• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Маусым, 2019

Денешынықтыру мен спорт – маңызды мәселелер

1155 рет
көрсетілді

Халықтың саламаттылығын қамтамасыз ететін осы мәселелерге мемлекеттің қаншалықты көңіл бөліп отырғаны өткен аптаның соңында Парламент Сенатында болған Үкімет сағатында қызу талқыланды.

Соның ішінде 100 елді мекенге денешынықтыру және спорттық сауық­тыру кешендерін салу, спорттық инфра­құ­ры­лым­дардың тиімділігін арттыру және олар­дың барлық балаға қол­же­тім­ді­лігі тура­лы айтылды. 

Отырысты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашып, жүр­­гізіп отырды. Өзінің сөзінде ол Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапа­­сын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды еске салып, соған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасында денешы­нықтыру мен спорттың 2025 жылға дейінгі даму тұжырымы бекітілгенін жеткізді. Онда спортты жоғары нәтиже көрсету үшін ғана емес, жаппай айналысып, денсаулықтың жақсаруына пай­да­лану жолдары көрсетілгені атап көрсетілді.

Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов Елбасының тап­сырмаларын ведомствоның қа­лай орын­дап жатқаны туралы толым­ды мәлімет берді. Соның ішінде сала­ның нормативтік-құқықтық базасын күшейту бойынша 2018-2019 жылдары көптеген жұмыс атқарылғаны айтылды.

«Осы уақыт аралығында 23 норма­тив­тік-құқықтық акт қабылданды, «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне денешынықтыру  және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жоба­сы әзірленді», деді ол. Вице-министр өзінің сөзінде Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында 2019 жылы – 22, 2020 жылы – 37, 2021 жылы 41 дене шынықтыру және спорттық-сауықтыру кешен­дері жоспарланғанын айтты.

Үкімет сағатында көтерілген мәсе­ле­лер­ге байланысты сенатор Д.Нөкетаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Е.Қаналымов, Ұлттық Олимпиада коми­теті дирек­ция­сының директоры Е.Қанағатов және т.б. ой-пікір­лерімен бөлісті.

Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша ұсынымдар әзірленіп, ол Үкіметке жолданатын болды.