• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2019

Сапасыз сүт қабылданбайды

1442 рет
көрсетілді

Сиырын сауып, сүтін саудалап жан баққан ауылдағы ағайын, табыс көзінен қағылуы мүмкін. Бұлай деуге келер жылдан күшіне енетін шикі сүт қауіпсіздігінің техникалық регламенті себеп болып отыр. Осы ретте Қазақстанның сүт одағы еліміздегі ірілі-ұсақты қожалықтар мен фермалардың басын қосып семинар ұйымдастырды.

Бұл – Кеден одағы құра­мына кіретін мемлекеттерге қойылған ортақ тәртіп. Алаң­­дайтындай негіз жоқ емес. Қазақстан сүт одағының мәлі­­метінше, өңдеуге түсетін сүт­тің 50%-ы, яғни шамамен 700 мың тоннадай өнім Кеден одағының техникалық талаптарына сай болмай шықты. Сәйкесінше 2020 жылдан бас­тап өңдеуші кәсіпорындар бұл сүтті қабылдауды доғарады. БҰҰ-ның FAO ұйымы және ҚСО бірлесіп жүргізген талдау көрсеткендей, елдегі жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретін шикі сүттің тек 10%-ы ғана техникалық регла­мент­­ке жауап береді екен. Сол себеп­ті одақ мүшелері Қазақстан­ға жағдайды реттеуге уақыт берген. Алайда бұл лимит 7 ай­дан кейін тәмамдалаты­нын естен шығармаған абзал. Сондықтан да жауапты ве­домстволар «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палата­сы және басқа да салалық органдар­ды тартып, елдегі аграр­­лық құрылымдармен бірге түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатыр.

– Ресей мен Белоруссияға қа­рағанда, Қазақстанда та­уарлы сүт фермаларының саны әлі де аз. Бізде бұл бағыт ен­ді жанданып келеді. Елде өн­­ді­рілетін сүттің дені жеке қо­са­л­қы шаруашылықтар­дың үле­сінде. Жағдайды жөн­ге кел­тіруге екі жылдай уа­қыт берілді. Биыл – соңғы жыл. Сондықтан үлгеруіміз қа­жет. Техникалық регламент екі бөлімнен тұрады. Атап айт­қанда, 033-ші – бұл сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі тура­сында болса, 022-ші – өнімді таңбалауға қатысты. Жалғыз сиырына қарап, күнін көріп отырған адамдарға ай­тары­мыз, қарапайым сани­тар­лық ережелерді сақтау керек. Пластмассалық ше­лек­те сүтті сақтауға болмайды. Сүзгіден бірден өткізіп, оны салқындатқан дұрыс. Ба­р­лық нормаларды сүт қабыл­дай­­тын пункттердің мамандары түсін­діріп береді. Бұл – олар­дың міндеті. Ал ірі сүт өн­ді­ру­шілерге айтар уәжіміз жоқ. Ол жақта талап жолға қойылған, – дейді Қазақстан сүт одағы­ның атқарушы директоры Вла­димир Кожевников.

Айта кетейік, сүт өндіру­шілерге арналған семинар елорданың іргесіндегі Родина ауылында өтті. Оның өзі тегін емес. Мұнда осы сала­ның көшбасшысына айналған әйгілі «Родина» агрофирмасы орналасқан. Оның жұмысы сүтті өндіруден бастап, дайын өнімді шығаруға дейін толық циклға қойылған. Тауарлы сүт фермасындағы сауын сиырдың саны 2 мың бас­тан асады. Күнделікті са­уылатыны 1500-1800-дің аралығында. Дені голштин-фриз төлі. Тәулігіне 50 тоннадай сүт өндіріледі. Жұмысты «Елочка» сынды автоматтандырылған сауын қондырғысы жеңілдетуде. Агрофирма бас шаһар мен Ақмола өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтып келе­ді. Күн сайын шаруашылық астанаға 40-45 тонна сүт және сүт өнімдерін тасымалдайды. Серіктестіктің кәсібіне қаныққан Бүкілресейлік сүт өнеркәсібі ғылыми-зерт­теу инс­титутының өкілі, тех­ни­ка ғылымдарының докторы Ирина Макеева, егер де бар­лық қазақстандық фермерлер жұмысты тура осылай жол­ға қойса, ешбір талап олар­ға тосқауыл болмайтынын айтады. Сөз орайы келгенде айта кет­кен жөн, Ирина ха­ным жо­ға­рыдағы айтыл­ған тех­ни­калық регламенттің негі­зін қа­ла­ғандардың бірі. Мүмкін­дік­ті пайдаланып, оның бас­ты ар­тық­шылықтарын сұ­рап көрдік.

– Тұтынушы тауардың эти­кеткасына дұрыс мән беру керек. Ал тауар өндіруші тех­никалық регламентті сақ­тауы тиіс. «Оған не кіреді?» де­сеңіз, сүтті тасымалдау ере­жесі, тасымалдау кезіндегі тем­пературалық режімнің сақ­талуы, дүкен сөрелері де соған лайықтап жасалғаны артық болмас. Фермерлер және өн­дірушілер сүт саласындағы про­блемаларды шешу үшін бірігуі қажет деп есептеймін. Сонда ғана барлық талаптар мінсіз орындалады. Кеден одағының шикі сүтке қоятын тәртібі Ресейде толыққанды енгізілді. Біз қазақстандық әріп­тестерімізбен өз тәжіри­бе­мізді бөлісуге дайынбыз, – деді Ирина Макеева.

Жыл соңына дейін респуб­ли­каның барлық өңірлерінде фермерлерді оқыту көзделген. Осы мақсатта арнайы анима­ция­лық фильмдер, сол секілді әдістемелік материалдар да­йындалыпты.

– Әлбетте шаруаларды қол­дау қажет. Онсыз болмайды. Өңдеуші кәсіпорындар мен фермерлер өзара тәуелді серіктестер екенін жақсы түсі­неді. Егер де ертең шикі сүт ортақ талапқа сай болмаса, шаруашылықтар шығынға ұшы­райтыны даусыз. Көп­теген ауылды жерлерде сүт өн­дірісі басты табыс көзі болып саналады, – деп ойымен бө­ліс­ті «Зеренді сүті» фер­мер­лік шаруашылығының басшысы Әлия Таранова.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»