Слетке Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев, қаржы институттары басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының аграршылары қатысты.
Мұнда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдері, ветеринарлық техника және жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, семинар өткізіліп, онда селекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Слеттің салтанатты ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіптік кешеніне бағытталған инвестициялар еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынған инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артып отыр.
«Мал шаруашылығына тұрақты қолдаулардың арқасында облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Елбасы «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойғанын жақсы білесіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық», деді облыс әкімі.
Слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара концерттік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстармен жалғасын тапты.
Қызылорда облысы