танымдық студенттік альманағы студенттер шығармашылығына арналған. Қазіргі дәуірдің мың-қат заман бағытын түзуші тұлға қалыптастырудың ауқымды міндеттеріне аз да болса септігін тигізсем деп ашылып отырған басылымда бірнеше тұрақты айдар бар. Қолайына қарай түрлі жанрда қазіргі қоғам, студент жастар өмірінің өзекті жайларын қамтып отырмақ, – деп атап өтті жоба авторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Қанипаш Мәдібаева.
Оның айтуынша, альманахта негізінен студенттердің төл туындылары жарияланады. Жарық көрген шығармалар алдын ала сараланып барып ұсынылады.
Ал «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» жинағы «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Абайтанудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен «Жоғары мектепте «Қазақ әдебиеттану ғылымы және білім беру» атты жоғары оқу орындары студенттерінің республикалық білім сайысы негізінде жарық көріп отыр. Жинақ әдебиеттанушы мамандарға, жас зерттеушілерге арналған. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығы мен Жастар жылы аясында ұйымдастырылған білім додасы Абайдың ақындық мұрасын игеруге бағытталған.
Жеңімпаздар арнайы сертификатпен марапатталып, «Қазақ әдебиеті пәні» атаулы шәкіртақысына ие болды. Айта кетейік, «El-ana» жастар руханият және білім орталығы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының мұрындық болуымен құрылып отыр. Оқу орнының 75 жылдығы мен Жастар жылы қарсаңында қолға алынған жоба аясында еліміздің жоғары оқу орындары студенттерінің арасында білім сайыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Сонымен қатар ұйым бастамасымен екі айда бір рет «El-ana» әдеби-танымдық студенттер альманағы жарық көреді. Бұдан өзге «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» сериялық жинақтары мен қазақ сөз өнерінің айтулы өкілдеріне арналған «Тұлғатану» көптомдығын шығару, жазғы мектеп, ғылыми-танымдық экспедициялар мен білімді көтеру бағытындағы семинар-тренингтер және «Рухани әңгіме», «Тұлғадан тағылым» форматындағы шығармашылық шаралар өткізу де жоспарланған.
АЛМАТЫ