«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева Павлодар облысының тұрғындарын сайлауалды бағдарламасымен таныстырып жүр. Ол өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге Екібастұз қаласына барып, жергілікті кәсіпкер, энергетика және әлеуметтік саладағы жұмыскерлермен кездесті. Екібастұзда энергетика, көмір өнеркәсібі, бағалы металдарды өндіру салалары жақсы дамыған. Бүгінгі таңда қалада 8 мыңдай шағын және орта бизнес нысандары бар. Былтырдың өзінде жаңадан 15 жаңа кәсіпорын ашылды.
Екібастұзда үміткер жергілікті өнеркәсіп пен әлеуметтік объектілерге барды. Кездесулерге жергілікті бизнесмендермен қатар қаланың басқа да тұрғындары қатысып, кандидаттың бағдарламасындағы негізгі бағыттарға қызығушылық танытты. «Бағдарламада кәсіпкерлерге шағын бизнесті ынталандыру үшін салықты төмендету, салалар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін азайту қарастырылған екен. Тауар бағасының құны осыған байланысты болғандықтан, бұл – өте өзекті мәселе. Маған шағын және орта бизнес үшін банктегі несие мөлшерлемесін төмендету туралы ойы ұнады. Бұл да көкейкесті мәселе», деді кәсіпкер Виктория Острикова.
«Ақ жол» партиясының үміткерімен кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Екібастұздағы халық саны 150 мыңнан асады. Мұнда металлург, инженер, шахтерлердің әулеті тұрады. Қала тұрғындарының сөзіне қарағанда, соңғы жылдары мектеп бітірушілер көрші мемлекетке оқуға түсе бастаған. Олар онда техникалық бағыттағы сапалы білім алып, жұмыспен қамтылады. Бұған қатысты Д.Еспаева өз ойын білдіріп: «Біздің дарынды жастарымыз сырт жаққа кетуде, бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Біріншіден, техникалық қана емес, барлық сала бойынша білім сапасын көтеру керек. Жоғары оқу орнынан соң бітірушілер жұмыс тәжірибесінің жоқтығына қарамастан жұмыспен қамтылуы тиіс», деді.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Маңғыстау облысының тұрғындарына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол қоғамдық штабының өкілдерімен бірге әр аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды.
«Маңғыстау өңіріне күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінеді. Соған сәйкес, баға да жоғары. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайларды көбейту керек. Бұған қоса шұбат өндірісін бір жолға қойып, табыс көлемін еселеп арттыруға болады. Осы тектес бастамаларға қазір мемлекеттен жақсы қолдау бар. Енді тұрғындарға осындай мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, іске асырылып жатқан іс-шаралардан уақтылы хабардар болып, кәсіп ашудың түрлі тетіктерін тиімді қолдану да маңызды», деді Төлеутай Рақымбеков.
Бұған қоса кездесулер барысында жұмыссыздық мәселесі кеңінен талқыланды. Өйткені мұнайлы өлке деп ауыл жастары осында ағылады. Бірақ бәріне бірдей тұрақты жұмыс табылмайды. Сондықтан президенттіктен үміткер қатаң және құрғақ климатты сылтаурата бермей, соңғы технологиялардың негізінде ауыл шаруашылығын жандандыруға күш салу керектігін айтты. Оның сайлауалды бағдарламасы тек ауыл шаруашылығын дамытуға негізделмеген. Сондай-ақ баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жастар саясатына қатысты да бағыттар бар. Өңірдегі кездесу барысында осы мәселелер де егжей-тегжейлі баяндалды.
Сонымен қатар кандидат Атыраудағы Дамбы балық инспекциясында ғылыми балық аулау процесімен танысып, балықшылармен жүздесті. Онда өңірдегі балықшылардың еңбекақысын өсіру керектігі сөз болды. Т.Рақымбеков балық шаруашылығын дамытуға арналған, нақтырақ айтқанда, аквамәдениет, ихтеология бағытында мемлекеттік деңгейде тиісті стратегиялық тұжырымдама қабылдануы тиіс деп санайды.
* * *
Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың Маңғыстау облыстық қоғамдық штабының мүшелері білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кездесті. Сенім білдірілген адамдар алдымен облыстық энергетика колледжінің ұжымымен, содан кейін Ақтау қалалық технологиялық қызмет көрсету колледжінің еңбек ұжымымен жиын өткізді. Оған облыстық кәсіподақтар орталығы басшысының орынбасары Тельман Матаев пен білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының облыстық ұйымының төрайымы Тарбия Байымбетова қатысып, сөз сөйледі.
Басқосуда Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-технолог болып еңбек жолын бастаған А.Таспиховтың өмірбаяны таныстырылды. Т.Матаев үміткердің тұғырнамасын жан-жақты ашып көрсетіп, бұл құжатта қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғауға, халықтың әлеуметтік жағдайларын күшейтуге арналған бағыттар барын атап өтті. Кездесуге 120-дан аса адам қатысып, А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар сайлауалды науқан жұмыстарының аясында Нұр-Сұлтан қаласының кәсіподақ орталығы мүшелері Ақкөл қаласының іргесінде орналасқан балаларға арналған «Арман» дене шынықтыру және сауықтыру орталығына барды. Мұнда елордалық орта мектептер арасында «Туристік жиын» өтті. Бұл – Тастанбек Есентаев бастаған елордалық қоғамдық штабтың кезекті сайлауалды үгіт-насихат акциясы. Кәсіподақ мүшелері мұғалімдер мен оқушылар арасында өз кандидаттарының тұғырнамасын таныстырып, қолдау көрсетуге шақырды.
Жиналған қауым кандидат А.Таспиховтың бағдарламасындағы еңбек ұжымының мәртебесін көтеруге қатысты бағыттарға қызығушылық танытып, көкейлерінде жүрген мәселелерін ортаға салды. Бұған қоса, еліміздегі саяси науқанға селқос қарамайтындарын аңғартып, белсенді қатысатындарын айтты.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірілген адамы, Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі С.Биғарова Талдықорған қаласына барып, Д.Қонаев атындағы этнографикалық музейді аралады. Сондай-ақ Оқушылар сарайында да сайлаушылармен кездесті.
С.Биғарова батыстың тек пайда үшін, кез келген жолмен ақша табуды көксейтін адамгершілікке жат дәстүрі біздің Отанымызға қауіпті екенін айтып, президенттікке үміткердің сайлауалды тұғырнамасында батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту мәселесі көрсетілгенін мәлімдеді. Штаб жетекшісі Қазақстанның әрбір азаматы елдің болашағына жауапты екенін алға тартып, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды және көпшілікті 9 маусымға белгіленген сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар Коммунистік халық партиясының өкілдері жер-жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Соның бірі Павлодар облыстық қоғамдық штабының Ертіс өзенінде теплоходпен серуен жасағаны болды. Онда серуендеушілер кеңестік музыкаларды тыңдап, Ж.Ахметбековке дауыс беру үндеуіне құлақ түрді. Теплоход үгіт плакаттарымен безендірілді. Ал партия нышанымен әдіптелген киім киген белсенділер сайлаушыларға үгіт материалдарын таратты.
Серуен барысында ұйымның Павлодар облыстық комитетінің бірінші хатшысы Г.Нұғманова қатысушыларға Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасының негізгі тезистерін таныстырды. Ол жұртқа үміткердің көрші елдермен Еуразиялық экономикалық одақ және «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы халықаралық қарым-қатынастың және экономикалық интеграцияның жалғасуын қолдайтындығын жеткізді.
* * *
Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Алматы қаласындағы Мәдениет үйінде халықпен жүздесті. Апорттың отанындағы патриот тұрғындар бұл кездесуге белсенді қатысты.
Республикалық штаб жетекшсі Мәулен Әшімбаев бастаған делегация жиналған қауымның назарын Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылған өзекті мәселелерге аударды. Мәселен, бағдарламадағы құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі талаптардың маңыздылығы аталып өтті. Сондай-ақ кандидаттың әрбір қазақстандықтың табысы мен тұрмысын түзеуге, әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдіруге күш салатыны айтылды. «Құрметті алматылықтар, 9 маусым күні сайлау учаскелеріне шақырамыз. Баршаңызды атсалысуға шақырамын. Барлығыңыз бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін дауыс беріңіздер. Кандидатты сайлай отырып, сіздер Қазақстанның болашағы үшін дауыс бересіздер!», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Қ.Тоқаевтың сенім білдірілген адамдары бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Бизнес саласындағы өзекті мәселелерді талқылау барысында М.Әшімбаев кандидаттың сайлауалды бағдарламасының «Өрлеу» атты бөлімінде су, жол салу мен мектеп құрылысы және медициналық көмек жайы қамтылғаны айтылды. «Егер елді мекен таза ауызсумен қамтылған болса, онда сапалы жол салынады. Өз ісіне берілген ұстаздар еңбек ететін мектептер пайда болып, алғашқы медициналық көмек көрсететін орындар болады. Өрлеудің мәні де осында. Бұған қоса, өрлеу ұғымы мемлекеттің өз кәсіпкерлерін тиімді қорғауынан көрінеді. Бағдарламада бизнесмендерге жүйелі әрі көп қырлы қолдау көрсету жайы баса айтылған», деді республикалық қоғамдық штаб жетекшісі.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосановтың Алматы қаласындағы сайлауалды қоғамдық штабының мүшелері Ұлттық кітапханада мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Үгіт-насихат тобын штаб жетекшісі Мақсат Жақау бастап барды.
Ә.Қосановтың сенім білдірілген адамдары көпшілікке сайлауалды тұғырнамада көрініс тапқан негізгі бағыттарды таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді. Оларды мұқият тыңдаған қатысушылар өздерінің сұрақтарын да қойып, халықтың әл-ауқатын көтеру тұрғысында пікір алмасты.
Еліміздің жер-жерінде өтіп жатқан осындай кездесулерде кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген басты ұстанымдар кеңінен түсіндіріліп жатыр. Оның бағдарламасындағы «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі Тәуелсіздік» атты тарауында сыртқы саясатта көп векторлы дипломатия, аумақтық тұтастықты құрметтеу, тең құқықтық қарым-қатынас тәжірибесіне қайта оралу, Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен өзара сенімділікті, одақтастық пен ұжымдық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ түркі тілдес елдердің ынтымағын одан әрі тереңдету туралы айтылған.
Сонымен қатар Петропавл қаласында президенттіктен үміткер Ә.Қосановтың облыстық қоғамдық штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқаушылар үшін семинар өткізілді. Мұндай жиындар саясаттанушы Дос Көшімнің бастамасымен ұйымдастырылуда. Ол екі күн ішінде байқаушылар дайындау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Саясаттанушы тренинг аясында байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Сонымен қатар штаб мүшелері тұрғындармен кездесіп, кандидат туралы баяндап берді, үгіт-насихат материалдарын таратты.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің Түркістан облысындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері өңірдегі киелі жерлерді аралады.
Аймақтағы штаб жетекшісі Әзиз Әнетов бастаған насихатшылар тобы сапарларын алдымен қазақ хандары мен би-шешендері сүйегі жатқан тарихи қала Түркістан қаласынан бастады. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне соғып, тәу етті. Сол маңда туристер мен зиярат етіп келгендерге кандидаттың басты ұстанымдары түсіндіріліп, соның ішінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау туралы кеңінен айтылды. «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» деп ұрандатқан С.Түгел осы Түркістан секілді қасиетті жеріміздің қадірін біліп, дәл осы өңірдегі халықтың таза сақталған тілі мен қаймағы бұзылмаған дәстүрі бүкіл қазаққа үлгі болғанын көксейді.
Сонымен қатар насихатшылар тобы одан әрі қарай жылжып, іргедегі Отырар ауданына жол тартты. Онда Әзірет Сұлтанның ұстазы, бабтардың бабы Арыстан бабтың кесенесі бар. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары бұл жерде де белсенді жұмыс істеп, келген-кеткен жұртқа үгіт материалдарын таратты.
Бұған қоса С.Түгелдің Алматы облысындағы қоғамдық штабы да қарқынды жұмыс істеп жатыр. «Біздің негізгі мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынын өз кандидатымыздың сайлауалды тұғырнамасынан хабардар ету. Бағдарламаның басты бағыттары – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жемқорлықпен табанды күрес, жұмыссыздық мәселесін шешу, еліміздің демографиясын баса көңіл бөлу және ұлттық ойындарымызды, әсіресе ат спорты түрлерін дамыту. Үгіт-насихат жұмыстары барлық аудандарды қамтып жатыр. Әр ауданда кем дегенде үш өкіліміз жұмыс істеуде. Барлығы – 60 адам», деді өңірдегі кандидаттың сенім білдірілген адамы Лаура Әшенова.
Дайындаған
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»