• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Мамыр, 2019

Таяу Шығыс тағы толқып тұр

1195 рет
көрсетілді

Таяу Шығыстағы тұрақтылықты толқытатын жағдайлар жиілеп кетті. Соның көбі АҚШ пен Иранның қақтығысуын қалайтын арандатушылардың істеріне ұқсайды. Олардың негізгі мақсаты осы аймақта Израильдің сыртқы саясатына қарсы тұра алатын нақты күш Иранды бұғалықтауды көздейтін секілді.

Жуырда ғана Бағдадтағы АҚШ елшілігінің маңында жа­сан­­ды зымыран жарылды. АҚШ Пре­зиденті Д.Трамп оны кім атқа­нын нақты білмесе де бұл Иран­ның Құрама Штаттарға көр­сетіп отырған қыры деп бағалап, өзіне тән саяси риторикамен: «Егер Иран бізбен қақтығысқысы келсе өзінің ресми жойылуына қол жет­кізеді. Сондықтан Құра­ма Штат­тарға енді ешқашан қа­уіп кел­тірмесін!» деп жазды «Твит­терде».

Иранның Сыртқы істер ми­­­нистрі Мұхаммад Джавад Зариф бұған берген жауабында Трампқа «қорқытып сөйлеп емес, қарсыласқа құрметпен қарау» керектігін айтты. Ал Ирак Қарулы күштерінің өкілі генерал-майор Яхья Расул өзінің сұхбатында ескі «Катюшадан» атылған бұл зымыран Бағдадтың шығысындағы шииттер көп қоныстанған ауданнан ұшырылғанын жариялады. Демек, Иранның бұған тікелей қатысы жоқ болуы да мүмкін, бі­рақ АҚШ-ты Иранға қарсы арандатушылар «қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей оған мән беріп жатқан жоқ.

Өткен сейсенбі күні АҚШ Мем­­лекеттік хатшысы Майк Помпео және әс­кери басшылар Конгресс мү­ше­лерінің алды­на келіп, де­путаттарға Иран­ның қаупі туралы­ ұзақ әңгі­меледі. М.Помпео Иран­ды Пар­сы шығанағында араб мо­нарх­тарының танкерлеріне қарсы ди­версиялық шабуылдар жасады деп айыптады. Бұл – Иран қол­дайтын радикал топтардың әре­кеті екенін атаған ол осы үшін Тегеранға жауапкершілік жүк­телуі мүмкін деді. Сонымен бірге ол Иран қолдайтын йемендік төң­керісшіл-хуситтер танкерлерге шабуыл жасалғаннан кейін Сауд Арабиясының мұнай құ­быр­ларына да тиіскенін атап өт­ті. «Біздің байқауымызша осы ай­мақтық кикілжіңдердің бәрінің сыр­тында Иран тұруы мүмкін», дей келіп, өзінің ойын ол: «ай­мақ­т­ағы АҚШ мүдделеріне нақ­ты қауіп туғызатындықтан Иран­ды бұзық әрекеттен тежелуге шақыруымыз керек», деді.

Осы оқиғадан біршама бұрын Иран­ның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Маджид Тахт-Раванчи АҚШ-тың Ұлттық радиосына берген сұхбатында Тегеранның аймақта қақтығыс тудыруға мүдделі емес екенін ашып айтқан. Бірақ оның сұхбаты Сауд Арабиясының екі танкеріне шабуыл жасалғаннан кейін айтылған соң ешкім мән бермеді. Ал Сауд Арабиясы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы және сауда әріп­тесі екені белгілі.

Саудия королі Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд 30 мамырда Мекке қаласында араб елдері лидерлерінің төтенше саммитін өткізді. Онда БАӘ тан­кер­лері мен Саудияның мұ­най құбырларына жасалған шабуыл­ талқыланған. Осы екі ин­цидентке де жауапкер деп Эр-Рияд Иран және онымен бай­ла­нысатын құрылымдарды атау­да. Өз тарапынан Иран бұл арандатушылардың ісі екенін, олардың мақсаты аймақтағы тұ­­рақтылықты толқыту екенін жариялады.

АҚШ-ты Иранға қарсы қақ­тығысқа итермелеушілер арасында сыртқы күштер ғана емес, өз елінің парла­мент де­пу­­­­тат­­­­тары да бар. Тегеран­ның­­ Сауд­ Арабиясының мұ­най құ­быр­ларына шабуыл жа­са­ған­дарды қолдауы мүмкін еке­нін айтқан ұлттық қауіпсіздік жө­ніндегі кеңесші Джон Бол­тонның мәлімдемесінен кейін республикалық партиядан сай­ланған сенатор Линдси Грэм: «Соңғы аптада Иранның өзге елдердің мұнай құбырлары мен кемелеріне шабуыл жасап, Ирактағы АҚШ мүдделеріне нұқсан келтіріп отырғаны белгілі болды» деп жариялады. Оның үстіне ол «Твиттерде» «Кінәлі АҚШ немесе басқа ел емес, нақ ирандықтар. Егер олардың аме­рикалық азаматтарға және елдің мүддесіне қарсы әрекеттері жалғасатын болса біз батыл түрде соғыс қаруларымен жауап беруіміз керек. Өзіңізге сенімді болыңыз, президент мырза!» деп жазды. Сөйтіп ашықтан ашық Трампты кикілжіңге итер­­­­мелегісі келетінін жасырмады. Міне, осы ұсыныстан кейін Трамп жоғарыда айтқан пікірін білдірген еді.

Осыдан бір жыл бұрын Иран­мен жасалған көпжақты келісімді бұзып, оның шарттарын орындаудан бас тартуға да Трампты итермелеген осындай «жанашырлар» болатын. Барлық мақсат Израильдің үлкен қарсыласы Иранды бұқтыру екенін әлемдік сарапшылардың бәрі де танып отыр. 2015 жылдың 15 шілдесінде қатарында АҚШ болған алты мемлекет (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Франция, Германия) Тегеранға жасалған санкцияларды алып тастауға айырбас ретінде Иранның ядролық бағ­дарламасын тоқтату жөніндегі келісімге Тегеранмен қол қойған. Бірақ АҚШ өкіметінің басына Д.Трамп келген 2016 жылдан бастап осы шарттан шығуды көздеген жарияланымдар қарша борап, үнемі оның сайлау ал­дындағы уәдесін еске салумен болды. Өйткені Иранның қарсы­ластарын оған жаңа санк­ция­лар жасап, экономикалық дамуын тежеу көбірек қызық­тыратын. Трамп Б.Обама емес, ол жанама қысымдарға да тө­теп бере алмай, ақыры былтыр­ғы мамыр айында шарттан бір­ жақты шықты. Сондағы мақ­саты не екенін біл­діргенде ол:­ «Біз Иранға қарсы жоғары дең­гей­дегі экономикалық санкция­лар жасаймыз» деді. Қол қоюға қатысқан барлық әріп­тес­тері бұл шешімге өзде­рінің қарсылықтарын білдірді. Бірақ сыртқы күштерден гөрі Трампқа іштегі қаржылық қуаты да, сая­си ықпалы да мықты қол­даушы­лардың жақтағаны көбірек әсер етуде. Өйткені кезекті пре­­­зи­­дент­тік сайлауға аз уақыт қана қалды. Трамп келесі сайлауда­ да жеңіп, тағы бір мерзімге пре­зидент бо­луға дәмелі екенін білдірген болатын.

Осы кезден бастап екі ел­дің­ арасында қырғиқабақ қа­­ты­­нас орнаған. Қараша айын­да АҚШ Иранға жасайтын сан­­кцияларын енгізді. Өзімен одақтас мемлекеттердің бәріне Иран мұнайын сатып алмау талабын қойды. Тек сегіз мемлекетке ғана 180 күнге жеңілдік жа­сап, биылғы мамыр айына дейін рұқсат берген. Иранның се­німді қорғаушы күші «Ислам төңкерісінің күзетшілері корпусын» (ИТКК) террористік ұйым деп жариялады.

Өз кезегінде Иран да аталған шарттың талаптарын орындаудан бас тартып, ядролық қару жасау бағдарламасын жалғастырмақ үшін байытылған уранды өн­діруге көшетінін мәлімдеді. Ал ИТКК-ні жазғырғанына жауап ретінде АҚШ әскери күштерінің Таяу Шығыс аймағына жауапты Орталық қолбасшылығын террористік ұйым деп жариялады.

Сонымен бірге Парсы шы­ғ­а­­­­нағына мұнай таситын тан­керлерді өткізетін Ормуз бұғазын жабуы мүмкін екенін ескертті. Осы бұғаз арқылы көршілес араб елдерінің бәрі экспортқа шы­ғаратын мұ­найларын тасымалдайды. Тіпт­і әлемдегі экс­портқа шы­ға­­­­тын шикі мұнайдың 30 пайызы осы бұғаз арқылы өтіп, Қытай, Жапония, Үндістан, Оң­түстік Корея және Сингапурге жетеді. Бірақ әлемдік сарапшылар АҚШ-қа өкпелеймін деп Иран басқа елдерді ренжітпейтін шығар деген байлам жасауда.

Екі елдің кикілжіңінің кесі­­рінен аймақтағы жағдай өте қиын болып отыр. АҚШ шыға­нақ­қа өзінің Abraham Lincoln авиатасығышы мен В-52 такти­калық бомбалаушыларының бір тобын және т.б. жеткізді. Аран­датушылар тарапынан бір шырпы шырт етсе, қырғын басталып кетуі мүмкін сияқты.

Алайда арандатушылық аз­дыр­маса барлық тараптар да мұн­дағы қақтығысты қа­ла­май­­тыны анық. Өйткені оның ұшқыны бар­­лық аймақты қам­титыны сөзсіз.