• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 31 Мамыр, 2019

Қаһармандарымызды толық ақтай алмай жүрген халықпыз

1648 рет
көрсетілді

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жақындаған сайын қазақ халқының көкірегін қарс айырған өкініші мен күрсінісі үдей түседі. Өйткені бұл күн біздің ұлттық тарихымыздағы ең сорақы оқиғаларды еске түсіреді. Соған орай «Қаһармандар» қорының президенті, осы мәселелерді зерттеумен ұзақ жылдан бері түбегейлі айналысып келе жатқан Сабыр ҚАСЫМОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Қолданыстағы заң бойынша, тек 2013 жылдың өзінде ғана прокуратура органдары ақтау жөнінде берілген өтініштің ішінен ОГПУ-НКВД органдарының шпио­наж, диверсия, бандалық құрылымдарға қатысу сияқты ойдан шығарған айыптаулары бойынша сотталған 5 846 адамды ақтаудан бас тартқан.

– Құрметті Сабыр Ахмет­жанұлы, сіз ұзақ жылдан бері саяси қуғын-сүргін оқиға­ларын зерттеп келе жатырсыз. Құрбандарды ақтау тарихы бойынша қысқаша не айтар едіңіз?

– Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын жаппай ақтау жұмыстары адамзат тарихындағы ең қан­құйлы қанішерлердің бірі И.Сталин өлген кезден басталды. «Жылымық» деген атау ал­ған бұл үдеріс Н.Хрущев өкі­мет басынан тайдырылғасын тоқтады. Брежнев пен оның командасы өкімет билігін қол­ға алған кезден бастап бұл про­цес­ті тоқтатып қана қоймай іші­нара сталиндік саяси және идео­логиялық құндылықтарды қайтадан жандандыруды қолға алды. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың екінші кезеңі М.Гор­бачевтің  демократиялық рефор­маларының тұсында қолға алынды. Бұл жұмыстың негізгі идеологы А.Яковлев болған еді. Осы, 1988-1991 жылдары Қазақстанда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен сотталғандардың ісін қайта қарау жұмыстары жүргізілді. КСРО-ның құлауы­мен тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау­дың үшінші кезеңі басталып, 2018 жылға дейін 350 мыңнан артық адам ақталды. Алайда, бізде қуғын-сүргін кешенді түр­де зерттелмеді, ұлттық ерек­шеліктері айқындалмады, құр­­­бан­дардың негізгі катего­рия­­лары белгіленбеді. Қазақ­стан тарихындағы елдің коло­ниалдық және тоталитарлық ке­зең­деріндегі қуғын-сүргінге ұшы­раған отандастарымыз ақ­талмады. Сондықтан бізде сая­си қуғын-сүргін құрбандары толық ақталды деп айтуға бол­май­ды. Мәселен, тәуелсіз сарап­шылардың деректері бойынша Кеңес империясының халыққа қарсы саясаты мен қылмыстық әрекетінің салдарынан 1916-1941 жылдар аралығында большевиктер қолдан ұйымдастырған аштықты қоса алғанда 3-3,5 млн қазақ қаза тапқан. Сол кезде Ке­ңес өкіметіне қарсы күресуге мәж­бүр болған ерлердің көбі ақтал­ған жоқ.

– Қазақстандағы саяси қу­ғын-сүргін бойынша қандай кон­цептуалды тұжырым жа­сау­ға болады?

– Қазақстандағы қуғын-сүр­гіндерге жасалған жан-жақты талдау еліміздің азаттығы, тәуелсіз­дігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен халқымыздың үз­дік ұл-қыздарының ұзақ уа­қыт бойы барынша жүйелі түр­де аса аяусыз және қатыгез қу­ғын-сүргінге ұшырағанын көр­сетті. Дәл осы адамдар пат­ша­лық отаршыл, сондай-ақ ке­ңес­­тік тоталитарлық биліктің мем­лекеттік машинасының теп­кісіне түсті. Мен КСРО-ның соң­ғы 30 жылында қазақ хал­қы­на патша, әсіресе кеңес импе­риясы жүргізген саяси қуғын-сүргіндерді зерттеп, осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жө­нін­дегі бірқатар мемлекеттік комиссияларға қатыстым. Пар­ламент депутаты болған кезімде Сенаттың Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын кешенді түрде зерттеп, ақтау жөніндегі комиссиясын құруға бастамашылық жасадым. Осы комиссияның жұмысын бас­қарып, әртүрлі материалдар жинадым. Ресейдегі және өз еліміздегі архивтерді зерттеп, Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасын, Ресей империясы мен Кеңес өкіметі басшыларының саясатын талдай келе патша мен кеңес империясының билеушілері қазақтарды ұлттық азаттығы мен мемлекеттік тәуелсіздігінен айы­ру мақсатында жүйелі түрде отарлап, қазақ халқын күшпен орыстандырды деген тұжырымға келдім. Егер кімде-кім бұл сая­сат­қа қарсы шығып, қазақ хал­қының мүдделерін қорғайтын болса, ол сол сәтте-ақ империя бас­­шыларының қас жауына ай­налды. Патшалық Ресейдің және кеңес билеушілерінің де жүргізген қуғын-сүргін және жазалау шаралары екі саяси мақ­сатты көздегенін көрсетеді.

Біріншіден, аз санды қазақ ұл­тының табиғи азаматтық құ­қықтарын шектеу, екіншіден, халық ретіндегі ұлт-азаттық құ­қығын, туған жерін қорғау құ­қығын, ана тілінде сөйлеу құ­қығын, тәуелсіз ұлттық мем­лекеті болу және онда тұру құ­қығын шектеп, Қазақстанға басқа ұлттарды жаппай және күштеп қоныс аударуға қарсы шығу құқығынан айыру. Бұл құқықтар ұлттық сананы басып-жаншып тастауға ұласты. Қазақ халқының озық ойлы ұлдары, қаһармандары бір ғасыр бойы осы саясатқа қарсы күресумен болды. Міне, осы қаһармандар тү­гел ақталуы және ұлықталуы қа­жет. Қазақстанның қазіргі ғылыми қоғамының міндеті бұ­рын тыйым салынған осы қа­һармандардың істерін ғылы­ми тұрғыдан жан-жақты зерт­теуі керек. Өкінішке қарай, Қазақ­­стандағы саяси қуғын-сүр­гін­ құрбандарын ақтау жөніндегі заңды қабылдағанда және басқа да заңнамалық-нормативтік актілерді әзірлеу және қабылдау, ғылыми-зерт­теу­лер кезінде қа­зақ халқына қа­тысты қуғын-сүргіннің осы қосарлы табиғаты, қосар­лы мақсаты мен қосарлы мән-мағынасы (мазмұны) ескеріл­мей жүр. Сондықтан құрбан болған және зардап шеккен қаһар­мандардың көбі бұл заң­да қамтылмаған. Ал олар біздің Отанымызды, жерімізді қор­ғаушылар. Қазақстанның азат­тығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен, өзінің батырлығы үшін әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар.

– Өзіңіз айтқан осы қаһар­ман­дарды толық ақтау үшін не істеуіміз керек?

– Қуғын-сүргінге ұшыраған­дардың осы санатын толық ақтау үшін тәуелсіз Қазақстан Парламентінің депутаттары­ мен Үкіметі отандық жә­не ха­лықаралық мамандарды (ға­лым-тарихшыларды, заң­гер­лерді, саясаттанушыларды) міндет­ті түрде қатыстыра оты­рып, «Қазақстанның азат­ты­ғы мен тәуелсіздігі үшін кү­рес­­кендер туралы» жаңа заң әзірлеп, қабылдауы тиіс. Сонда ғана, бізді осы уақытқа дейін адастырған мәселенің құпиясын ашамыз. Ол мыналарды қамтуы керек, біріншіден, патриотизмге, Отан үшін ерлік, батырлық ұғымдарына мемлекеттік өлшем шарттар (анықтамалар) беру қажет. Осы заңда пайдаланылуы қажет басқа да нормативтік терминдерге анықтама беру қажет. Екіншіден, қаза тапқан, сондай-ақ қазір көзі тірі күрескер-қаһар­мандардың мәртебесін, оның саяси-құқықтық, әлеуметтік жағ­дайын айқындау керек. Үшін­шіден, қай тұлғаны және қандай ерлік әрекеті үшін күрескер-қаһар­манға жатқызуға болатынын, қайсысын болмайтынын халықаралық стандарттар мен құндылықтарға сәйкес ғылыми тұрғыдан айқындау қажет. Біздің ойымызша, бұл заңда Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайту бойынша біздің азаматтарымыздың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар да көзделуге тиіс. Әр патриот билік тарапынан сенімді қауіпсіздікті, сондай-ақ Отанымыздың тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуды талап етуге және оған қатысуға хақылы.

Патшалық Ресейдің билеуші­ле­рі өздерінің отаршыл-бас­қын­шыл мақсаттарын жасырмай, жазалау акциялары мен қуғын-сүргіндерін ұлт-азаттық күреске белсене қатысқан патриот-қа­һар­мандарға ашық қарсы бағыт­таған болса, большевиктік-ста­­лин­дік билік пролетарлық интер­национализм, таптық қай­шылықтардың үстемдігі мен басымдығы, буржуазиялық ұлтшылдық секілді ұрандарды желеу етіп, ұзақ уақыт бойы өзі жүргізген қуғын-сүргіннің не­гіз­гі мақсатын жасырып келді. Сондықтан да сталиндік жазалаушылар қазақ халқының азаттығы, Қазақстанның тәуел­сіздігі үшін күресуші адам ретін­де ресми айып тағып, сот­таған бірде-бір қаһарманды, не қылмыстық істі таппайсыз. Олар жұртшылықты алдау үшін қылмыстық істерді қолдан жасау, іс-қимылдарына өтірік баға беру арқылы сол кездегі «сот» деп аталатындардың үкімі бо­йынша шет мемлекеттердің шпио­ны, бандалық құралымдардың мү­шесі, буржуазиялық ұлтшыл­дар, «халық жауы» және тағы да басқа жалған айыптарымен атылды, асылды, сотталды.

Алаштың көзі ашық серкелері сонау 20-жылдардың өзінде осы айла-шарғы мен өтіріктің бүкіл қаупі мен салдарын жете түсі­ніп, оның мән-мағынасын ашып көрсетті. Мəселен, аса көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанда басшылық қызмет­терден шеттетілген Смағұл Сə­дуақасов халқының басына төн­ген болашақ қасіретті алдын ала көріп, кеңес билігінің барлық басшыларына «өркениетті ұлттар кіші халықтарды құрту арқылы коммунизмге жетеді деген сөз ешқандай маркстік əдебиет пен білімде айтылмаған» деп жазады.

– Әлемдік тәжірибеге қарай­тын болсақ, біз секілді отарлық езгіден құтылған басқа елдерде бұл мәселе қалай шешілген?

– Тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемдегі барлық дерлік мемлекеттер бірінші кезектегі мемлекеттік іс-шаралар қатарында өз хал­қының бостандығын қорғап, өз жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін және өз елінің тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалардың тағдырлары бойынша шешімдер қабылдады. Олар кеңестік империя құлағаннан кейін өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды «ұлт­тық батырлар» деңгейіне көтерді. Тіпті жаңа Ресейде де «Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақ­тау туралы» заң, Ресей прези­дентінің «Негізсіз қуғын-сүр­гін құрбандары болған дін қыз­метшілері мен дінге се­ну­ші­лерді ақтау туралы» Жар­лығы, «Қаза болған отан қорғау­шы­­лар туралы», «Қуғын-сүр­гін­ге ұшыраған халықтарды ақ­тау туралы» заңдар сияқты заң­намалық актілер және басқа да нор­мативтік актілер қабылданды. Осылайша, Кеңес өкіметінің құқықтық мирасқоры ретінде Ресей Федерациясы біріншіден, жүйелі түрде орын алған саяси қуғын-сүргін фактілерін және тіптен өздерінің ресейлік Отанын қорғаушылар ерліктерінің ұмыт болу фактілерін, екіншіден, аумағында болған көптеген халық­тардың қуғын-сүргінге ұшы­рағанын мойындады.

– Ал біздің тәуелсіз елімізде ол қалай шешілді?

– Бізде де бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Ғылыми-прак­тикалық конференциялар өткізілді, жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тари­хи тұл­ғаларға ескерткіштер қо­йыл­ды, көшелерге олардың ат­тары берілді, мемлекет басшыла­ры­ның баяндамаларында айтыл­ды, кітаптар жарық көрді, ма­қалалар жазылды, бірқатар көр­кем және деректі фильмдер түсі­рілді. Бірақ бұлардың барлы­ғы ака­демиялық және бір реттік си­патқа ие, жалпылама тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ атаулы даталарға арналған жә­не салтанатты іс-шаралар, ме­рей­тойлар форматында өткі­зіл­ді. Мұндай шаралардың бас­тама­шылары мемлекеттік билік органдары емес. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдардың, ғалым­дардың, қандай да бір тұлғалар ұрпақтарының табандылық таныт­қан бастамасымен өткізілді.

Бірақ бізде Жоғарғы Кеңес қабылдаған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң негізінен Ресей заңынан көшіріп алынған. Ол Ресейде жүргізілмеген және жүргізілуі де мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргін кесірінен Қазақстанда құрбан болғандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын қамти алмады және оларға  қолданылмады.

Ал орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, осыған қажетті заңдар қабыл­данбаған. Біздің нағыз қаһар­мандарымыздың аттары жет­кілікті түрде дәріптелмей жатыр. Қажетті идеологиялық жұ­мыстың жоқтығы салдары­нан олардың ерлігі, Отанға деген риясыз сүйіспеншілігі, шы­найы патриотизмі біздің хал­қымыздың, әсіресе өскелең ұр­пақтың санасынан лайықты орнын таппауда. Сол себепті олар өз батырларынан гөрі өз­генің, яғни Қазақстан жерінде өз насихатын күшейтіп отырған көрші мемлекеттердің мүддесін қорғаған батырлары туралы көбірек біледі. Бізде тіпті 372 халық көтерілісіне әлі күнге дейін мемлекеттік саяси-құқықтық ба­ға берілген жоқ. Соның салда­ры­нан осы көтерілістердің көп­теген қатысушылары әлі күн­ге дейін ақталмай, бандалық құра­лымдардың қатысушылары болып қалып отыр.

Қолданыстағы заң бойынша, тек 2013 жылдың өзінде ғана прокуратура органдары ақтау жөнінде берілген өтініштің ішінен ОГПУ-НКВД органдарының шпио­наж, диверсия, бандалық құрылымдарға қатысу сияқты ойдан шығарған айыптаулары бойынша сотталған 5 846 адамды ақтаудан бас тартқан. Біз өз тарихымыз бен көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қуда­лау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын соз­ған ұлы демократтары мен­ гуманистерін мәңгі есте қал­­дыруға тиіспіз. Мысалы, орыс халқының көрнекті ұлы Гри­горий Потаниннің, Тимо­фей Сидельниковтің, Орест Шкап­скийдің (Уақытша үкі­мет­тің комиссары), Сергей Шве­цовтың (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көп­теген адамдардың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идея­ларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақ­таған әрекеттерін қазақ халқы ұмытпау керек. Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақ­тық тұтастығы жолында күрес­кендер арасында, мысалы, орыс ұл­тының ғана емес, украин, қара­қалпақ, өзбек, қырғыз, балқар ұлты мен басқа да ұлттардың өкілдері аз болмаған. Мәселен, 1916 жылғы халық көтерілісі кезінде Ақмоладағы көтеріліс орталығы басшыларының бірі украин Афанасий Латута болды. Оның қол астына 30 мыңға жуық көтерілісші жиналған.

– Сіздің Мемлекеттік деколонизация бағдарламасын қабылдау керек деген ұсыны­сыңыз көптен белгілі. Оның қан­дай мақсаты бар?

– Мен отаршылдықты және оны салдарын зерттеуші ретінде 90-шы жылдардың соңынан халықтың орысшылдық құн­дылықтардан арыла алмай жүргеніне көзім жеткен соң Үкіметке арнайы «Отарсыз­дан­дыру бағдарлама­сын» қабылдау керек деген ұсынысымды жі­бе­ріп, талай жерлерде айтып жүр­дім. Бұл бағдарламада өзі­міз­дің ұлттық мүддемізді негізге алып, батыс және шығыс елдерінің прогрессивтік, демократиялық стандартына сай, жас қазақ мем­лекетінің, халқымыздың қа­зіргі заманға қажет ұлттық құн­дылықтарға нормативті түрде жол ашып беруі керек еді. Әсі­ресе, тіл, дін, тарих тағы басқа қоғам­дық, рухани салаларда. Сонда біз «Рухани жаңғыруды» ертерек бастап кетер едік.

Біз – отаршылдық қасіретіне бас­қа кеңестік республикаларға қарағанда көбірек ұшыраған ха­лықпыз. Бізде осы күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуел­сіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты бір­де-бір арнайы мемлекеттік акт қабылданбаған. Біздің ата-баба­ларымыздың ерліктері, арамызда жүрген қаһармандарымыз да мемлекет тарапынан әлі қолдау таппай отыр. Мысалы, 70-жылдардан бастап Қазақстанның бос­тандығы үшін бірнеше мәр­те сотталып, қудаланған Ха­сен­ Қожахметовтің ерлігі өз дең­гейінде бағаланбады. Бүгін­де зейнеткерлікке шыққан аза­­­­ма­­­ты­мыздың әлеуметтік жағ­дайы өте мүшкіл. Шаруа қожа­лығын ашып, табыс табайын­ десе, Алматы облысының әкім­дері «Сен саясаткерсің!» деп жер бермейтін көрінеді. Бізде кейде, керісінше, негізінен отаршылдық саясат пен отаршыл режімдерге қызмет еткендер, қаһармандарымызды қу­ғын-сүргінге ұшыратуға белсе­не қатысқандар тұлға, көсем деп есептеледі. Өкінішке қарай, оларды ұлықтаймыз, ескерткіш қоя­мыз, көшелер береміз. Сон­да өзіміздің жастарға қан­дай па­т­риоттық тәрбие, үлгі көрсет­пек­­піз?

– «Қаһармандар» қорының жұмысы туралы да айта кет­сеңіз.

– Біздің Қордың мақсаты көпэтносты халқымыздың бү­гін­гі және болашақ ұрпағын па­триоттық рухта тәрбиелеуге бағыт­талған, сонымен бірге, Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Мәңгілік ел» стратегия­сы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды идеологиялық жа­ғынан қам­тамасыз етуде Ота­нымыздың азаттығы мен бос­тандығы жо­лында жасалған ерлік пен батырлықтың нақты мысалдарын үлгі етуді мұрат етеді. Біз қолымыздан келгенше бірнеше бағытта жұмыс жүргізуді жос­парлап отырмыз. Қысқаша айт­сам, ол бағыттар мынадай: Бі­ріншіден, бүкіл республика бойынша Қазақстанның азат­тығы, тәуелсіздігі және аумақ­тық тұтастығы үшін күрескен құрбандардың барлық санаттарын анықтау. Бұл үшін өз Жар­ғымызға сәйкес, біз облыс орталықтарында Семей, Ар­қа­лық, Жезқазған сияқты қала­ларда және жұртшылықтың сұ­рауы бойынша басқа да аймақ-өңір­лерден филиалдарымыз бен өкілдіктерімізді ашамыз деп жос­парлап отырмыз. Екіншіден, жа­ңа дербес заң жобаларына, мысалы, «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар туралы» заң жобасына бастамашылық жасау қажет, онда Қазақстан мемлекетінде кім және не үшін қаһарман болып есептелетіні, оның мәртебесі, оны құқықтық ақтау және оның ерлігін азаматтарымыздың есінде мәңгі қалдыру рәсімдері және тағы басқалары нақты жазылуға тиіс. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жүйе­лі түрде бастамашылық жасауды көздеп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»