Аиданың 5 жасар Қарақат деген қызы бар екен. Күйеуі жоқ. 25 күн бойы ауруханада өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан Аиданың денсаулығы қазір де бірқалыпты емес. Үш рет ота жасатқан олар енді тағы бір отаны күтуде. Әуелі жарылыс болғанда құтқарушылар Аиданы жаңылысып Тараз қалалық балалар ауруханасына жатқызыпты. Кейіннен қайтыс болған өзге қызбен оны тағы да шатастырып, қайтыс болған деп есептейді. Алайда, Аиданы сол ауруханада жұмыс істейтін Саят деген сыныптасы танып қалып, бірге оқыған қыздарға хабар береді. Содан кейін ғана Аида Төлегенова №1 Тараз қалалық ауруханасына жеткізіледі. «Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, №1 Тараз қалалық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, орынбасары Ербол Ордабеков, бөлім меңгерушісі Гамзат Мұсаев, нейрохирург Бақытжан Тұрарұлы және өзге де азаматтарға алғыс айтамын. Қызымның денсаулығына жақсы қарап, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Бұл кісілер күн, түн демей Аиданың жанында болып, денсаулығының біршама түзелуіне септігін тигізді», дейді анасы Г.Бөлегенова.
Бүгінде Тараз қалалық әкімдігі бүлінген үйді қайта қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Тиісті жұмыстар басталып та кетті. Алайда, Г.Бөлегенова қызы Аиданың ол үйге енді барғысы келмейтінін айтады. «Қаратау қаласынан кезінде «Аида» наубайханасын ашып, сол жерде жұмыс істеп жүріп осы пәтерді қызыма алып бергенмін. Өзі Тараздағы «Нұрай» балабақшасында жұмыс атқарып жүрді. Ешкімнің басына бермесін, екі жыл бұрын жалғыз ұлымнан айрылдым. Енді Аиданың жағдайы мынадай болды. Қызым қазір ол үйде тұрмақ түгілі жанынан өтуге қорқады. Менің жалғыз тілегім, сол пәтерді әкімдік өздеріне алып, бізге сондай екі бөлмелі пәтер берсе болды. Осы ойымды айтуға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына да жазылып қойдым. Бізді әкімдік қолдамаса, басқа кім қолдайды», дейді ол.
Жалғыз қызының жағдайына жаны ауырған ана күнара 100 шақырым жолды артқа тастап, такси жалдап Қаратау қаласынан келеді екен. Себебі Тараз қаласында тұратын үй жоқ. Ал Мыңбұлақ шағын ауданындағы екі бөлмелі үйінің екі бөлмесінің де едені толығымен жерге түсіп кеткен. Қысқасы, амалы таусылған ана осы жағдайды айтып Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың қабылдауына барады. Алайда, әкімнің орынбасары уәжге құлақ аспай, кері қайтарады. «Ол кісі орнынан атып тұрып «Сендерге газды жауып жүріңдер дегенмін. Газды мен жарған жоқпын. Тұрамын десеңдер, үш бөлмелі пәтер бар. Соның екі бөлмесінде біреулер тұрып жатыр. Бір бөлмесі бос. Тұрамын десеңдер тұрыңдар сонда. Екі айдан бері қайда жүрсің» деп, өзіме дүрсе қоя берді. Бір Аиданың өзіне алты адам қараймыз. Екі айдан бері мен оңып жүрген жоқпын ғой», дейді ол. Г.Бөлегенованың енді қалалық әкімдік ескі үйді өздері алып, орнына басқа пәтер берсе деген тілегі бар. Ендігі үмітті облыс әкімінен ғана күтіп отыр.
Жамбыл облысы