Соның ішінде 100 елді мекенге денешынықтыру және спорттық сауықтыру кешендерін салу, спорттық инфрақұрылымдардың тиімділігін арттыру және олардың барлық балаға қолжетімділігі туралы айтылды.
Отырысты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашып, жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде ол Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды еске салып, соған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасында денешынықтыру мен спорттың 2025 жылға дейінгі даму тұжырымы бекітілгенін жеткізді. Онда спортты жоғары нәтиже көрсету үшін ғана емес, жаппай айналысып, денсаулықтың жақсаруына пайдалану жолдары көрсетілгені атап көрсетілді.
Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов Елбасының тапсырмаларын ведомствоның қалай орындап жатқаны туралы толымды мәлімет берді. Соның ішінде саланың нормативтік-құқықтық базасын күшейту бойынша 2018-2019 жылдары көптеген жұмыс атқарылғаны айтылды.
«Осы уақыт аралығында 23 нормативтік-құқықтық акт қабылданды, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді», деді ол. Вице-министр өзінің сөзінде Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында 2019 жылы – 22, 2020 жылы – 37, 2021 жылы 41 дене шынықтыру және спорттық-сауықтыру кешендері жоспарланғанын айтты.
Үкімет сағатында көтерілген мәселелерге байланысты сенатор Д.Нөкетаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Е.Қаналымов, Ұлттық Олимпиада комитеті дирекциясының директоры Е.Қанағатов және т.б. ой-пікірлерімен бөлісті.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, ол Үкіметке жолданатын болды.