Көрші ел делегациясын Хорезм облысы хокимының бірінші орынбасары Кудратбек Игамбергенов бастап келді.
«Біз өңірлік деңгейде жұмыс жасауға дайынбыз. Өзбек бизнесмендерін әріптестікке шақырамын. Қызылжар– Қазақстандағы ең құнарлы аймақтардың бірі. Бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деген сенімдемін», деген Құмар Іргебайұлы Ресейдің үш облысымен шектесетін өңірде ауыл шаруашылығы жақсы өркендеп келе жатқанын жеткізді. Жылына бес миллион тоннадан астам астық жиналады. 2017 жылға қарағанда Өзбекстанмен арадағы сауда-саттық көлемі 55 процентке ұлғайды. Көбіне бидай экспортталады. Ол жақтан мақта-мата өнімдері, жеміс-жидек әкелінеді. .
Хорезм облысы хокимының бірінші орынбасары Кудратбек Игамбергенов өзбек тарабы өзара ынтымақтастықты өрістетуге дайын екендігін жеткізді.
«Қазақстан– Өзбекстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біздің тарихымыз ортақ. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруды барынша қолдаймыз», деді Кудратбек Игамбергенов.
Оның айтуынша, аталмыш облыс Орта Азиядағы көне аймақтардың бірі. Сыртқы тауар айналымы 242 миллион АҚШ долларын құраса, оның 72 миллионы Қазақстанға тиесілі. Жылына 250 мың тонна мақта, 490 мың тонна бидай, 1 миллион тоннадан астам көкөніс өндіріледі. Үргеніш, Хиуа секілді қалалар туристік орталық саналады. Былтыр үш мыңдай қазақстандық демалып қайтқан.