• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2019

Алқаптағы «ақылды технология»

1051 рет
көрсетілді

Солтүстікте соңғы кездері астық өндірісін әртараптандыру жұмыстары жанданып, қарқын алып келеді. Бұрын негізінен бидай ғана егілсе, бүгінде майлы дақылдардың көлемі жалпы егістіктің төрттен бірін құрап, бір миллион гектарға жетіп отыр.

Қазір диқандарда дамыл жоқ. Қырдағы қызу қарбалас об­лыс аумағында кең қанат жа­йып, негізгі күш-жігер жауап­ты нау­қанды дер кезінде аяқтау­ға жұ­мыл­­дырылған. Биыл 4,2 мил­лион гектар алқапқа дән сі­ңіру бел­гі­ленген. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасы басшысының мін­­детін атқарушы Қуандық Шаку­­баев берген мәліметтерге қар­а­ғанда, көктемгі дала жұмыс­тарын атқаруға 540 мың тонна тұқым, 70 мың тонна жанар-жа­ғар­май әзірленген. 12,5 миллиард теңгеге әртүрлі маркалы 776 техника бірлігі сатып алынған. Өсім­дік шаруашылығын дамытуға жер­гілікті қазынадан 13,4 миллиард теңге бағытталған. Минералдық тыңайтқыштарды субсидиялауға 5,4 миллиард теңге бөлінген.

Өңір басшысы Құмар Ақ­сақалов Ғ.Мүсірепов ауданында болып, науқан барысымен таныс­ты. Аграршылармен кездесуде Үкі­мет тарапынан көрсетілетін қар­жылық көмектің артқанын, ауа райы қолайлы, топырақ құна­ры жеткілікті екінін, мүм­кіндіктерді тиімді пайдалану тиіс­тігін атап көрсетті. – Биыл алғаш рет 15 мың гектар ал­қапқа соя егіп жатырмыз. Тұқым жет­кілікті. Арнайы техникалар әкелінді. 2020 жылға таман оның мөлшері 150 мың гектарға жет­кізіледі. Соя топырақты ба­йы­тады. Соядан кейін бидай жақ­сы өседі. Бағасы да жоғары. Ди­қан­дарымыз агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және егін­шілікке дәлме-дәл технология­ны енгізу бойынша астық шы­ғым­дылығын көбейту жолдарын тынбай қарастырып келеді. Мә­се­лен, Анатолий Рафальский басқаратын «Астық-Тайынша» ЖШС ғарыштан немесе квадрокоптерлерден егістіктерді бақылау тәжірибесін енгізген. Аграрлық саланы цифрландыру заман талабы екенін өзгелер де ұғынғаны жөн, деген Құмар Іргебайұлы орташа ерте пісетін, ауруларға, татқа төзімді бидай сұрыптарын аудандастырудың маңызына тоқталды.

 Аудан 500 мың гектарға би­дай, 160 мың гектарға майлы дақыл, 8 мың гектарға картоп, 1 мың гектарға көкөніс егу­ді жоспарласа, Бақыт Құса­йынов жетекшілік ете­тін «Әділ» бас­қару­шы компаниясы кестеден алда келеді. 16 мың алқаптың 14 мы­ңына дән сіңіріп, қалғанын пар­ға дайындапты. Аққайың ауда­ны «Токуши Grain» шаруа­шы­лығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қолдауын ерекше сезініп отыр. Одан 400 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдеп, шетелден су жаңа егіс кешендерін алдырыпты. Солардың бірін, атап айтқанда, «Massey Ferguson» тракторын 15 жылдық жұмыс өтілі бар Виталий Кащенко ұр­шық­ша үйіріп жүр. Ол үшін бір ауысымда 200 гектар жерге дән сіңіру қалыпты норма саналады. Тап­сыр­маны артығымен орын­дағандарға қосымша ақы төлеу тетіктері ойластырылған.

Экологиялық таза өнім өсіру­ге ден қойып жүрген шаруа­шы­­­­лық­­тардың бірі Шал ақын ауда­­нын­дағы «Нива-Крещенка» ЖШС. «Органикалық өсімдік ша­руа­­шы­лығының қыр-сырын үй­­рет­кен семинарға қатыс­қа­ным­да Германия тұрғындары жал­пы құны 10 миллиард тұра­тын органикалық өнімді тұты­на­­ты­ны мысалға келтірілген еді. Осы тауарлардың бестен бірі өз­дерін­де шығарылатын көрі­неді. Осы әдіс көңіліме қон­ды. Биыл­дан бас­тап біртіндеп эколо­гия­лық таза астық өндіруге көшіп отыр­мыз. Енді дәрілеуден гөрі ор­га­никалық өнім өсіруге пайдаланы­латын биоло­гиялық препараттар­ды пай­да­лануға басымдық береміз», дейді жаңа­шыл­дыққа жаны құмар Николай Синенко. Қызылжар ауданында «Шағала-Агро» шаруа­шылығы былтыр 200 гектар жерге дәлме-дәл егінші­лік эле­менттерін қолданып, гектар берекесін 44 центнерге жет­кізіп, әр гектардан 15 мың тең­ге та­быс түсірген. Биылғы меже –1 0 мың гектар жерге осы техноло­гия­ны енгізіп, кемі 30 центнерден өнім алу.

Сол сияқты Аққайың ауда­нын­­да теріскейдің климатына шы­­­дамды, өнімділігі жоға­ры, қыс­­қа мерзімде пісетін «Се­ме­нов­ка» деп аталатын бидай­дың жаңа сұрпы аудандастыры­ла баст­ап­ты. Бұл 7 бірдей жаңа сұ­рып­тың шығуына белсене қатыс­қан жер­гілікті селекционер ғалым Ольга Семеновнаның құрметіне аталған. М. Жұмабаев ауданында жауапты науқанға тартылған 62 серіктестік пен 269 шаруа қожалығы жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, 376 мың гектар алқапқа дән сіңіруге 51 егіс кешені, 2 мыңнан астам тұқымсепкіш тартылған.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универси­тетінің ғалымдары аустриялық әріптестерімен бірігіп, Қазақстан­ның табиғаты мен жер жағдайына бейімделген жаңа егіс кешенін шығарып, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында» сынақтан өткен болатын. Петтингер фирмасында құрастырылған кешеннің көп артықшылығының бірі, цифрлы бағдарлама арқылы тыңайтқыш себу мөлшерін реттеп отырады. Электронды басқару блогымен жабдықталған. Станса директоры Белгібай Қанафиннің айтуынша, басқару өте жеңіл. Жер жырту, топырақ қопсыту, тырмалау, дән, тыңайтқыш сіңіру секілді операциялар бір мезгілде атқарылады. Жа­нар­май көп үнемделеді. Қазір 800 гектар аумаққа дәнді және майлы дақылдарды егуге қолданылуда.

Міне уақыт талабымен үндес жаңашылдықтар агроөнеркә­сіп тірегі екенін жақсы түсінген теріс­кейлік диқандар «ақылды тех­нологияларды» көктемгі, күз­гі дала жұмыстарына да кеңінен енгізуді басты бағдар еткен.

 

 Солтүстік Қазақстан облысы