Ерекше атап өтерлігі, бұл – өңірдегі университеттердің ішінде ашылып отырған үшінші әскери кафедра. Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери кафедраға студенттерді қабылдау басталып та кетіпті. Бұл мақсатта университет тарапынан 2019-2020 оқу жылына үш мамандық бойынша 45 грант бөлініпті. ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген әскери кафедра Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың биылғы 11 мамырдағы №328 бұйрығы негізінде ашылғанын, алдағы уақытта грант санын ұлғайту жоспарланып отырғанын айтады. «Әскери кафедраны бітірген студенттер жоғары оқу орнын аяқтағандары туралы дипломмен қатар запастағы офицер куәлігін алады. Олар Қорғаныс министрлігінде, әскери бөлімдерде, әскери полицияда және басқа да мекемелерде жұмыс істейтін болады» деген университет басшысы жақында оқу орнының ғылыми кеңесінде кафедраға Қабанбай батыр есімін беру туралы ұсыныс түскенін жеткізді.
Әскери кафедраның ашылғанына, әсіресе студенттер ерекше қуанып жатыр. «Бұл – оқу ордамыздың 67 жылдық тарихында болмаған дүние. Осы үшін университет басшылығына осындағы барша студенттердің атынан алғысымызды білдіреміз», дейді университет студенті Марлен Әбубәкір.
ӨСКЕМЕН